• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Желтоқсан, 2021

Ойылдың жайы Үкіметті ойландырмай ма?

6533 рет
көрсетілді

Ақтөбе облысынан бастау алатын шағын өзендер тобына жататын Ойылдың Қызылқоға ауданы аумағындағы арнасы құрғап жатыр. Бұл мәселе қызылқоғалық тұрғындарды алаңдатқалы біраз жылдың жүзі ауды.

Алайда Ойыл өзенінің бүгінгі мүшкіл жағдайы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінен, тіпті Үкіметтің тарапынан шұғыл шараларды қолға алуды талап етеді.

Бұл өзен Ақтөбе мен Атырау облысындағы төрт ауданның аума­ғымен өтеді. Ұзындығы – 800 ша­қырым. Қызылқоға ауданында тұратын табиғат жанашыры Есенбай Нұровтың айтуынша, өзеннің су жинау алабы 31,5 мың шаршы шақырымды құрайды. Ал ені 14-80 метр аралығында, тереңдігі 0,5-3,0 метр, ағысының жылдамдығы 0,2 м/с-қа дейін. Ойыл өзеніне 60-тан астам ірі және ұсақ өзен құяды. Негізгі сала­лары – Ащыойыл, Кенжалы, Қиыл, Қайыңды, Қуырдақты, Ши­лі, Жарлы, Қайыңды, Бабатай, Құмды, Шығырлықұмды және бас­қалары. Дегенмен соңғы жылдары өзен арнасына су келмеген. Бұған заңсыз салынған бөгеттердің кері әсері тиіп отыр.

«Балық шаруашылығы ғылы­ми өндірістік орталы­ғы» ЖШС-ның Батыс Қазақ­стан облыстық филиалы дирек­торының міндетін атқарушы А.Кимнің табиғат жанашырына жолдаған мәліметіне сүйенсек, былтыр су ағынына тексе­ру жүргізіліпті. Сол кезде өзеннің ең терең тұсы – 7, ор­та­ша тереңдігі 3-5 метр екені анық­­тал­ған. Ал Ойыл ауылының тұсын­дағы орташа тереңдігі 0,5-1 метрге жетіп, күрделі ахуал қалыптасқан.

Осыған орай Қызылқоға ау­данының табиғат жанашырлары бұрынғы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтың атына арнайы хат жолдап, заңсыз салынған бөгеттерді бұзуға ық­пал етуді сұраған еді. Осы хат­қа министрдің бұрынғы орын­басары Сергей Громов «Ойыл өзенінің көпжылдық су ағы­нының жылдық орташа көрсет­кіші – 127,0 млн текше метр. «Қазгидромет» РМК Ақтөбе фи­лиалының деректері бойынша, өзеннің Ойыл ауылы тұсын­дағы бес жылдық су ағыны төмендегідей: 2016 жылғы су ағыны – 360 мың текше метр (бұл қалыпты норманың 2,8 пайызы), 2017 жылғы су ағыны – 190 текше метр (1,5 пайыз), 2018 жылғы су ағыны – 118 мың текше метр (0,9 пайыз), 2019 жылғы су ағыны – 18,3 мың текше метр (0,01 па­йыз) болса, 2020 жылы су тасқыны мүл­дем болған жоқ. Бұл осылай қай­талана берсе, алдағы жылдары өзеннің кеуіп кету қаупі бар» деп жауап берген.

Соңғы бірнеше жылдан бері Ойыл өзеніне төнген қауіптің алдын алу үшін шырылдап жүрген табиғат жанашыры Е.Нұровтың айтуынша, өзенге құятын сала­лар­да 57 гидротехникалық құ­рылыс бар. Бұған Экология, геология және табиғи ресурстар ми­нис­трлігі су ресурстары коми­теті төрағасының орынбасары Досбол Бекмағамбетовтің төрағалығымен мамыр айының ортасында Ойыл, Қиыл өзенде­рін тексерген жұмысшы тобы да көз жеткізді. Оның ішінде иесіз 34 бөгет пен 5 көпір-өткел анықталған. 7 бұлақты тазарту қажет, 8 бөгет республикалық меншікке алынса, 3 бөгет комму­налдық меншікке тіркеліпті.

– Министрліктің тарапынан заңсыз бөгеттерді бұзу туралы тапсырма берілген еді. Алайда екі бөгетке су реттегіш салу туралы ұсыныспен келіспейміз. Қазір министрліктің берген тапсырмасын орындауға Ақ­төбе облысының әкімдігі құлық­сыздық танытып отыр. Іс-шара жоспарына сәйкес бөгеттер мен көпірлерді бұзу, өзен арналарын, бұлақтарды тазалау жұмыстары қыркүйек-қараша айларында жүргізілуі тиіс болатын. Осы кезге дейін 6 бөгет бұзылды. Егер бөгеттерді бұзу мәселесі сағыздай созылып, «қыс түсті, жер қатты» деген желеумен келе­сі жылға қалатын болса, сотқа жүгінуімізге тура келеді, – дейді Е.Нұров.

Екі өңірге ортақ Ойыл өзеніне қатысты түйінді мәселеге Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов та алаңдаушылығын білдірді. Осыған байланысты ол Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдап, Атырау облысындағы шағын өзендер тобына кіретін Ойыл өзенінің төменгі сағасы құрғап жатқанын тілге тиек етті.

– Ойыл өзені арнасының құр­ғауына байланысты тұщы судың жерасты көздері бітеліп, жарамсыз күйге түсуде. Флора мен фау­на тозуға ұшырап, жайылымдық жерлердің жойылып кету қаупі туындады. Осының салдарынан Атырау облысының бірқатар ауданында қиын жағдай орын алды. Мәселен, Қызылқоға ауданының 8 ауылдық округі су тапшылығын бастан өткеріп отыр. Бұл аудан Тай­сойған құм массивінің бір жер­асты тұщы су көзінен қамтама­­сыз етіледі. Оның қоры түгесі­ліп ­жатыр. Жақын арада мұндай ахуал­ ауданның 18 мыңнан астам тұр­ғынын көшіру қажеттілігіне әке­луі мүмкін, – дейді Д.Тұрғанов.

Депутаттың мәліметіне сү­й­ен­­­сек, Жем, Ойыл және Са­ғыз өзен­­­­деріндегі су көлемі азаюы­ның негізгі себептерінің бірі – жүйе­сіз және заңсыз салынған қор­ғау бөгеттері. Бұл бөгеттердің көп­шілігі су шаруашылығы нысаны ретінде ресми тіркеуден өтпеген. Жергілікті атқарушы ор­га­н­дар әлі күнге дейін осы проб­лемаларды шешу жөнінде жет­кілікті шаралар қолданбай отыр.

– Министрліктің су ресурста­ры комитетінің деректеріне сәй­кес, елімізде 6 960 гидротехни­ка­лық құрылыс бар. Оның ішінде

5 751-і – республикалық меншікте, коммуналдық меншікте – 980, жеке меншікте 229 нысан бар. Ал 10 гидротехикалық құры­лыс­тың иесі жоқ. Бұған қоса, 9 су қоймасы, 1 тоған, 10 бө­гет, 1 бөгет, 10 су торабы жә­не 2 156 канал­дың жағдайы қана­ғат­танарлық­сыз деңгейде, яғни жөндеуді та­лап етеді. Де­мек, мемлекеттік органдарда істің нақты мән-жайы туралы ақпарат жоқ. Гидротехникалық құрылыс-жайлардың іс жүзіндегі есебін жүргізбейді. Осы мәселені ретке келтіру үшін тиісті шаралар қабылдамайды. Мұның бәрі халықтың наразылығын тудырып отыр, – деп есептейді Д.Тұрғанов.

Депутаттың айтуына қара­ғанда, жерасты суларының ар­тық қорын пайдалану, анықтау және растау, өздігінен ағатын ұңғымаларды жою мәселесіне қатысты немқұрайлық байқа­лады. Қазір еліміздегі 4 286 су көзі орнында 2 мыңнан астам апатты ұңғымадан су далаға ағып жатыр. Мәселен, 2022-2024 жылдарға арналған бюджет жобасын бағалау жөніндегі есеп комитетінің мәліметінше, 2015 жылдан бері іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізу функциясы жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне беріл­ген екен. Бірақ 2020 жылға дейінгі іс-шараларды іске асыру мониторингін өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдар­ламасы шеңберінде Ұлттық экономика министрлігі жүзеге асырыпты. Енді былтырдан бері іздестіру-барлау жұмыстары жөнін­дегі іс-шараларды «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдар­ла­ма­­сына енгізбеу себебінен мемле­кеттік органдар тарапынан ба­қы­­лау мен үйлестіру жүзеге асы­рыл­­май қалған. Осының нәти­же­сінде сумен жабдықтау сала­сында мем­­ле­­кеттік реттеу мәселесі ке­лі­сіл­­меген. Бұл ортақ мақсат­қа қол жет­кізуге қатысатын мем­ле­­­кет­­тік органдар (ЭГТРМ, ИИДМ, ҰЭМ, Еңбекмині және жергілікті атқарушы органдар) арасында орталықтандырылған үйлестірудің, мониторинг пен бақылаудың, ведомствоаралық өзара іс-қимылдың және өкі­леттіктерді бөлудің болмауына әкеп соғады. Осылайша, 2012-2019 жылдары іздестіру-барлау жұмыстары, сондай-ақ жете барлау бойынша жоспар тиісінше 86% және 91%-ға ғана орындалыпты.

– Мемлекеттік органдар іс-әрекеттерінің мұндай сәйкес­сіз­дігі мен тиімсіздігі халық үшін де, жалпы ел экономикасы үшін де жойқын салдарларға алып келуі мүмкін. Сондықтан іздес­тіру-барлау жұмыстары мәсе­ле­леріндегі іс-қимылдарды бақы­лау және үйлестіру жөнін­дегі мемлекеттік органды айқын­дау қажет, – деп тұжырым жасап отыр Д.Тұрғанов.

Осы орайда депутаттың Үкі­метке жолдаған бірнеше ұсы­нысы бар. Біріншіден, Сағыз, Ойыл, Жем секілді шағын өзен­­дерін сақтау жөніндегі іс-шара­лар жоспары әзірленуі керек. Екіншіден, жергілікті органдарға Бас прокуратураның заңсыз салын­ған бөгеттерді жою жө­нін­дегі нұсқауын орындауды және бөгеттер мен су қойма­ларын есеп­ке алу мен салу­ды одан әрі ре­тке келтіру жө­нін­де шара­лар қабылдауды тапсырған жөн. Үшін­шіден, ірі жерасты су көзде­рі бар Атырау облысындағы «Тайсойған» полигоны жерінің бір бөлігін мемлекет иелігінен алу жөнінде шаралар қабылдануы қажет. Төртіншіден, мемлекеттік органдар тарапынан іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізу үшін тиісті үйлестіруді қамтамасыз ету, жұмыс істеп тұрған ұңғымалар­ды жөндеу мен өздігінен ағатын ұңғымаларды жоюды іске асыру­ға тиіс.

Түйіндей айтқанда, Қызыл­қоға ауданының тұрғындарын алаңдатқан Ойыл өзенінің бү­гін­гі аянышты ахуалы Үкіметті ойландыруға тиіс.