• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Желтоқсан, 2021

Ерекше жандарға қамқор айрықша шаһар

395 рет
көрсетілді

Елбасының ерекше туындысы саналатын бүгінгі елорда саламатты ұлт қалыптастырудың соны соқпағына түсті. Әсіресе ерекше жандардың ем-домына, оларды оңалту жұмысына баса мән беріліп келеді. Мүмкіндігі шектеулінің мүмкіндігін шектемейтін шаһардағы басты мақсат – қоғамның қамқорлығы мен жан жылуын тарата білу болып отыр. Есесіне, айрықша қамқорлықты қажет ететін қала тұрғындары шарапаты мол істің шапағатын сезінеді.

Бүгінде Нұр-Сұлтан қала­сын­да оңалту орталық­та­рының желісі айтарлықтай кеңейтілді. Елорда әкімдігі ерекше қажет­ті­лік­т­ері бар азаматтарды оңалту үшін жағдай жасау жұмыстарын жүйелі негізде жүргізіп жатыр. «Ерекше қажеттіліктері бар аза­мат­тарды әлеуметтендіру және оңалту үшін жағдай жасау­ға ерек­ше назар аударамыз. Мыса­лы, биыл жазда көру қа­бі­леті бұзылған балаларға арналған мамандандырылған балабақша ашылды (Кенесары көшесі, 9/1, Сарыарқа ауданы). Балабақшада педагогтермен қатар медицина қызметкерлері де балалармен айналысады. Мекемеде физиотерапия, логопед-дефектолог, офтальмолог және тағы бас­қа кабинеттер бар», деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көл­гінов.

Шаһар аумағында 29 «Үйдегі дәрігер» нысаны ашылды. Жаңа үйлердің бірінші қабаттарында «қадамдық қолжетімділік» қа­ғи­даты бойынша балаларға ар­­налған шағын орталықтар, оңалту орталықтары, балабақ­ша­лар, медициналық орталықтар ашы­лады. Бұған қоса, былтыр елордада БЦП, аутизм, даун синдромы және тағы басқа диаг­­­ноздары бар балаларды оңал­­тумен айналысатын бір­қа­тар ірі оңалту орталықтары халыққа қызмет көрсете бастады.

№1 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының базасында бір жылдан бері «Қам­қор­лық» оңалту орталығы жұ­мыс істейді. Бұл орталық ней­ро-ортопедиялық аурулары, оның ішінде церебралды сал ауруы бар балаларды оңал­ту­­­дың әлемдік және отан­дық ең озық әдістерін жинақ­тау­ға арналған. Айта кету қажет, осы оңалту орталығы Қазақстан Рес­­публикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен «Самұрық-Қазына» АҚ арасында қол қо­йыл­ған меморандум аясында қызмет көрсете бастады. Бұл орталық қолжетімді оңалтуды дамытудың озық үлгісі саналады. Себебі осы орталықта нейро-ортопедиялық аурулары бар, соның ішінде церебралды сал ауруы бар балаларды оңалтудың әлемдік үздік әдістемелері мен заманауи тәсілдері қолданылады. Кішкентай науқастарды емдеу кезінде мамандар көпсалалы тәсілге жүгінеді. Дәрігерлер аурудың ерекшелігін ескере оты­рып, әр баланы қалпына кел­ті­рудің жеке бағдарламасын әзірлейді. Тіпті бірегей меди­ци­налық жабдықтар саналатын костюмдер, жаттығу құралдары, жаяу жүру дағдылары және тірек-қимыл аппараты ауру­лары кезінде омыртқа мен буын­­дардың қимылын қалпына кел­ті­ретін құрылғылар қолда­ны­лады. Бұған қоса, емдік-дене шынықтыру (ЕДШ), физиотерапия, жарықпен емдеу, су массажы, логопед, психолог, дефектологпен күнделікті жеке сабақтар қарастырылған. Осы арқылы жыл сайын 600-ге жуық баланы қосымша тегін медициналық кө­мекпен қамтуға мүмкіндік пайда болды.

Міне, ерекше жандардың өмірлік мұң-мұқтажын елеп-ескерген ел астанасында осындай игі істер атқарылып жатыр.