Тәуелсіздіктің толайым табыстарында мемлекет құраушы қазақ халқымен бірге осы елді Отаным деп білген сан түрлі этнос өкілдерінің үлесі бар. Біз бірігіп байтағымызды береке мен бірліктің алтын ұясына айналдырдық. Егемендік жылдары конституциялық мәртебеге ие болған Ассамблея – қоғамдық келісім мен руханият құндылықтарының қайнар көзі, мәдени әралуандықтың мінбері, құқықтық тәрбиенің алаңы болып бекіді.
Тоқсаныншы жылдары ел тұрғындары бірқатар әлеуметтік-экономикалық қиындықты бастан өткерді. Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өткен кезде ірі кәсіпорындардың жұмысын тоқтатуы, жалақының айлар бойы төленбеуі, тұрмыс жағдайының төмендеуі, жаппай жұмыссыздық сынды проблемалар ел аумағында тұратын сан алуан ұлт өкілдерінің санасына айрықша әсер етті. Біразы тарихи Отанына қоныс аударды. Ал болашағын егемен елмен бекем байланыстырған этнос өкілдері бүгінде бізбен бірге бақытты ғұмыр кешіп келеді.
Саясат сахнасындағы жас мемлекеттің егемен ел ретінде қалыптасып, өсіп-өркендеуіне және ішкі бірлікті бекемдеуіне барша ел азаматтары айрықша үлес қосты. Бұл туралы Елбасы: «Тәуелсіздік пен азаттық бекерден-бекер емес, алдыңғы ұрпақтардың қанымен, көз жасымен келді. Енді осыны қорғап қалу үшін жеріміздің бүтіндігін, еліміздің ынтымағын сақтауға әр азамат, әр қазақ дайын тұруы қажет. Онсыз біз ел болып іргеміз көтерілмейді», деді. Уақыт өте бұл сөз шындыққа айналды. Қазақстанның тұрақтылығына, елдің дамуы мен әл-ауқаттың жақсаруына тұрғындардың тікелей жауапты екендігін қоғам мүшелерінің басым бөлігі сезінді.
Ішкі тұрақтылық пен қоғамды топтастыру бағытында біз шын мәнінде бірлік пен татулықтың озық үлгісін көрсеттік. 1995 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде ел аумағындағы барша этнос өкілдерін бір шаңырақ астына біріктірген берекелі бірлік институтына айналды.
Ел тұрғындары – бірлік, келісім және өркендеу туралы асыл мұраттарды қалыптастыруға тікелей өзі жауапты екендігін түсінді. Тәуелсіздіктің тәтті дәмі баршамызды ел игілігі жолында жұмыла жұмыс істеуге үйретті.
2018 жылы Шымкентті ел аумағындағы ірі қалалар қатарына қосу туралы Мемлекет басшысының тарихи Жарлығы шығып, миллионды қала ретінде дамудың даңғыл жолына түсті. Жаңа мәртебе берілгеннен кейін қаланың өнеркәсіп өнім көлемі 2018 жылы 492 млрд теңгеден 2020 жылы 670 млрд. теңгеге асты.
Тәуелсіздік жылдары қалаға салынған инвестиция көлемі 2,6 трлн теңгеге жетсе, соның тең жартысы немесе 1,3 трлн теңгесі республикалық деңгейдегі қала атанғаннан кейін тартылды. Тәуелсіздік жылдарында Шымкентте 6,5 млн шаршы метр тұрғын үй салынса, оның 2 млн шаршы метрден астамы соңғы үш жылда пайдалануға берілді. Биыл жыл соңына дейін алғаш рет 1 млн шаршы метр баспана тапсырылады.
Бүгінде 1,1 млн-нан астам тұрғыны бар үшінші мегаполис халқының үштен бірін басқа этнос өкілдері құрайды. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат аясында қалалық ассамблея маңайына топтасқан 17 этномәдени бірлестік ел игілігі жолындағы байсалды бастамалар мен бірлікті бекемдеуге атсалысып, қала аумағында жүйелі жұмыстарды жұмыла атқаруда. Ал Ассамблея жанындағы Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, Медиация кабинеті, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы сынды қоғамдық құрылымдар қашанда ырысты ынтымақ жолын жалғап, татулықты тұғырынан түсірмеуге сүбелі үлес қосуда.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмыс істеген 26 жыл ішінде:
- қазақстандық бірегейлік пен азаматтық негізінде этностардың топтасуы мен ықпалдасуы қамтамасыз етілді;
- халықаралық стандарттарға сәйкес қазақстандық этностардың тілдерін, дәстүрлерін, мәдениеттерін дамыту үшін жағдай жасалды;
- мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің біріктіруші рөлін тану қамтамасыз етілді;
- Қазақстан этностары тарапынан этносаралық қатынастарды деполитизациялау қамтамасыз етілді;
– Қазақстан этностарына сыртқы ықпал ету факторының және олардың сыртқы саяси күштер мүдделерінің жолсерігіне айналуының алдын алды.
Ассамблея мүшелерінің атсалысуымен «Алғыс айту күні», «Наурыз», «Қазақстан халқының бірлігі күні», «Офарин», «Сабантой» және этностардың тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күндері дәстүрлі аталып өтуде.
Аналар кеңесі білім мекемелерінде 80-нен астам іс-шара өткізіп, «Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы», «Қыз – елдің көркі», «Ақ орамал», «Қазақтану» сынды жобаларды іске асырды. Жалпы, Ассамблеяның медиативтік алаңдарында 53 даулы мәселе қаралып, шешімін тапты. Қалалық Ассамблея жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы 16 бастама көтеріп, оны мақсатты іске асырды. Қазақстан халқы Ассамблеясының «30 игі іс» жобасы аясында этнос кәсіпкерлерінің қолдауымен қалалық Ассамблея тарапынан 41,5 млн теңгенің қайырымдылық көмегі үйлестірілді. Бұдан бөлек Риддерде тілсіз жаудың салдарынан қиындыққа тап болған отандастарымызға Ассамблея мүшелері 12 млн. теңгенің гуманитарлық көмегін жөнелтті.
Ересек этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруге деген құлшынысын қолдау мақсатында «Тілтаным» жобасын қолға алынды. Жергілікті телеарнаның қолдауымен «Бірлігі бекем ел» телебағдарламасы әзірленіп, оның әр шығарылымы этностардың Қазақстан қоғамына кірігуі мен қоғамдық келісімді сақтау бағытында қала аумағында атқарылған жұмыстарға арналуда. Ал жас буынның мемлекеттік тілге деген қызығушылығын қолдау және қазақ тілін этностар арасында ілгерілету мақсатында «Мың жүйрік» жобасы іске асты. Оған ел аумағынан 5-12 жас аралығындағы 300-ден аса жасөспірім қатысып, өздерінің мемлекеттік тілді жетік меңгергенін дәлелдеді.
Бұл қалалық Ассамблея атқарған жұмыстардың бір бөлігі ғана. Алда Мемлекет басшысы, ҚХА Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесінде берген тапсырмаларын іске асыру бағытында мақсатты жұмыс істеп, жалпыұлттық бірлікті нығайтуға айрықша басымдық береміз. Аналар кеңесінің қызметін жандандырып, «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Қазақтану», «Мың бала» сынды жобаларды іске асырамыз.
Биыл қыркүйекте қаладағы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимараты Түркістан облысынан Шымкент қаласының теңгеріміне өтті. Аталған ғимарат қалалық Ассамблеяның қызметін қамтамасыз ететін құрылымдарға берілді. Ендігі мақсат – еңселі нысанды ашық диалог алаңына айналдыру. Онда мәдени-көпшілік іс-шаралармен қатар, тілдерді оқыту кабинеті, Достық музейі және коворкинг орталығын ашу көзделіп отыр. Медиация кабинетін заман талабына сай жаңғыртып, қоғамдық медиаторлардың білім-білігін арттыруға назар аударамыз.
Этномәдени бірлестіктер жанындағы шығармашылық топтардың күнделікті дайындық жасауына жағдай жасап, келер жылдан бастап қалада қалыптасқан этносаралық ахуалға тоқсан сайын кешенді мониторинг жүргіземіз. Бір сөзбен айтқанда, ішкі бірлікті бекемдеп, тірлікті түзеуге қатысты кез келген ұсыныс-пікірді тыңдап-талқылауға Ассамблея алаңы әрдайым ашық болады.
Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл. Татулықты ту етіп, ырысты ынтымақ жолын ұстанған еліміз осы мерзімде бірталай белесті бағындырды. «Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады» деген халық даналығында айтылғандай, артта қалған отыз жыл жүріп өткен жолымыздың дұрыстығын дәлелдеді. Өз кезегінде елімізде бірлік пен татулықтың сақталуына шырайлы Шымкент қаласы тұрғындарының қосып отырған лайықты үлесі бар.
Бағындырған белестеріміз бен жеткен жетістіктеріміз – ауызбіршілік пен шынайы түсіністіктің жемісі. Ендеше, берекелі бірлік жолын жалғап, тұрақтылықты тәуелсіздігіміздің басты тұғырына айналдыру – біздің буынға жүктеліп отырған міндет. Өз кезегінде кез келген қоғам мүшесі осы мерейлі міндетті іске асырудан шет қалмауға тиіс.
Мұрат ӘЙТЕНОВ,
Шымкент қаласының әкімі,
қалалық ҚХА төрағасы