«Конфессияаралық келісім – Қазақстан Тәуелсіздігінің негізі». Еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Конфессияаралық және өркениетаралық үнқатысуды дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының алаңында өткен халықаралық конференция осылай аталады.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған конференцияға қатысушылар Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы конфессияаралық келісім, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту, әлемдегі дінаралық диалогты ілгерілету саласындағы жетістіктерін сөз етті. Басқосу барысында мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі ретінде жаһандық дінаралық диалогты одан әрі дамытуға күш салу мәселелері де талқыланды.
Іс-шараны ашқан Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының басқарма төрағасы Болат Сәрсенбаев осы саладағы жетістіктерге тоқталды. «Біз Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясаты мен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың сындарлы стратегиялық бағытының арқасында түрлі конфессиялар мен діндердің өкілдері үйлесім мен өзара сыйластықта өмір сүретін бірегей мемлекет құрдық. Бұл сөзімізге жиырма жыл бойы өңірлік және жаһандық тұрақтылықты нығайтуға елеулі үлес қосып келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының жоғары рухани съезін өткізуде Қазақстанның тәжірибесі көрнекі мысал бола алады», деп атап өтті Б.Сәрсенбаев.
Құттықтау сөзінде қастерлі Тәуелсіздік туралы әрбір пікірдің қашанда құнды әрі қадірлі екенін айтқан Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев: «Қазақстан тәуелсіздігінің тарихы беттерін парақтар болсақ, ел дамуының негізгі саяси ұстанымы бірлік пен татулық екенін көреміз. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі өткізіліп отырған іс-шараның маңызы зор», деді.
«Уақыттың ұлы көшіне ілесіп, іргелі ел болу жолында ата-бабаларымыз өзінің тұтастығын халық бірлігі мен берекесін көзінің қарашығындай сақтай білген. Ғасырлар тоғысып, заман алмасқан тұста да қазақ халқы алауыздыққа жол бермей, қай ұлтқа болсын құшағын айқара ашып, жомарттық танытқан текті халық. Қазақстан бірнеше дін өкілінің еңбексүйгіш болмысын насихаттау арқылы барлығымыздың ортақ аяулы Отанымызға айналды», деген С.Егізбаев бұл тұрғыда тәуелсіздік жылдары ел тұтастығын, береке-бірлігі мен татулығын алға қойып, ел азаматтарының нәсілге, дінге бөлмей текті өмір сүру ұстанымын нық қалыптастырған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың орасан еңбегін ерекше атап өтті.
Басқосуда саяси ғылымдар академиясының академигі, профессор Қуаныш Сұлтанов Тәуелсіздігіміздің асыл тұғырларының бірі – конфессияаралық, дінаралық келісім екенін атап өтті. «Конфессияаралық, дінаралық келісім – қоғамдық келісімнің ең үлкен әрі ықпалды арнасы. Бұл ұғым тікелей адам құқығы, заңдық кеңістікпен де тікелей байланысты. Бұл маңызды салалардың барлығы да ортақ мүддеге жұмылады. Ортақ мүддеміз – еліміздің тыныштығы, бейбіт өмір жасампаздығы, әр адамның оқу, еңбекке еркін араласып, өз тұрмысын, әлеуетін жақсартып, қоғамда өзіне лайық орынға ие болуы», деді Қ.Сұлтанов. «Діннің ең жоғарғы миссиясы – сенім» деген Қ.Сұлтанов дінаралық келісімнің, сөз жоқ, алдағы уақытта да ел ынтымағының басты кепілінің бірі болып қалатынын айтты.
Ал Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан еліміздің егемендігінің алғашқы сәттерінен бастап-ақ жаһандық дінаралық диалогты дамытуға күш салып келе жатқанына басымдық берді. Депутат Елбасы Н.Назарбаевтың даналық саясатының арқасында бүкіл әлемге танымал «Қазақстандық жол» деп аталатын мемлекетімізде ұлтаралық және дінаралық келісімнің өзіндік бірегей моделі құрылғанын айтты. «Қазақстандағы этностардың бейбітшілік пен келісім кеңістігінде өмір сүруі – біздің басты байлығымыз. Ықылым заманнан бері қазақ халқы өзінің жеріне көшіп келген әрбір адамды жан жылулығымен, мейірімді алақанымен қарсы алғаны көпке аян», деді.
Сөзін «Тәуелсіздік – Алланың берген сыйы мен нығметі» деп бастаған Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Өтпенов егемендігімізді баянды ету әрбір азаматтың асыл борышы екеніне назар аудартты. «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өзінің уағыз насихат жұмыстарында жамағатты әр кез тек ел игілігі үшін еңбек етіп, тәуелсіздігімізді қадірлеуге шақырып келеді. Әрбір ата-ана өз ұрпағын тәуелсіздікті қастерлеуге үйретіп, тәлім-тәрбие беруде белсенді болуға тиіс. Мектеп мұғалімдері де оқушыларды отаншыл болуға баулып, болашақ маман иелеріне ізгілік пен адамгершіліктің негізінде білім бергені абзал. Біз баршамыз жастардың санасына «Мен елімнің ертеңі үшін қандай үлес қоса аламын?» деген ойларды сіңіріп, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін барынша түсіндіруіміз қажет», деді Бас мүфти.
Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі алқалы жиынның тәу етер тәуелсіздігіміздің ордалы отыз жылдығы қарсаңында өтуінің символдық маңызына тоқталды. Тілі бөлек болғанымен тірлігі бір, діні басқа болғанымен тілегі бір діни өкілдердің ел егемендігіне қосқан үлесін атап өткен Д.Қыдырәлі ел газетіне жарияланған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында айтылған маңызды мәселелерге тағы бір шолу жасап өтті.
Конференцияда сөз тізгінін алған Қаскелең Епископі, Астана епархиясының викарийі Геннадий, Нұр-Сұлтан қаласындағы Әулие Мария Рим-Котолик Архиепархиясының архиепископы Т.Пэта, Халықаралық Мәдениет арқылы бейбітшілік» ассоциациясының президенті Т.Мұхамеджанов, Kazakh TV халықаралық спутниктік телеарнасының бас директоры, ҚХА Төрағасының орынбасары М.Бекбаева, Нұр-Сұлтан қаласындағы Бас Раввин Ш.Карнаух, Қазақстандағы Испания Корольдігі миссиясы басшысының орынбасары М.Фран Руис, Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі М.Фриберг-Стори, Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы елшісі Моника Иверсен, сондай-ақ ғылыми-сарапшылық қоғамдастық, шетелдік дипломатиялық өкілдіктер, Қазақстандағы халықаралық ұйымдар өкілдерінің барлығы тарихи қысқа мерзім ішінде еліміздің барлық салада дерлік зор табысқа қол жеткізгенін атап өтті.
Халықаралық сарапшылар Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына, түрлі конфессиялар арасында бейбітшілік пен келісімнің тиімді моделін құруға, бірегей диалог алаңы – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін ұйымдастырудағы айрықша рөлі мен үлес қосуына ерекше назар аударды. Іс-шара соңында конференцияға қатысушылар бірауыздан қазақстандықтарды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, одан әрі өркендеу, Қазақстан халқына бейбітшілік пен келісім тіледі.