Қазақстандық Галина Вишневская АҚШ-тың Преск Айл қаласында биатлоннан 7,5 шақырымға жүгіруден өткен жасөспірім қыздар арасындағы әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды.
Сочиде болып өткен Қысқы Олимпия ойындарына қатысқан Вишневская мәреге бұл жолы бірінші орын алған ресейлік Евгения Павловадан бар-жоғы 0,3 секунд қана қалып келді. Чемпионатта одан басқа қазақстандықтар Анастасия Кондратьева – 19, Александра Сасина – 38, Валентина Сауленко 44-орынға орналасты. Жарысқа барлығы 47 биатлоншы қатысқан болатын.
Жасөспірім жігіттер арасында дәл осындай қашықтыққа жүгіруде америкалық Шон Доэрти бірінші орынға көтерілді. Жалпы айтқанда, қазақстандықтар арасындағы үздік Роман Еремин жеңімпаздан 38 секунд қалып, көмбе сызығын жетінші болып қиып өткен-ді. Келесі жерлесіміз Владислав Витенко – 10, Андрей Ларионов – 12, ал Владислав Миропольский 36-шы болды.
Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ,
«Егемен Қазақстан».