Құрманғазы ауданындағы әуесқой балықшылар өзгеше су маржанын ұстады. Олар Шарон өзенінің жағасынан ескі етіктің сыңарын тауып алған. Ал етіктен жыланға ұқсас балық шыққан.
– Бұрын дәл мұндай балықты кездестірмеген едік. Денесінде өзге балықтарға тән қабыршақ жоқ. Бірақ шырышты болады екен. Бір қарағанда жыланға ұқсайтын тәрізді. Сол себептен, бастапқыда мұны жылан деп ойладық. Кейіннен жойылып бара жатқан балықтың түрі екенін білдік. Мұндай балық «Қызыл кітапқа» енгізілген. Ғаламтордағы ақпаратқа қарағанда, балықтың бұл түрі Ресей мен Финляндияның, Латвия мен Швецияның, Эстонияның су айдындарында ғана кездеседі. Ал біздің Шарон өзеніне қалай келгені белгісіз, – дейді тәжірибелі балықшы Дмитрий Соколинский.
Оның айтуынша, жыланға ұқсайтын балықтың ұзындығы 10-100 см аралығында болуы мүмкін. Бұл балықтан адамға ешқандай қауіп төнбейді.
Атырау облысы