Қазақстаның Тұңғыш Президенті − Елбасы кітапханасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Суретшілер одағының мүшесі Нұржан Қарымсақовтың «Ұлы дала перзенті» атты жеке көрмесі ашылды.
Көрмеге қылқалам шеберінің монументалды кескіндеме жанрындағы 20 үздік жұмысы қойылды.
Мәдени шараның ашылуында Елбасы кітапханасы Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің басшысы Күләйша Ақтаева «Тәуелсіздіктің мәдени негізі» жобасы аясында өткен көрменің Қазақстанның Тұңғыш Президент күні мен Азаттығымыздың 30 жылдығына орай ұйымдастырылғанын атап өтті.
− Нұржан Жасабекұлының туындылары арасындағы ең танымалы – «Ел тұтқа» картинасы, ондағы түрлі-түсті паннода еліміздің 117 көрнекті тұлғасын көркем бейнелеп, халқымыздың тарихи кезеңдерін айшықты көрсете білген,−деді ол.
Шынында да суретшінің шығармашылығында ұлт тарихы ерекше орын алады, әсіресе ол ел аумағында болған тарихи кезеңдерді тұтас көрсетуге ұмтылған. Оны автордың композициялық құрылымы мен біртұтас сюжеттік серияларды құру қабілетінен байқайсыз.
Көрме барысында Қазақстанның Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев суретші еңбектері туралы парасатты ой айта келіп: «Біз – тамыры терең ержүрек халықпыз. Сондықтан да көне шежіреміз бен тарихымызға есімі алтын әріппен жазылған батырларды бедерлеген қылқалам шеберінің жұмыстарына риза боламын. Оның туындыларында ұлтымыздың болмысы, мәдениеті мен философиясы тұнып тұр» деп жылы лебізін білдірді.
Іс-шара соңында көрме иесі өз шығармашылығындағы жаңаша ізденістеріне тоқталып, жиналған қауымға ризашылығын жеткізді.