Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Атырау облысының бірқатар азаматына мемлекеттік наградаларды табыстады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Президент тапсырмасымен Атырау облысына келген Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысты. Шара барысында Тәуелсіздің маңызына тоқталды.
«Біз – еркіндікке қолы жеткен, арман-мұраты тең өрілген дана халықпыз. Біз – тайқазаны ортаймаған қазақ деген байтақ елміз. Міне, сол бақыт түндігін ашқан Тәуелсіздік бүгінде құт-берекеге айналды. Біз бүгін осы құбылысты ерекше сезініп тұрмыз. Қазақстан – ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт ел. Бүгінгі мемлекетіміздің қарқынды дамуы – тұрақты саясат пен ішкі бірліктің, ұлттық қасиетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтай білгеніміздің жемісі. Сондықтан, бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болғанда ғана Тәуелсіздіктің туы мәңгі желбірейтінін естен шығармағанымыз абзал», деді Мемлекеттік хатшы.
Қырымбек Көшербаев ел Тәуелсіздігін тұғырлы етуге, еліміздің әлеуметтік- экономикалық дамуына Атырау облысының ерекше үлес қосып келе жатқанын айтты.
Мемлекеттік хатшы салтанатты іс-шара соңында Президент Жарлығымен берілген мемлекеттік наградаларды түрлі салада еңбек етіп, ел дамуына үлес қосқан бір топ атыраулыққа тапсырды.