• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Желтоқсан, 2021

Басымыздағы бақты бағалай білейік

370 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында тәуелсіздік жолындағы қиын қыстау кезеңдерді айрықша тебіреніспен баяндап, ой толғаған. Елбасы мақаласы егемендігіміздің өткен тарихына қайта үңіліп шығуға және оның әрбір жылындағы жалынды істерді саралауға жетелейді.

Шындығында, Тәуелсіздіктің арқа­сында Қазақ елі барымен қайта табысып, тілін тірілтті, дінін қайтарып, тарихын түгендеді. Елбасы Н.Назарбаев атап өткендей, Тәуелсіздікті жариялау бір басқа болса, оны ұстап тұру, мығым ету одан да күрделі, бұрынғыдан да қиын мәселе болғаны анық. Елбасы өз мақаласында айтқандай «Тәуелсіз­дігі­мізді жариялағанда біздің өз валю­та­мыз да жоқ еді. Әлемдік қаржы нары­ғын мұқият зерттей келіп, ұлттық тең­ге­­мізді де дер кезінде айналымға ен­гіз­­дік». Расында, Одақ ыдырағаннан ке­йін Қазақстанға тиген басты мұра жүйелі дағдарыс болды. Біздің еншіміз­ге бәсе­кеге қабілетсіз экономика, басқару­дың ескілікті жүйесі және қол-аяғы құр­саулы мемлекеттік аппарат тиді. Бұл біз бастан өткерген алғашқы ең ауыр да созылмалы дағдарыс болды. Сол кезде біз, қиыншылықтарға төтеп бе­ріп қана қоймай, сонымен бірге, макро­экономикалық тұрақтылықты қам­та­­масыз етіп, ұзақ мерзімді страте­гия­­лық мақсаттар, бетбұрыстық сипат­тағы реформалар жүргіздік. Біздің мем­лекет Тәуелсіздіктің 30 жылында эконо­микалық, әлеуметтік қуатты реформаларды жедел де тиімді іске қосқан ел атанды. Біз, бұл жетістігімізге ұлт пен ұлыстың татулығы, демократияның берік негіздері мен отандастарымыздың жанқиярлық еңбегі арқасында қол жеткіздік.

Шын мәнінде, тәуелсіздікке қол жет­кізген сәттен бастап, аса маңызды тарихи шешімдер қабылданды. Олардың бірі еліміздің атом қаруынан өз еркімен бас тартуы болды. Бұл әлем тарихындағы ма­ңызды шешімдердің бірі еді. Осы­лайша біздің ел бейбітшілік ордасына айналды.

Елбасымыз Тәуелсіздік жолында аянбай тер төгіп, тәуелсіздігімізді тұғыр­­лы етіп, елімізді одан әрі өркендету жолын­да ел бірлігі мен келешегі үшін қыз­мет етуде. Тәуелсіз­дікке қол жеткіз­ген соң, біз өз шекарамызды нық ше­ген­деп, алпауыт елдермен қарым-қаты­насты бастадық.

Елбасы өз мақаласында осы қиын кезеңдерде қабылданған шешімдер мен бастамаларға ерекше тоқталған. Сондай бастамалардың бірі «Болашақ» бағдарламасы болды. Жаһандық аренада бәсекегеге қабілетті, кәсіпқой маман­дарды даярлау мақсатында «Бола­шақ­пен» оқытқан студенттеріміз қазіргі кезде еліне аянбай қызмет етіп, өз білім­дерін халықаралық дәрежеде көрсетуде.

Қайсар халқымыз бен кемеңгер Елбасымыздың арқасында аз уақытта терезесі әлемнің алпауыт елдерімен тең мемлекетке айналдық.

Қазіргі заман білімділердің заманы. Келешек ұрпақ ата-бабалары білектің күшімен сақтап қалған жерін қаламның ұшымен, өткір білімімен көркейтуі қажет.

Сонымен қатар өз мақаласында Елбасы, «Ең бастысы – еліміз аман, ұр­па­ғы­мыз азат. Біз алақанға салып өсір­ген сол азат ұрпақ ендігі жерде «Мен Қазақстаныма не беремін?» дегенді ойлауы керек», деді.

Расында қазіргі ашық аспан мен тәуелсіз өмір оңай жолмен келген жоқ. Енді, осы Тәуелсіздігімізді нығайту мақ­­сатында аянбай еңбек етіп, өскелең ұр­пақ­қа үлгі болу біздің міндет. Елбасы­мыз­дың мақаласы, халқымызға өнеге, келешек ұрпаққа тарих болары сөзсіз.

Мемлекетіміздің мызғымастығы мен, Тәуелсіздігіміздің тұғырын өз қал­­­пын­да ұстап, көк туымыздың жел­бі­­реуіне атсалысып, басқа қонған бақты бағалай білу әр азаматтың міндеті.

Ел­ба­сы­мыздың кемел саясаты қашан да жалғасын тауып, халқымыз­ды жар­қын болашаққа жетелейтіні сөзсіз. Егемен елдің еңсесі биік, азат елдің аспаны ашық болсын!

 

Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ,

Сенат депутаты, 

Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің хатшысы