• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Желтоқсан, 2021

Тәуелсіздігімізді қорғау – ең басты міндетіміз

4099 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында тәуелсіздіктің қастерлі аяулы екенін және оны көзіміздің қарашығындай қорғау ең басты міндетіміз екенін тарихтың толғанысты сәттерімен жеткізді.

Барлығымыз тәуелсіздік алған 90-жылдардың куәгеріміз, мен 1991 жылы мектеп табалды­ры­ғын аттаған оқушы едім. Тәуел­сіздікпен өсіп, егемендікпен ер­­жеттік. Қандай қиын кезеңді арт­қа тастап, бүгінде қай сала бол­­сын ауыз толтырып айтар­лық жетістіктеріміз бар. Осы жетіс­тіктердің өзегінде Елбасымыздың халқымыз үшін жасаған маңызды мемлекеттік шешімдері әрі батыл реформалары тұр.

Елбасы еліміздің білім саласына көп көңіл бөлді. Соның арқасында білім және ғылым елімізде жаңаша қарқынмен дамыды. Мемлекетіміздегі білім саласына қатысты саясаты әу бас­тан дұрыс жүргізілді. Тұғырлы тәуел­сіздігіміздің алғашқы кезеңі­нен Елбасы мемлекет дамуының негізгі межесі әрі темірқазығы ретінде білім мен ғылым саласын айқындады. Үнемі жаңашыл­дыққа ұмтылды, сөйте тұра өз менталитетімізді, бірегей болмысымызды жоғалтпауға көп назар аударды.

Уақыт пен кеңістік үшін 30 жыл – небәрі қас қағым сәт. Бірақ осы аралықта Елбасы­мыз хал­қы­мызды барлық қиындық­тан аман-есен сақтап, еліміздің абыройын асқақтатып, білім мен ғылым саласында зор табысқа жеткізді. Соның негізінде 30 жылдық қалыптасу мен дамудың мемлекеттік тарихында білім саласы еліміздегі әлеуметтік, ғылыми-техникалық және интеллектуалды капиталды дамытудың шешуші факторына айналды.

Тәуелсіздік жылдарында Нұр­­­сұлтан Назарбаевтың бас­та­ма­­сымен жүзеге асырылған ин­но­ва­циялық жобалар жастарға жаңа мүмкіндіктерге жол ашты, жан-жақты дамуды қамтамасыз етті.

Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елі­мізді одан әрі өркендету жолын­да тиімді реформаларды сабақ­тас­тықпен жалғастыру үстінде.

Елбасы «Тәуелсіздік тағылы­мы» мақаласында: «Тәуелсіз еліміздің басты байлығы – адам. Мемлекетіміздің тірегі де, алтын діңгегі де – Қазақстан халқы. Мен бойымдағы қуат, қызметімдегі тәжірибе, ойымдағы нәр – бәрі-бәрін халқыма қызмет етуге жұм­­сап келемін. Сол үшін тәуел­сіз­діктің алғашқы жылдары­нан бері тағдыр талайымен дүние­нің төрт бұрышына тарыдай ша­шылған миллионнан астам қандасымызды атамекенге алдырдым. Бұл айтар ауызға ғана оңай. Жер бетінде халқының саны миллионға жетпейтін қаншама мемлекет бар. Біз осыншама қан­дасымызды шетелдер­ден алдырып қана қоймай, басына – баспана, өзіне – жұмыс, ұрпағына білім бердік. Бұл іс әлі де жалғасын таба береді. Осының бәрі тәуелсіздіктің арқасында ғана мүмкін болғанын ұмытпауымыз керек. Еліміз тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде көптеген қиындықты еңсеріп, ұлан-ғайыр табыстарға қол жеткізді. Алда алар асуларымыз бен бағындырар биіктеріміз де, ықтимал сын-қатерлер де аз емес», деп атап өтті.

Расында, қазіргі өмір сүріп жатқан заманды футурологтер «қысқа көкжиектер кезеңі» неме­се «турбулентті уақыт» деп атай­ды. Пандемия кезеңінде үнемі икем­делуді, жағдайға қарап тез шешім қабылдауды үйреніп келеміз. Қазіргі технологиялардың білім беруге тигізетін әсері, құнды­лық­тар дағдарысы, ғаламдық ақпа­раттың толқыны, экономика мен еңбек нарығы жаңа шешімдерді іздеуге негіз болары сөзсіз.

Бұл тұрғыда Елбасымыз: «Жаһан­дық жаңа трендтердің қатарын­да болу үшін біз «Бола­шақ» бағ­дарламасын жасап, жас­тары­мызды әлемнің ең үздік уни­верситеттерінде оқыттық. Ал қаражат жеткіліксіз болған өт­кен ғасырдың 90-жылдары біз сту­денттердің оқу ақысын, жү­ріп-тұруы мен күнкөрісін төлеп бердік. Осы уақытқа дейін ел игілігі үшін 15 мыңнан астам маман даярланды. Олар өз Отаны­ның қамқорлығын сезініп, елге қызмет етіп, біздің үмітімізді ақ­тайды деп сенемін. Кейіннен әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орны – Назарбаев Университеті, Назарбаев зияткерлік мектептері желісі, ақпараттық технологиялар саласындағы стартаптарға арнал­ған «Астана-хаб» халықара­лық технопаркі ашылды. Біздің жастар осындай ілгерішіл өзгерістердің көш басында болуы қажет», деген ойы арқылы ғаламдық бәсекеге қабілетті дарынды жастарымызға алдағы 30 жылда елдігімізді ны­ғайтудың жаңа кезеңінде үлкен сенім артып отыр.

Шынымен де, елімізде тәуел­сіздік жылдары мыңдаған мектеп пен балабақша бой көтерді, ұстаздарды мәртебесіне сай қол­дау және ынталандыру шаралары тұрақты өсуде. Жоғары оқу орындарын заманға сай дамыту, ғалымдарымыздың ізденісіне қажетті гранттар бөлу, «Болашақ» бағ­дарламасы, «Назарбаев зият­кер­лік мектептері», Назар­баев Университетін құру білім саласын дамытуға арналған  инновациялық шешімдер болғаны рас. Назар­баев зияткерлік мектептері желі­сі және Назарбаев Универ­си­­­­теті Тәуел­сіздігіміздің 30 жыл­ды­ғын­­да еліміздің ұлттық бренді ретінде қалыптасып, Қазақстан­ның интеллектуалды элитасын тәрбие­леудің іргетасы ретінде мемле­кет тарихында орта білім, жо­ғары білім мен ғылым жүйе­сін дамытуға негіз болды, мектеп­терді, универ­ситеттеріміз бен ғы­лым­ды дамы­тудың жаңа кезеңі­не жол ашты. Ендігі меже – Назарбаев зияткерлік мектеп­терінің деңгейінде сапалы үз­дік білімге қолжетімділікті қам­та­­масыз ету, сонымен қатар Назар­баев Университеті тәжіри­бесі негізінде 2 озық өңірлік жо­ға­­ры оқу орнын құру, ғылым­ды қолдау, зияткерлік әлеуетті да­мыту үшін бәсекеге барынша қабілет­ті 20 жоғары оқу орны­ның базасында академиялық артық­шылық орталықтарын құру.

Қандай еңбек нарығы орнап, постмодернистік, ақпараттық және постақпараттық кезеңде қандай қайшылықтар болсын, девальвацияға ұшырамайтын басты құндылықтар – адамның білімі, адамгершілік және рухани әлеуетін көрсететін тәрбие­сі, қалыптасқан дағдысы, құзы­рет­тілігі, әлеуметтік ортада өзінің жетілуі. Міне, тәуелсіздік жылдарында білім мен ғылымды дамытуда ізгі бастамаларды көтеріп, жас­тарға үнемі сенімі мен мол мүм­кін­діктерге жол ашқан үлкен жүрегі және батылдығы үшін Ел­ба­сына азаматтық ризашы­лы­ғымды білдіремін!

Тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы баршамызға құтты болсын! Айтулы жақсылықтар, жаңа жетістіктер мол болсын.

 

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,

Мәжіліс депутаты