Шымкент қаласының индустриялық аймақтары өнеркәсіп саласының дамуына серпін беруде. Қазіргі таңда төрт өндірістік аймақта 8 мыңнан астам жұмыс орны мен 118 кәсіпорын ашылған. Жыл басынан бергі он айда 500-ден астам жұмыс орны мен жаңа 10 кәсіпорын іске қосылды. Одан бөлек, қосымша 2 индустриалды аймақ ашу жұмыстары басталды. Нәтижесінде, алдағы 5 жылда өнеркәсіп өнім көлемін 700 млрд теңгеден 960 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған.
Үшінші мегаполисте өндірілген өнімдердің сапасы жоғары бағаланып, сұранысқа ие болуда. Мысалы, күні кеше Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен 2021 жылғы «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының жеңімпаздары арасында шымкенттік компаниялар да бар. Осы арада айта кетелік, бұған дейінгі байқауларда Шымкент қаласындағы 7 компания «Алтын сапа» сыйлығын алған болатын. Биыл мегаполистен байқауға қатысуға 11 компания өтініш білдірді. Президенттің «Алтын сапа» арнайы сыйлығын Шымкент қаласынан «ЭкоФарм Интернейшнл» ЖШС алды. Медицина бұйымдарын шығаратын кәсіпорын «Халық үшін тауарлар шығаратын үздік кәсіпорындар» номинациясының жеңімпазы атанды. Бұл – мегаполистегі тұтынушыға сапалы өнім ұсына алатын серіктестіктердің бірі. Кәсіпорын жылына 140 млн дана медициналық бұйымдар шығаруға қауқарлы. Оның ішінде жылына 60 млн дана бір реттік стерильді вакуумдық пробиркалар, 40 млн данадан астам медициналық бір реттік стерильді екіжақты инелер және 40 млн дана ине ұстағыштар бар. Компания алдағы уақытта өнімдерін Ресей, Украина мен Өзбекстан нарығына шығаруды көздеп отыр. Сондай-ақ аталған шара барысында «Ұлы дала елі» сыйлығын Шымкент қаласындағы жиһаз шығаратын «Mega Smart» ЖШС алды. Ал «Ару Ана» гран-приін Шымкент қаласы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Архабаева иеленді.
Сапалы өнімі жоғары бағаланған кәсіпорындар өзге әріптестері мен бәсекелестеріне үлгі болары анық. Бұл орайда Шымкентте өнеркәсіп саласында 718 кәсіпорын белсенді жұмыс істеп жатқанын, оның ішінде 605 өңдеу өнеркәсібінің үлесінде екенін айта кетелік. Өнеркәсіп өнімінің көлемі биыл 10 айда 632,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,7 пайызға артты. Бұл көрсеткіш бойынша Шымкент қаласы республикада 6-орында. Жыл соңына дейін өнеркәсіп өнімінің көлемі 750 млрд теңге болады деп күтілуде. Өңдеу өнеркәсібінде 551,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 5,3 пайызға өскен. Бұл көрсеткіш бойынша Шымкент қаласы 9-орында. Өңдеу өнеркәсібі саласында 22 мыңнан астам адам жұмыс істеуде. Он айда қалыптасқан жағдай және өңдеу өнеркәсібінің салаларына жасалынған талдау нәтижесі негізгі салаларда тұрақты өсу динамикасы қалыптасқанын көрсетіп отыр. Атап айтқанда, мұнай өңдеу өнімдерін өндіруде – 7%, машина жасауда – 60%, фармацевтика өнеркәсібінде – 3%, жеңіл өнеркәсіпте – 2%, сусындар өндіруде – 11%, дайын металл бұйымдарын өндіруде – 27%, химия өнеркәсібінде – 32%, жиһаз өндіруде 25 пайызға өнім көлемі артқан. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қалалық мәслихат депутаттары алдында берген есебінде биылғы 10 айда барлық салада оң даму динамикасы сақталғанын жеткізді.
«Өнеркәсіп өнім көлемінің индексі – 6,7%-ға, ауыл шаруашылығы – 1,2%-ға, инвестиция көлемі – 41,2%-ға, құрылыс жұмыстары – 11,8%-ға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер алаңы – 23,7%-ға, бөлшек сауда көлемі 9,6%-ға артты. Бұл статистикалық деректердің артында қаланың тыныс-тіршілігіне арналған үлкен жұмыс, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған ауқымды істер бар. Әрбір бастамамыздың игілігін халық сезінуі қажет. Осы мақсатта қаланың бес жылдық даму жоспары қабылданды, ол жүйелі түрде іске асырылуда», деді қала әкімі.
Ауыл шаруашылығында 29 мың гектар жерге егістік егіліп, 85 мың тонна өнім жиналды. Шаруаларды қолдауда 133 кәсіпкерге 2,6 млрд теңгеге субсидия бөлінген. Сонымен бірге 7,6 млрд теңгеге 17 жоба іске асып, 200-ден астам жұмыс орны ашылды. Ал қалаға тартылған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41,2 пайызға артып, 325 млрд теңгеден асты. Мегаполис мәртебесін алған уақыттан бері қала бюджетінің көлемі 4 есеге артты. Жыл басында бекітілген бюджет 388 млрд теңге болса, қазір 491 млрд теңгеге жетті немесе бір жылдың ішінде қала бюджеті 103 млрд теңгеге ұлғайды. Бюджеттің 45 пайызы әлеуметтік салаға бағытталса, 25 пайызы даму жобаларын құрайды. Бұл көрсеткіштерден бөлек қалада білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, жұмыспен қамту секілді басқа салаларда да жетістіктер бар.