• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Желтоқсан, 2021

Семейдегі серпіліс

367 рет
көрсетілді

Бұл сәтті әсіресе шығысқазақстандықтар ұзақ күтті. Олай деп отырғаным, еліміздің тарихи-мәдени орталығы – Семей шаһарындағы идео­ло­гиялық тұрғыда әбден ескірген 56 кө­ше­нің атауы ауыстырылады. Ең бастысы, қаланы ұзыннан-ұзақ қақ жарып жатқан Н.Морозов көшесі Әлихан Бөкейханның атымен аталатын болды. Еске сала кетсек, бұл мәселе «Egemen Qazaqstan» газетінде «Қарт қалаға қазақы қан жүгірсе...» деген тақы­рыппен жыл басында көтерілген болатын.

Жуырда Семей қалалық мәслихатының тұрақты комис­сия­сының отырысында қаладағы бірқатар көшені қайта атау тура­­­лы ұсыныс айтылып, депу­тат­тардың көбі құптайтындықтарын жеткізді. Құп­та­мағанда, 30 жыл бұрын Тәуелсіздігін алған ел идеологиялық тұрғыда ескіріп кеткен көше атауларын баяғыда ауыстыруы керек еді. Н.Морозов, Терешков, Фрунзе, Щорс, Чапаев, Красногвардейский, Герцен, 23 февраля, Георгиевская, Пархоменко, Тельман, Карл Либнехт, Гражданская секілді атау­лардың дәурені Кеңес өкі­ме­тімен бірге кетуі тиіс еді... Ештен кеш жақсы, сең қозғалды. Енді ұсынылған атауларды об­лыс­тық ономастикалық комиссия қарап, республикалық комиссия нүктесін қояды. Құжат жұмыстары жоспардағыдай болса, Әлихан Бөкейхан көшесімен жүретін күн алыс емес. Семейде Әлихан бабамыздың атында көше жоқ емес, бар. Шеткері жақ­та, жиырма-отыз үйлі көше ғана.

– Жер-су, ауыл-көше атауларын өзгерту деген өткір мәселе. Семейде 56 көшені өзгерту туралы ұсыныс енгізілді, енді жүзеге асады деп сенеміз. Әлихан Бөкей­хан­ға орталықтан көше ұсынып отырмыз. Қазақ халқы үшін құрбан болған тұлғаның есімі орталықта болуы лайық, – дейді ономастикалық жұмыс тобының мүшесі, тарихшы Амантай Исин.

Сонымен қай көшеге кімнің есімі ұсынылды? Негізгілерін тізе кетсек, Герцен көшесіне – партизан, спорт шебері Қабыш Омаровтың, Га­летто көшесіне – көрнекті ғалым, әдебиет­танушы Рымғали Нұр­ғалидің, Пархоменко көше­сіне – Халық Қа­һар­маны Сағадат Нұрмағамбетовтің, Авто­дорож­ная көшесіне – жазушы Әди Шәрі­повтің, Титов көшесіне – жазу­шы Кәмен Ора­залиннің, Энгельс­ көшесіне – мемлекет қай­рат­­кері Смағұл Сәдуақасовтың, Фур­манов көшесіне – драматург Жұмат Шаниннің, Карл Либкнехт көше­сіне – Желтоқсан көтерілісінің құр­ба­ны Сәбира Мұхамеджанованың, Менжинский кө­шесіне – диктор, халық әртісі Әнуарбек Бай­жанбаевтың, Пржевальский көшесіне Кеңес Ода­­ғының Батыры Рақымжан Қошқар­баев­тың есімдері берілмек.

Алайда комиссия отырысына қатыс­қандардың бірқатары кейбір көше­лер­дің атауын ауыс­тыру негізсіз дегенді алға тартты. Мәселен, қазақ даласын зерттеген Николай Пржевальскийдің атын қалдырып, Рақымжан Қошқарбаев есімі басқа көшеге берілсе деседі. Дейтұрғанмен, Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Әйгерім Байжұманованың айтуынша, Р.Қошқарбаевтың атын беру туралы ұсыныстың өзі Пржевальский көшесінің тұрғындарынан түскен екен.

Айта кетерлігі, комиссия отырысы өткен соң «Egemen Qazaqstan» редакциясына арнайы хабарласып, қаланың іргетасының қалануына мұрын­дық болған тұлғалардың да есімдері ұмыт қалмауы тиіс деп ұсыныс-пікір білдірген азаматтар болды.

– Семейдің Семей болып қалып­та­суына Әбілпейіз сұлтан үлкен еңбек сіңірген еді. Шығыста тұң­ғыш мешіт салған. Сондай-ақ Шығыстағы және Оң­түс­тік­тегі қазақтарға Шығыстан сауда-айырбас орнын ашсақ деп орталыққа ашық хат жазған екен. Олардың рұқсатын күтпестен 1750 жылдары қазіргі Жаңа Семейдегі Океан шағын ауданынан айырбас сауда үйін ашыпты, – дейді тарихшы, археолог Айдос Жүнісханов.

Тарихи деректерге зер салсақ, Әбілпейіз жастайынан қазақ қоғамында саяси-әлеу­меттік, экономикалық ба­ғыттағы жауапты тапсырмалар орын­да­ған екен. Абылайдың көмекшісі, әскери серігі болыпты. Атағы 1757 жылы қалмақтарға қарсы соғыста, қы­тай­лармен Тарбағатай, Алтай тау­­лары үшін күреске қатысқанда шы­ғып­ты. Кейіннен Ресейге, Қытайға елші жіберіп, көрші елдермен сауданы нығайтуға тырысқан. Орта жүз қазақ­тарына сауда жасауға рұқсат бе­руге қатысты құжаттарда Аягөз, Көк­­жол, Жанғыздан Шаған өзен­дері бойымен көшкен қазақ жұрты Троицк бекінісінен алыс­та болғандықтан, най­мандар, үйсіндер және Үлкен орда Троицк бекінісінде сауда жасай ал­мағандықтан, Семей бекінісінде сау­да жасауы қажеттігін айтыпты. Се­мей­дегі сауда-сат­тық­тың дамуына сонау ға­сырда үлес қосып кеткен Әбілпейіз сұлтан 1783 жылы қайтыс болып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген екен. Демек ал­да­ғы уақытта ономастика комиссиясының мүшелері Әбілпейіз сұлтанның есімін де ескерусіз қалдырмаса екен дейміз.

Мән-мағынасы ескірген көше атау­ларын өз­гер­ту­ден бөлек Суық бас­тау шағын ауданындағы атаусыз 7 көшеге Суық бұлақ, Өрнек, Шұғыла, Таң­шол­пан сияқты атаулар берілмек. Көп жылдан бері қолға алынбаған бұл игі бастама жалғасын та­уып жатса, Семей әлі-ақ тарихи-мәдени қалаға айналары анық.