• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Желтоқсан, 2021

Шымкент – бейбітшілік, достық пен келісім мекені

631 рет
көрсетілді

Тәуелсіздіктің толайым табыстарында мемлекет құраушы қазақ халқымен бірге осы елді Отаным деп білген сан түрлі этнос өкілдерінің үлесі бар. Біз бірігіп байтағымызды береке мен бірліктің алтын ұясына айналдырдық. Егемендік жылдары конституциялық мәртебеге ие болған Ассамблея – қоғам­дық келісім мен руханият құнды­лық­тарының қайнар көзі, мәдени әралуан­дықтың мінбері, құқықтық тәрбиенің алаңы болып бекіді.

Тоқсаныншы жылдары ел тұрғын­дары бірқатар әлеуметтік-экономикалық қиындықты бастан өткерді. Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өткен кезде ірі кәсіпорындардың жұ­мы­сын тоқтатуы, жалақының айлар бойы төленбеуі, тұрмыс жағдайының төмендеуі, жаппай жұмыссыздық сынды проблемалар ел аумағында тұратын сан алуан ұлт өкілдерінің санасына айрықша әсер етті. Біразы тарихи Отанына қоныс аударды. Ал болашағын егемен елмен бекем байланыстырған этнос өкілдері бүгінде бізбен бірге бақытты ғұмыр кешіп келеді.

Саясат сахнасындағы жас мемле­кет­тің егемен ел ретінде қалыптасып, өсіп-өркендеуіне және ішкі бірлікті бекем­деуіне барша ел азаматтары айрық­ша үлес қосты. Бұл туралы Елбасы: «Тәуел­сіздік пен азаттық бекерден-бекер емес, алдыңғы ұрпақтардың қанымен, көз жасымен келді. Енді осыны қорғап қалу үшін жеріміздің бүтіндігін, еліміздің ынтымағын сақтауға әр азамат, әр қа­зақ дайын тұруы қажет. Онсыз біз ел болып іргеміз көтерілмейді», деді. Уақыт өте бұл сөз шындыққа айналды. Қазақ­стан­ның тұрақтылығына, елдің дамуы мен әл-ауқаттың жақсаруына тұр­ғын­дар­дың тікелей жауапты екендігін қоғам мүше­лерінің басым бөлігі сезінді.

Ішкі тұрақтылық пен қоғамды топ­тастыру бағытында біз шын мәнінде бірлік пен татулықтың озық үлгісін көр­сет­тік. 1995 жылы Қазақстан Респуб­лика­сының Тұңғыш Президенті Нұрсұл­тан Назар­баевтың бастамасымен құ­рыл­ған Қазақ­стан халқы Ассамблеясы бүгін­де ел аумағындағы барша этнос өкіл­дерін бір шаңырақ астына бірік­тір­ген берекелі бірлік институтына айналды.

Ел тұрғындары – бірлік, келісім және өркендеу туралы асыл мұраттарды қалыптастыруға тікелей өзі жауапты екендігін түсінді. Тәуелсіздіктің тәтті дәмі баршамызды ел игілігі жолында жұмыла жұмыс істеуге үйретті.

2018 жылы Шымкентті ел аумағын­дағы ірі қалалар қатарына қосу туралы Мемлекет басшысының тари­хи Жарлығы шығып, миллионды қала ретінде дамудың даңғыл жолына түсті. Жаңа мәртебе берілгеннен кейін қаланың өнеркәсіп өнім көлемі 2018 жылы 492 млрд теңгеден 2020 жылы 670 млрд. тең­­геге асты.

Тәуелсіздік жылдары қалаға салынған инвестиция көлемі 2,6 трлн теңгеге жетсе, соның тең жартысы немесе 1,3 трлн теңгесі республикалық деңгейдегі қала атанғаннан кейін тартылды. Тәуелсіз­дік жылдарында Шымкентте 6,5 млн шаршы метр тұрғын үй салынса, оның 2 млн шаршы метрден астамы соңғы үш жылда пайдалануға берілді. Биыл жыл соңына дейін алғаш рет 1 млн шаршы метр баспана тапсырылады.

Бүгінде 1,1 млн-нан астам тұрғыны бар үшінші мегаполис халқының үш­тен бірін басқа этнос өкілдері құрайды. Қоғамдық келі­сім мен жалпыұлттық бірлік саласын­дағы мемлекеттік саясат аясында қала­лық ассамблея маңайына топтасқан 17 этномәдени бірлестік ел игілігі жо­лын­дағы байсалды бастамалар мен бір­лікті бекемдеуге атсалысып, қала аума­ғында жүйелі жұмыстарды жұмыла атқаруда. Ал Ассамблея жанындағы Қо­ғам­дық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, Медиация кабинеті, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы сынды қоғамдық құрылымдар қашанда ырысты ынтымақ жолын жалғап, татулықты тұғырынан түсірмеуге сүбелі үлес қосуда.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жұ­мыс істеген 26 жыл ішінде:

- қазақстандық бірегейлік пен аза­мат­тық негізінде этностардың топтасуы мен ықпалдасуы қамтамасыз етілді;

- халықаралық стандарттарға сәй­кес қазақ­стандық этностардың тілдерін, дәстүрлерін, мәдениеттерін дамыту үшін жағдай жасалды;

- мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілі­нің біріктіруші рөлін тану қамтамасыз етілді;

- Қазақстан этностары тарапынан этносаралық қатынастарды деполитизациялау қамтамасыз етілді;

– Қазақстан этностарына сыртқы ықпал ету факторының және олардың сыртқы саяси күштер мүдделерінің жолсерігіне айналуының алдын алды.

Ассамблея мүшелерінің атсалы­суымен «Алғыс айту күні», «Наурыз», «Қазақстан халқының бірлігі күні», «Офа­рин», «Сабантой» және этнос­тар­дың тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күндері дәстүрлі аталып өтуде.

Аналар кеңесі білім мекемелерінде 80-нен астам іс-шара өткізіп, «Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы», «Қыз – елдің көркі», «Ақ орамал», «Қазақтану» сынды жобаларды іске асырды. Жалпы, Ас­самблеяның медиативтік алаңдарында 53 даулы мәселе қаралып, шешімін тапты. Қалалық Ассамблея жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы 16 бастама көтеріп, оны мақсатты іске асырды. Қазақстан халқы Ассамблея­сының «30 игі іс» жобасы аясында этнос кәсіпкерлерінің қолдауымен қалалық Ассамблея тарапынан 41,5 млн теңге­нің қайырымдылық көмегі үйлестіріл­ді. Бұдан бөлек Риддерде тілсіз жау­дың сал­дарынан қиындыққа тап болған отан­дастарымызға Ассамблея мүшелері 12 млн. теңгенің гуманитарлық көмегін жөнелтті.

Ересек этнос өкілдерінің мемлекет­тік тілді меңгеруге деген құлшынысын қолдау мақсатында «Тілтаным» жо­ба­сын қолға алынды. Жергілікті теле­ар­на­ның қолдауымен «Бірлігі бекем ел» теле­бағдарламасы әзірленіп, оның әр шыға­рылымы этностардың Қазақстан қоғамына кірігуі мен қоғамдық келісімді сақтау бағытында қала аумағында ат­қа­рылған жұмыстарға арналуда. Ал жас буынның мемлекеттік тілге деген қызы­ғушылығын қолдау және қазақ тілін этностар арасында ілгерілету мақ­­сатында «Мың жүйрік» жобасы іске асты. Оған ел аумағынан 5-12 жас ара­лы­ғындағы 300-ден аса жасөспірім қатысып, өздерінің мемлекеттік тілді же­тік меңгергенін дәлелдеді.

Бұл қалалық Ассамблея атқарған жұмыстардың бір бөлігі ғана. Алда Мемлекет басшысы, ҚХА Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесінде бер­ген тапсырмаларын іске асыру бағы­тында мақсатты жұмыс істеп, жалпы­ұлттық бірлікті нығайтуға айрықша басымдық береміз. Аналар кеңесінің қызметін жандандырып, «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Қазақтану», «Мың бала» сынды жобаларды іске асырамыз.

Биыл қыркүйекте қаладағы Қазақ­стан халқы Ассамблеясы ғимараты Түркістан облысынан Шымкент қала­сының теңгеріміне өтті. Аталған ғима­рат қалалық Ассамблеяның қызметін қамта­масыз ететін құрылымдарға бе­рілді. Ендігі мақсат – еңселі нысанды ашық диалог алаңына айналдыру. Онда мәдени-көпшілік іс-шаралармен қатар, тілдерді оқыту кабинеті, Достық музейі және коворкинг орталығын ашу көзделіп отыр. Медиация кабинетін заман талабына сай жаңғыртып, қоғамдық медиаторлардың білім-білігін арттыруға назар аударамыз.

Этномәдени бірлестіктер жанындағы шығармашылық топтардың күнделікті дайындық жасауына жағдай жасап, келер жылдан бастап қалада қалыптасқан этносаралық ахуалға тоқсан сайын ке­шенді мониторинг жүргіземіз. Бір сөзбен айтқанда, ішкі бірлікті бекемдеп, тірлік­ті түзеуге қатысты кез келген ұсыныс-­пі­кірді тыңдап-талқылауға Ассамблея алаңы әрдайым ашық болады.

Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл. Тату­лықты ту етіп, ырысты ынтымақ жолын ұстанған еліміз осы мерзімде бірталай белесті бағындырды. «Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады» деген халық даналығында айтыл­ғандай, артта қалған отыз жыл жү­ріп өткен жолымыздың дұрыстығын дәлелдеді. Өз кезегінде елімізде бірлік пен татулықтың сақталуына шырайлы Шымкент қаласы тұрғындарының қосып отырған лайықты үлесі бар.

Бағындырған белестеріміз бен жет­кен жетістіктеріміз – ауызбіршілік пен шы­найы түсіністіктің жемісі. Ен­деше, берекелі бірлік жолын жалғап, тұрақ­тылықты тәуелсіздігіміздің басты тұғы­рына айналдыру – біздің буынға жүк­теліп отырған міндет. Өз кезегінде кез кел­ген қоғам мүшесі осы мерейлі мін­детті іске асырудан шет қалмауға тиіс.

 

Мұрат ӘЙТЕНОВ,

Шымкент қаласының әкімі,

қалалық ҚХА төрағасы