Кәсіппен айналысамын деп ниеттенгенмен, оның әліппесін меңгеру, істі ойдағыдай ұйымдастыра білу, нәтижеге қол жеткізу – оңай шаруа емес. «Қысқа жіп күрмеуге келмейді» дегендей, кәсіпті бастау үшін, әсіресе айналымға түсірер қаржының қомақты болуы да маңызды. Қаржылық тұрғыда қазақстандықтарға «Бәйтерек «ҰБХ» АҚ-тың еншілес ұйымы – «Аграрлық несие корпорациясы» қолдау көрсетіп келеді.
Кәсіп бастап өзін де, өзгені де жұмыспен қамтимын деген жандарға аталған Корпорация жеңіл пайызбен несие беріп, жұмысының жолға түсуіне қолғабыс етіп келеді. Нақтырақ айтсақ, микроқаржыландыру ұйымдары бірнеше салаларда бизнесті дамытуға көмектеседі. Жеңілдетілген несие ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге, шағын бизнес өкілдеріне, оның ішінде отбасылық және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытып жүрген тұлғаларға өз бизнес-жобаларын жүзеге асыруға көмектеседі. Мысалы, кызмет көрсету саласының өкілдері де жылдық 6% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие ала алады. «Атамекен» ҰКП және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен Корпорацияның серіктесі ретінде 15 микроқаржы ұйымы құрылған, олар Қазақстанның барлық өңірінде өз жұмыстарын жүргізуде.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ маркетинг және PR қызметінің басшысы Руслан Ескендірдің айтуынша, өңірлердегі бизнесті қолдау үшін Аграрлық несие корпорациясы тарапынан 22,5 млрд теңге мөлшерінде микроқаржы ұйымдарын қорландыруға арналған кредиттік желілер ашылған.
– Осы бағдарламаны іске асыруда «Аграрлық несие корпорациясы» кәсіпкерлік субъектілерінің кең ауқымын қолжетімді қаржыландыруға жәрдемдеседі. Өз кезегінде бұл ауылдық жерлерде азаматтардың әл-ауқатының деңгейін арттыруға әсер етеді: жұмыс орындары пайда болады, жаңа өндірістер ашылады, қызмет көрсету саласы дамиды, дейді Р.Ескендір.
Микронесие алғысы келетін азаматтар алдымен «Бастау Бизнес» жобасының немесе басқа да мемлекеттік бағдарламалар шеңберіндегі кәсіпкерлік негіздерін оқыту курстарында білім алуы тиіс, сондай-ақ кепіл мүлкі болуы қажет. Мал шаруашылығы саласындағы жобалар бойынша несие 7 жылға дейінгі мерзімге берілсе, басқа салаларда 5 жылға дейін несие алу мүмкіндігі бар. Бизнес-жоспарды сәтті қорғаған қатысушы МҚҰ-да несие ресімдей алады.
Микронесиенің ең жоғары сомасы әкімшілік бағыныстылығына қарамастан, ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда – 2,5 мың АЕК-ке дейін, яғни 7,2 млн теңге болса, Шымкент, Ақтау, Атыраудан басқа қалаларда, моноқалаларда – 6,5 мың АЕК-ке дейін немесе 18,9 млн теңге көлемінде. Ал Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында – 8 мың АЕК-ке дейін, яғни 23,3 млн теңгеге тең.
Қазіргі таңда өңірлердегі бизнесті микронесиелеуге аграрлық несие корпорациясы 22,5 млрд теңге бөлген. Маңғыстау облысына бөлінген 1 млрд теңге қаржының алғашқы жылына қаралған 500 млн теңгенің бүгінде тең жартысынан астамы, яғни 283 млн теңгесі игерілген. Аталған Корпорацияның Маңғыстау өңіріндегі жұмыс барысымен танысу арнайы тур ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылды. Тур барысында БАҚ өкілдері «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында шағын бизнеске микронесие беру рәсімдерімен танысып, Аграрлық несие корпорациясының қорландыру құралдары арқылы МҚҰ-нан микронесие алған бірқатар кәсіпорынға барды. Кәсібін бастауға жасалған мүмкіндікті маңғыстаулық кәсіпкерлер әр салада киім-кешек және азық-түлік дүкендерін ашу, автосервистер мен химиялық тазалау қызметі, мал шаруашылығы саласында пайдалануда.
Ақтау қаласының 19 шағын ауданынан ашылған Hi MOM балалар киім дүкенінің иесі Жанбөпе Құрақбаева – «Бастау Бизнес» жобасы аясында білім алып, «Аграрлық несие корпорациясының» жеңілдетілген қаржысына қол жеткізген кәсіпкер.
– «Бастау Бизнесте» оқып, көп нәрсе үйрендім. Дүкен ашсам деген ниетім болғанымен, жұмысты одан әрі қалай алып жүру керектігін білмей дағдарған мен курста білім алып, шағын несие алу мүмкіндігіне ие болу арқылы өз мақсатыма қол жеткіздім. Жолдасым екеуміз үш ай жеңілдік мерзімімен несиеге 6 млн теңге алдық. Бұл қаржы біздің жұмысымыздың көлемін үлкейтуге, тауар түрлерін арттыруға үлкен көмек болды. Қазіргі таңда дүкенде екі адам жұмыс істейді, тағы үш адамды еңбекпен қамтуға ниеттіміз. Келушілер аз емес, киімдеріміз сапалы, – дейді Ж.Құрақбаева.
Келесі кезекте сапарымыз Мұнайлы ауданында жалғасты. Бұл ауданда біз жеңілдетілген несие алып, көлік жөндеу қызметін көрсететін және азық-түлік дүкенін ашқан кәсіпкерлермен жүздестік. Ісін жолға қоя алған олар жеңілдетілген несиеге риза. Тек оларды бұл мүмкіндікті тұрғындардың жаппай түсіне бермейтіндігі алаңдатады екен.
Түпқараған ауданы Сайын ауылының тұрғыны Қ.Даншабаевтың мал шаруашылығын дамытуына аталған корпорациядан жеңілдетілген несие алуының әсері көп болған.
– Оның тиімділігі алдымен – жеңілдетілген несиеде, екіншісі – төлем уақытына берілетін демалыста. Мен 6 пайызбен 4 млн теңге алып, Оралдан алты бас сиыр, бес тонна кебек сатып алдым. Сиырлар бұзаулайтын күн де алыс емес. Өзім бұрыннан түйе, қой мен ешкі, жылқы ұстаймын. Енді олардың саны сиырлармен толықты, дейді кәсіпкер Қуаныш Даншабаев. Тек бұлар емес Маңғыстау облысында Түпқараған ауданы Сайын ауылындағы «Есен Сейіт» шаруа қожалығы микроқаржы ұйымдарынан 8 бас түйе сатып алуға және оны өсіруге шағын несие алса, Қарақия ауданы Мұнайшы ауылындағы «Алпамыс» жеке кәсіпкерлігі 6 асыл тұқымды симментал сиыр сатып алып өсіруге несие алған.
– Бұл бағдарламаның мақсаты – тұрғындардың өзін өзі жұмыспен қамтуына мүмкіндік беру арқылы жұмыссыздықты еңсеру, халыққа қолдау көрсету. Бағдарлама жұмыссыз адамдарға барынша тиімді, оларға жеңілдік кезеңі де қарастырылған. Мысалы, несиеге алынған мал жеңілдік кезеңінде төлдеп, көбейеді, кейін оны бордақылап сату арқылы қаражат табуға болады. Кепілге қаладағы, ауылдағы нысандарды, техникаларды, республикамыздың өзге өңірлеріндегі мүліктерді қоюға болады. Бағдарламаның бағыты тек ауыл шаруашылығымен шектеліп қалмайды, техника алу, наубайхана, дүкен, шаштараз, тігін цехын ашу жобаларын және т.б қаржыландыра аламыз. Қазіргі таңда біз Маңғыстау облысы бойынша 283 млн теңгеге 60-тан астам жобаны қаржыландырдық, алдағы жоспарда 150-200 жобаны несиелендіруді межелеп отырмыз. Қаражат бар, келем деушілерге есік ашық. Бағдарлама биыл алғашқы жыл жүзеге асуда, келер жылы сұраныс болса жалғасын табады деп ойлаймыз, – дейді «Аграрлық несие корпорациясының» Маңғыстау облысы бойынша филиал директоры Әсет Байбосынов.
Тұрғындардың мүмкіндікті молынан пайдаланып, жеңілдетілген несиемен кәсібін жолға қоюы – елдің әлеуметтік- экономикалық жағдайына қолдау болып табылмақ.
Маңғыстау облысы