Осыдан 25 жыл бұрын, 1996 жылдың 19 желтоқсанында ел судьяларының алғашқы съезі өтті. Елбасы Н.Ә.Назарбаев съезд делегаттары мен барлық судьялар корпусына қарата айтқан сөзінде: «Мантия киген адам азаматтарға қара қылды қақ жарған әділдік пен адалдықтың, ақиқаттың ақ туын жоғары көтеріп, мәртебелі заңның қорғаушысы бейнесін паш ететін тұлға болып танылуы тиіс.
Әділ сот төрелігінің саласына білімді де құзырлы мамандардың келуі аса маңызды. Сонымен қатар олар адам тағдыры үшін үлкен жауапкершілік жүктелгенін сезінуі, азаматтардың құқықтары мен бостандығына нұқсан келтірмей, заңды мүдделерін еш ымырасыз қорғауы қажет» деген еді. Міне, бұл талаптардың бүгінде орындалуы қалай? Ширек ғасыр уақыттың ішінде еліміздің сот жүйесінде орын алған өзгерістер мен жаңалықтар Жоғарғы соттың судьясы, Судьялар одағының төрағасы Сәкен Жүсіпахметұлы Абдолламен арадағы сұхбаттың өн бойына өзек болып өрілді.
– Құрметті Сәкен Жүсіпахметұлы, 2021 жылдың 19 желтоқсанында «Қазақстан Судьялар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 25 жыл толады. Сот жүйесінің қалыптасуы мен дамуында Судьялар одағының алатын орны мен міндеті қандай?
– Иә, судьялар қоғамдастығының мерейлі мерекесінің ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық торқалы тойымен тұспа-тұс келуінің біз үшін маңызы зор. 1991 жылдың желтоқсанында қабылданған «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Конституциялық заң мемлекеттік билікті бөлу принципін енгізіп, сот жүйесіне мемлекеттің басты құндылықтары – Конституция негіздерін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүктелді.
Ашығын айтар болсақ, еліміздің сот жүйесінің тамыры тереңге тартқан бай тарихы бар. Ол қазақ халқының тұрмысындағы сот төрелігінің қайталанбас үлгісі – билер сотынан, әйгілі «Жетi жарғыдан» бастау алады. Біз Ұлы даладағы ата-бабамыз ұстанған сот төрелігінің алтын ғасырын шын мәнінде мақтан тұтамыз. Бұл тарихи құжат судьялардың қазіргі буыны үшін тәуелсіз, парасатты және әділ соттың жарқын үлгісі іспеттес.
Тәуелсіздік алғаннан кейін өз тарихының жаңа парақтарын ашқан еліміздің сот жүйесінің алдында тың реформалар жүргізу, сот жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған нақты да түбегейлі шараларды жүзеге асыру талабы тұрған еді. Оған қоғам мен азаматтардың арасындағы құқықтық қарым-қатынастардың барған сайын қанат жайып, кеңейе түсуі, әлемдік трендтердің пайда бола бастауы себеп болды. Міне, осындай кезеңде, яғни 25 жыл бұрын, қоғамдық өзін өзі басқару органының құрылуы судьялар қоғамдастығын бір мақсатқа жұмылдыра білді. Мұның сол кезеңдегі ең дұрыс әрі маңызды қадам болғанын уақыттың өзі дәлелдеп берді.
Судьялар одағының ұйымдастыруымен өткен сегіз съезде сот құрылымы мен сот өндірісін ықшамдау, заңнамалық базаны жетілдіру, құқық қолдану тәжірибесінде бірізділікке қол жеткізу, судьяларды іріктеу және судьялардың мәртебесін бекіту, олардың кәсіби біліктілігін арттыру, мінез-құлқының моральды-этикалық нормаларын жақсарту, мүдделері мен құқықтарын қорғау сияқты өзекті мәселелер көтерілді. Соттарды мамандандыру, судьялардың жүктемесін азайту, процестердің жарыспалылығын қамтамасыз ету туралы да сөз болды. Бір сөзбен айтқанда, судьялардың съездері өткір тақырыптарды талқылаудың ашық алаңына айналып, сот жүйесінің әрі қарай дами түсуіне нақты бағыт-бағдар сілтеді. Судьялар одағының негізгі міндеті мен рөлі де осы болатын.
Әрине, Судьялардың І съезінің сот жүйесіндегі алар орны ерекше. Өйткені мұнда құрылтайшылық құжаттар, Жарғы, филиалдар мен комиссиялар туралы ережелер, Судья мінез-құлқының этикалық кодексі қабылданды. 1999 жылы өткен Судьялардың ІІ съезі соттардың материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілуін Әділет министрлігінен Жоғарғы соттың жанындағы Соттық әкімшілендіру комитетінің құзырына беру туралы маңызды мәселелердің көтерілуімен ерекшеленді. Бұл сот жүйесінің түбегейлі тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін аса қажет болатын. Соттарды мамандандыруға, судьяларды тағайындаудың ашықтығын қамтамасыз етуге, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңның қабылдануына алғашқы қадамдар жасалды.
2001 жылы өткен Судьялардың ІІІ съезінде алқабилер институтын, мамандандырылған экономикалық және әкімшілік соттарды, қылмыстық жазаны ырықтандыру мен ізгілендіру, өлім жазасын орындауға мораторий енгізу бастамалары көтерілді.
2005 жылы өткен Судьялардың IV съезінен соң бақылау органдарын оңтайландыру, сот өндірісін ықшамдау, судьяларды іріктеу талаптарын күшейту, халықаралық стандарттарға сәйкес тұтқынға алуға соттың санкция беруін енгізу шаралары қолға алына бастады.
2009 жылы өткен Судьялардың V съезінің делегаттары тергеу әрекеттеріне соттар тарапынан бақылау жүргізуді кеңейту, ювеналды соттарды құру, медиация институтын дамыту, электронды технологияларға көшу мәселелерін көтерді.
2016 жылы өткен Судьялардың VII съезінде судьялар мінез-құлықтарының Бангалор принциптеріне негізделген Судьялардың жаңа әдеп кодексі қабылданды. Маңызды ұсыныстардың бір парасы 2020 жылдың қазан айында өткен Судьялардың VIIІ съезінде талқыланды. Соңғы жылдары сот төрелігін жүзеге асырудың бірқатар маңызды жобасын жүзеге асыра отырып, сот жүйесінің әлеуетін нығайта түскен «Сот жүйесінің 7 тасы» бағдарламасының негізінде оңды өзгерістердің орын алғаны байқалады.
Судьялардың әр съезінің сот реформасының кезекті кезеңіне өтуге ықпал беріп отырғанын ерекше айтып өткім келеді.
– Съездерде Судьялардың әдеп кодексін қайта қарау қажеттігі неден туындады? Оның қандай да бір міндетті сипаты бар ма және қандай мәселелерді реттейді?
– Судьялардың сот төрелігін атқаруына байланысты қоғам тарапынан қойылатын талаптың күн санап өсе түсуі олардың кәсіби міндетін атқару барысындағы, күнделікті тұрмыстағы, отбасындағы, қоғамдағы мінез-құлық тәртібіне жоғары сұранысты қалыптастырды. Өйткені судья тәулік бойы судья болып қала береді, оның әр басқан қадамы, әрбір іс-әрекеті көпшіліктің назарынан тыс қалмақ емес.
Судьялардың I съезінде қабылданған кодексте судьялардың этикалық мінез-құлқының белгілі нормалары мен аспектілері қамтылмай қалған 7 баптың ережелері уақыт өте келе ескіріп қалды. Негізделген тыйымдар мен шектеулердің болмауы құқық бұзуға алып келді. Осыған орай Судьялар одағының Орталық кеңесі 2016 жылы өткен Судьялардың VII съезінің делегаттары қабылдаған жаңа Әдеп кодексін жасап шығарды. Кодекс Еуропалық кеңестің Венециалық комиссияның оң қорытындысына ие болды. Оған енгізілген ережелер тек этикалық нормаларға ғана емес, сондай-ақ судьялардың тиісті мәдени деңгейі мен өнегесіне қойылар талаптарға қатысты болды. Бұл жерде әңгіме судьяның мәртебесі, тәуелсіз сот төрелігін жүргізетін жоғары міндеті мен оның кәсібилігі мен жоғары адамгершілігінің арасындағы балансты ұстап тұруына байланысты болып отыр. Мінез-құлықтың этикалық стандарттарын бұзған судьяларға ешқандай аяушылық пен жеңілдіктер болмауы тиіс, дейтұрғанмен олардың құқықтары негізсіз шектелмеуі де қажет.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмаларын орындау мақсатында судьялар қоғамдастығы мен халықаралық сарапшылардың ой-пікірлерін, Судьялардың VIІI съезінің шешімдерін ескере отырып, Орталық кеңес кодекске түсініктеме жасап шығарды. Құжат Судьялардың әдеп кодексінің негізгі ережелерін Конституцияны, республика заңнамаларын және судьялардың мінез-құлқының этикалық стандарттарын реттеудің халықаралық тәжірибесін негізге ала отырып, бап-бабымен егжей-тегжейлі түсіндіреді. Түсініктемеде судьялардың мінез-құлқын бағалайтын этикалық нормалар мен ережелерге түсіндірме беріледі. Судьялар одағы филиалдарының шешімдері бойынша түскен шағымдарды қарау тәжірибесінің сараптамасы адам құқығы саласындағы халықаралық-құқықтық актілер мен шетелдік сарапшылардың қазақстандық Судьялардың әдеп кодексі туралы пікірін ескере келе, кодекс нормаларының сақталу немесе бұзылу мысалдарын біріктіруге мүмкіндік берді.
Жалпы алғанда, Түсініктеме судьялардың тиісті мінез-құлқын жақынырақ түсінуге бағытталған, сондай-ақ оларға және судьялар этикасы жөніндегі комиссияларға туындаған мәселелерді шешуде көмекке келеді. Бұл мәдени және адами жоғары талаптарға сай болуға, сондай-ақ Судьялардың әдеп кодексінің нормаларын пайдаланудың бірегей тәжірибесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
– Дегенмен бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде судьялардың жұмысына наразылық білдірушілер де кездесіп жатады. Мұндай фактілерге Судьялар одағы қалай жауап береді?
– Барлық облыстық филиалдарда судьялардың әдебі жөніндегі комиссиялар жұмыс істейді. Олар – азаматтардың арыз-шағымдары мұқият тексерілетін алғашқы саты. Бұл мәселелер сондай-ақ Судьялар одағының Орталық кеңесі мен Соттық қазылар алқасының да назарында болады. Осылайша, сот жүйесінде судьялар қатарын беделіне нұқсан келтірген тұлғалардан тазалау бойынша қатаң шаралар қолданылатын сатылар мен құралдардың айқын механизмі құрылған. Мұндай фактілердің көп еместігін, алайда олардың болып тұратынын және тиісті бағасын алатыны туралы айтып өткен абзал. Бұл орайда соттағы қатесі мен тәртіп бұзудың ара-жігін анықтап айыра білудің маңызы зор.
Сонымен қатар Судьялар одағының жазалаушы орган емес екенін естен шығармаған жөн. Біз судьялар корпусының кәсіби абыройын көздің қарашығындай сақтауын, отандық сот төрелігінің ең үздік дәстүрлерін сақтауын және көбейте беруін қолдаймыз. Бірақ бұл жерде сот төрелігінің төңірегінде дау-жанжал тудыруға ниетті адамдардың жағымсыз іс-әрекеттерін айтпай кетуге болмайды. Ашық әрі қолжетімді болуға тырысқан соттар сот процесінің кейбір қатысушыларының негізсіз сын пікірлерінің, істің қорытындысын өздеріне қолайлы етіп көрсету мақсатында бұрмалау арқылы қоғамда резонанс туғызу, қоғамдық пікірді өз мақсаттарына пайдалану арқылы судьяға психологиялық қысым жасау әрекеттерінің алдында әлсіз болып қалады. Мұндай жағдайда тәуелсіз сот төрелігін жүргізуге қатер төніп, судьяның ар-намысы мен іскерлік беделін қорғау, тұлғаларды мұндай іс-әрекеттері үшін құқықтық жауапкершілікке тарту қажет болады. Судьялар одағы судьяның тәуелсіздігін осындай қосарланған стандарттардан, кәсіби міндетін атқаруға теріс әсер ететін жағымсыз жағдайларды қолдан жасаудан қорғаудың тиімді тетіктерін құру туралы мәселені көтеріп келеді.
Біз объективті, әділ сынды және нақты ұсыныстарды қолдаймыз. Ақпарат алаңында барлығы құқықтық шектен аспауы, дамыған елдердегі сияқты әдептен озбай, судьяларға жаппай жала жабу мен сот билігінің беделіне нұқсан келтіруге жол берілмеуі тиіс. Сол себепті қоғамда құқықтық мәдениетті көтеру бойынша сан қырлы жұмыс жүргізілуі тиіс. Осыған орай Судьялар одағы филиалдарында адвокаттар мен құқықтық қоғамдастықтың, журналистер мен блогерлердің арасында ашық әңгіме жүргізіп, талқылау және пікір алмасу мақсатында пікірталас клубын ашу туралы ұсынысымызды білдірдік. Бұл бағытта атқарылған бірқатар шара өз жемісін беруде. Судьялардың қабылдаған шешімдерді ұғынықты да қарапайым тілмен түсіндіріп, жазып беруі енгізілді. Судьяларды қызметке қабылдаудағы іріктеу процесі үміткерді психологиялық, полиграфологиялық күрделі тестілеуден өткізу арқылы қатаңдатылып, барынша ашық бола түсті.
– Азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында соңғы уақытта қабылданған қандай шараларды атап өте аласыз?
– 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда тұңғыш рет әкімшілік әділет құрылды, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енді, судьялық корпусы қатаң іріктеліп, тыңғылықты даярлықтан өткен 21 жаңа мамандандырылған әкімшілік сот жұмысқа кірісті. Әкімшілік соттарды енгізуге даярлық жұмыстары ұзақ жылдар бойы жүргізіліп келді, шетелдік тәжірибелер мұқият зерделенді. Конференциялар, осы саладағы танымал шетелдік мамандармен іскерлік кездесулер өткізілді.
Әкімшілік соттардың жаңалығы мен ерекшелігі мынада – жауапкер мемлекетке қарсы шыға отырып, өзін дәрменсіз сезінбеуі тиіс. Әкімшілік соттар азаматқа өз құқықтарын бекітілген ашық та анық механизмдер арқылы мүмкіндігінше тез әрі тиімді қол жеткізуге көмектеседі. Әкімшілік соттардың идеясы мен мақсаты – мемлекет пен оның лауазымды тұлғалары адамдардың өзімен соттасуына себеп болар жағдайларды барынша азайту. Бұл – халықтың билік институттарына сенімінің кепілі және құқықтық мемлекетте болмауы тиіс даулардан сот жүйесінің демалуына әсер етуші құралы ретіндегі ең жақсы стратегия. Жаңа соттардың алғашқы нәтижелері көңіл қуантарлық.
Бұдан бөлек VIIІ съезде судьяға тиісті аумақтағы мемлекеттік органдардың мүдделі лауазымды тұлғалары тарапынан қысым жасауын болдырмау, өңірлердегі соттардың судьяларын бірдей жүктемемен қамтамасыз ету үшін «эксаумақтық соттылық» қағидасын енгізу мәселесі көтерілген болатын.
Процессуалды заңнамадағы бұл өзгерістердің Жоғарғы сот пен Судьялар одағының бастамасымен Судьялар одағы Орталық кеңесінің 2021-2024 жылдарға арналған кешенді жұмыс жоспарына енгізілуі Судьялардың VIII съезінде қойылған міндеттер аясында жүзеге асқанын атап айтқанымыз жөн. Бұлар – электронды технологияның дамуына, сотта қарауды талап етпейтін (сотқа шағыну құқығымен) материалдардың жекелеген санаттарын қарауда роботтандыруды қолдануға, сот процесін «дебюрократияландыру», «amicus curiae» – сотқа дейінгі хаттама институтын енгізуге, даусыз талап-арыздар санын азайту үшін сотқа дейін жүгінген даулардың санаты мен жазбаша өндірісін дамытуға қатысты өзгерістер. Міндеттердің ішіндегі «эвокацияға» (апелляциялық инстанцияның істі алғашқы инстанцияға қайтармай, тиісті шешім қабылдауы) кезең-кезеңімен көшу істі қараудың мерзімін қысқартып, сот актілерінің орындалуын тездетеді.
Өзіңіз білетіндей, қылмыстық процесс – адам құқығын қорғау бойынша ең бір жанға бататын санаттың түрі саналады. Осыған байланысты ақтау үкімін қайта қарау себептерінің шекті және толық тізімін жасауға болады. Бұл қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі өндірістің сапасын арттырады, кінәсіздік презумпциясы принципін сақтауды қамтамасыз етеді. Айыптау актісі мен қорғау актісін қылмыстық істің басқа материалдарын жалғамай-ақ сотқа жолдаудың жаңа процессуалдық тәртібі және басты сот талқылауы мен сот тергеуінің жаңа процессуалдық тәртібі қылмыстық істердің сот талқылауы мен сот тергеуінің сапасын арттыра отырып, тараптардың шынайы жарыспалылығын қамтамасыз етеді, азаматтарды заңсыз соттау фактілерін азайтады.
Заңнамалық актілерге және қолданыстағы сот тәртібіне өзгерістер енгiзу туралы бастама көтере отырып, Судьялар одағы олардың қолда бар әлеуетке, сот жүйесінде жинақталған тәжірибеге, судьялардың кәсібилігіне және жауапкершілігіне қоса адамның құқығы мен бостандығын, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін тиімді қорғауға ықпал ететініне сенімді.
– Судьялар одағына Халықаралық судьялар қауымдастығымен бірігу не береді?
– Биыл Судьялар одағының Халықаралық судьялар қауымдастығының (ХСҚ) толық мүшесі болып кіргеніне 10 жыл толады. Біз Азия, Солтүстік Америка және Тынық мұхит елдерінің Тынықмұхиттық Өңірлік тобына кіреміз. Оның алдында стандарттар, критерийлер және индикаторлар жүйесінің сәйкестігі кесімінде үлкен дайындық жұмыстары жүргізілді. Өзіңіз білетіндей, бізге 2019 жылдың қыркүйек айында ХСҚ-ның 62-отырысын өткізу сеніп тапсырылды. Тұңғыш рет Нұр-Сұлтан қаласында әлемдегі ең ірі судьялар қауымдастығына (ХСҚ, 1957 жылдан бері жұмыс істейді) және жүзден астам елді біріктіретін сот әкімшілендіру қауымдастығына (ХСӘҚ) қарасты дүние жүзінің 100-ден астам елінен келген 500 делегат бас қосты. Беделді халықаралық форум Еуропа мен Азиядан келген белгілі сарапшылармен сот төрелігінің ағымдағы жағдайы мен болашағын талқылауға таптырмас мүмкіндік сыйлаған тарихи оқиға болды.
ХСҚ мен басқа да халықаралық ұйымдардың жұмысына қатысу Судьялар одағына әлемдік сот жүйесіндегі ғаламдық реформалаудың тынысын сезінуге, сот төрелігі саласындағы заманауи ағымдарды талқылауға, біздің үздік тәжірибе мен халықаралық стандарттарды енгізуге құштарлығымызды көрсетуге мүмкіндік береді. Біз үшін мұндай өзара іс-әрекет жасау бет-бейнемізді көрсетудің маңызды бөлігі, біздің сот жүйесінің жетістіктерімен бөлісу үшін зор мүмкіндік болып табылады.
ХСҚ-ға кіру – Қазақстан сот жүйесінің жоғары деңгейі мен әлеуетінің объективті бағасы. Мұны шетелдік судьялар қауымдастығының, құқықтық қоғамдастықтың, дипломатиялық корпустың барлық өкілдері де атап айтты. Оның ішінде судьялар қоғамдастығының қоғамдық органының да еңбегі бар екеніне өте қуаныштымыз. Мерейтойымыздың 25 жылдық биігінен көз салғанда, өзіміздің жауапты миссиямызды анық сезінеміз. Халықтың сот жүйесіне деген құрметі мен сеніміне жету жолында атқарар іс әлі де көп.
Осы сұхбатты пайдалана отырып, барша қазақстандықтарды егеменді еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен құттықтаймын!
– Әңгімеңізге рахмет.