Темірхан десе – Темірхан еді. Ол сөзіне берік, ісіне адал, ғылыми ой-өрісі жүйесі кең, достыққа адал қайраткер азамат болатын. «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» – дейді ұлт даналығы. Осындай екі ұлы қасиет те Темірхан Досмұхамбетовтің бойында бар еді.
Өкінішке қарай, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Халықаралық инженерлік академияның академигі, «Байсерке Агро» агрохолдингінің ұйымдастырушысы әрі президенті, КСРО және Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Алматы облысы мен Алматы қаласының құрметті азаматы туралы өткен шақта сөйлеуге мәжбүрмін.
Адамдық қасиеті мол, ұлтжанды атпал азаматпен жарты ғасырдан бері қимас дос болып едім. Қайран уақыт зымырап өтіп барады. Күні кеше ғана күліп-ойнап, кеңпейіл, дархан көңілді досыммен қалжыңдасып, бір-бірімізді бір ай көрмесек, бір жыл көрмегендей сағына табысатын едік.
Міне, оны Жер-Ананың бауырына бергенімізге де 40 күннің жүзі болыпты. «Бәрін уақыт көтереді, жазады» – дейді. Бірақ қасыңда жүрген жақсы адамның өзі де, сөзі де жүректен еш кетпейді.
Бірге жүрген күндердің әр сәті көз алдымда тұрады.
Ол қандай іс болса да өте ыждағаттылықпен, жоғары жауапкершілікпен орындайтын. «Нар жолында – жүк қалмас» деген аталы сөзге нағыз лайықты нар тұлғалы жан еді.
Оның өмір дерегі – мемлекетіміздің қалыптасу тарихымен астасып жатыр. 1949 жылы 8 наурызда Қостанай облысында дүниеге келген Темірхан Досмұхамбетовтің балалық шағы, мектепте оқыған кезеңі сол кіндік қаны тамған жерде өткен.
Жастайынан жаны спортқа құмар, саламатты өмір салтын берік ұстанған Темекең 1972 жылы Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институтын жаттықтырушы мамандығы бойынша бітірген.
Сол кездегі еліміздің белді жоғарғы оқу орыны С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің дене тәрбиесі кафедрасына жас оқытушы болып келуіне қарамастан, ондағы спортқа бейімі бар қазақтың қара домалақ балаларының басын қосып самбодан еліміздің ұлттық командасын жасақтады.
Әр істің тізгінін ұстаса оны аяғына дейін жетілдіріп, жемісті де, жеңісті нәтижелер көрсететін қасиетін еңбек жолын бастаған кезден-ақ, дәлелдеген болатын. 1977 жылы самбодан КСРО біріншілігінде Темірхан Досмұхамбетов дайындаған команда 9:1 есебімен «Самбо-70» элиталық мектебінің негізін қалаушы Дэвид Рудманның жігіттерін ойсырата жеңді.
Сол кезде біз қазақ балаларының спорттағы жоғары жетістіктеріне қуанып, мақтан тұтып, спорттағы мұндай ұлы серпіліске таңырқадық.
Әрине, бұл жеңіс стратег жаттықтырушы, ержүрек, қайсар мінезді тәрбиеші Темекеңнің қажырлы еңбегі мен спорт залында азаннан кешке дейін төккен терінің арқасында келген еді.
Темекең жұбайы Сәуле Әмірқызы екеуі жас отбасы болып, қалада кішкентай ғана пәтер жалдап тұрғанына қарамастан, күнде кешке жаттығу залынан он шақты спортшыны үйіне ертіп келіп, тамақтандырып, кең пейілді қазақы дархан ағалық мінезімен ауыл балаларын әрқашан демеп жүретін.
Талай талантты жігіттердің бағын ашып, республиканың, одақтың, Еуропаның және әлемнің жаңа чемпиондарын тәрбиелеп шығарды.
Өзі де осындай қажырлы еңбегінің арқасында самбодан Кеңес Одағының құрама командасының аға жаттықтырушысы, КСРО-ның, кейіннен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы құрметті атақтарына ие болды.
Темірхан Мыңайдарұлы Досмұхамбетов білікті спорт менеджері ретінде де әрқашан ел спортының алдыңғы шебінде жүрді. Ол Бүкілодақтық ерікті «Еңбек резервтері» спорт қоғамының Қазақ республикалық кеңесін басқарды. Оның жетекшілігімен елімізде спортты дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды.
Ол өзінің мықты спортшы, білікті бапкер, жанашыр жаттықтырушылық тәжірибесімен қатар, спорт саласын мемлекеттік басқарудағы жоғары деңгейлі ұйымдастырушы, басшы екенін дәлелдеді.
Т.Досмұхамбетов спорт саласын басқарған жылдары Қазақстан спортшыларының әлемге даңқы шықты. Олар түрлі халықаралық деңгейлердегі спорттық жарыстарда Қазақстанның намысын қорғап, қазақ спортының беделін әлемге асқақтатты.
Темекең өмірінің соңына дейін қазақ спортының жанашыр жанкүйері болып өтті. Спорт әлемі – жастарды саламатты өмір салтына бағыттайтын сала болғандықтан, Темірхан Мыңайдарұлы осы саладағы көптеген дарынды жастардың бағын ашуға тікелей септігін тигізді. Сонымен қатар республикаға өте қажетті салалардың бірі – еліміздің ішкі және сыртқы туризмінің қалыптасуы мен дамуына даңғыл жол салды.
Туризм саласындағы бас халықаралық ұйым, Біріккен Ұлттар Ұйымының мекемесі болып табылатын Дүниежүзілік туризм ұйымының вице-президенті болды.
Жоқтан бар жасау оңай ма? Осындай көзі қарақты, өмірдің өзгерісін түсінетін Досмұхамбетов сынды ірі ұйымдастырушы ғана оны жасай алады.
Мемлекеттік үлкен саясатқа Темірхан Мыңайдарұлы осындай белестерді бағындырып, тар жол, тайғақ кешулерден өтіп, келген болатын.
Саясат сахнасында Темекең, Темірхан Мыңайдарұлы екі рет Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі болды. Бұл кезең Қазақстан спортындағы өрлеу кезеңіне айналды.Саланы дамытудың стратегиялық жоспарлары мен бағдарламалары әзірленді. Республикада жаңа спорт кешендері көптеп салынды. Қолданыстағы спорт нысандары іргелі модернизациялаудан өтті. Түрлі деңгейдегі халықаралық, олимпиадалық, шетелдік жарыстарда қазақстандық спортшылар еліміздің намысын абыроймен қорғап, жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізді.
Темірхан Мыңайдарұлы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті- Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сенімін әрқашан ақтап, қандай жоғарғы деңгейдегі лауазымды қызметтерді болсын үлкен жауапкершілікпен атқарды.Ол Президенттің сенімді серіктесі болып, екі рет Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысы қызметін үлкен абыроймен жүзеге асырды.
Еліміздің бас қаласы, елордамыз Астана қаласының тізгіні сеніп тапсырылған кезде, оның гүлденіп, көркеюіне бар қажыр-қайратын жұмсады.
Кейін Темірхан Мыңайдарұлы Досмұхамбетов Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитетін басқарған 10 жылдың ішінде еліміздің спорт саласындағы бұрын-соңды болмаған тарихи жетістіктердің куәсі болды.
Атап айтқанда, Алматы мен Астана қалаларында жоғарғы ұйымдастырушылық деңгейде өткен, ірі халықаралық спорттық іс-шара 7-ші Қысқы Азиада ойындарында (2011 жылғы қаңтар-ақпан) медаль саны жағынан Қазақстан құрама қомандасы Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай сынды Азияның азулы елдерін артта қалдырып, бірінші орынды иеленді.
Мұндай тарихи жетістіктердің тағы бірі 2012 жылы (27 шілде – 12 тамыз аралығында) Лондон қаласында өткен 30-шы Жазғы Олимпия ойындарында Қазақстан құрамасы Темірхан Мыңайдарұлының жетекшілігімен жалпыкомандалық есепте әлемде 12-ші орынға көтерілді.
Темірхан Мыңайдарұлы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып еліміздің заң шығару саласына да сүбелі үлесін қосты.
Адалдық, өз ісіне берілгендік, өзіне де, өзгелерге де сын көзімен қарау, мәселенің мәнін тереңінен ұғыну, шешімді дер кезінде қабылдай алатын қасиеттері мен іскерлік ынта-жігері оны басқалардан оқшау көрсетіп тұратын.
Кейінгі жылдары Темекең кәсіпкерлікпен айналысып, еліміздің ауыл шаруашылығының өркендеуіне атсалысты. Алматы облысындағы тозығы жеткен «Байсерке Агро» холдингін жаңғыртуды қолға алды. Темірхан Мыңайдарұлы әр қадамын «мың өлшеп, бір басатын» тұлға еді. Ғылыми ой-өрісі, алдағы нәтижені дәлдікпен болжау қабілеті оны осындай тосын шешімге әкелді деп білемін.
Оның үстіне Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ауыл шаруашылығы саласының еңсесін көтеру, өнім өндірушілер мен фермерлік шаруашылықтарды заманауи тұрғыда жетілдірудің маңыздылығы туралы берген нұсқаулары Темекеңнің тың бастамасына демеу болды.
Темірхан Мыңайдарұлы қысқа мер зімде әрі заманауи инновациялық технологияларды қолдана отырып, бұл саланы толық ғылыми модернизациядан өткізді. Аз ғана уақыттың ішінде ол әлемге танымал топ менеджерлердің санатына қосылды.
Ол өзі үшін жаңа салада жан-жақты, іргелі, теңдесі жоқ серпіліс жасай алды. Ауылшаруашылық өндірісі, ғылым, инновациялық процесс және кадрларды даярлау сияқты төрт негізгі факторды тиімді жұмыс істейтін кешенге біріктіре білді. Оның бұл саладағы қол жеткізген теңдесі жоқ нәтижелері маған қатты әсер қалдырды.
«Байсерке Агро» холдингі Германия, Франция, Голландия, АҚШ-тан салаға қажетті ең соңғы модельге дейін жетілдірілген, озық заманауи техникаларды алып келді. Адами капиталды орынды пайдаланды. Өндіріс процестері түгелдей автоматтандыру жүйесіне көшірілді.
Қазір «Байсерке-Агро» ет және сүт бағытындағы асыл тұқымды ірі қара мал өсірумен, қой өсірумен, жылқы өсірумен, түйе өсірумен, өсімдік шаруашылығымен, омарта өсірумен, балық өсірумен, жемшөп өндірумен айналысатын көп салалы кәсіпорын.Холдинг бүгінде Қазақстанның ауыл шаруашылығы кәсіпорындары арасында АӨК-ке инновацияларды енгізу және тарату бойынша танылған және даусыз көшбасшы болып табылады. Бір ғана осы шаруашылықтың мысалында ғана Темірхан Досмұхамбетов ғылыми тұрғыдан келгенде және жаңа технологияларды пайдалану арқылы ауыл шаруашылығында рекордтық жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге болатынын дәлелдеді.
Бір сөзбен айтқанда, Темірхан Досмұхамбетов еліміздің ауыл шаруашылығы саласында инновациялық революция жасады. Бидайдың әр гектарынан 50 центнерден астам өнім жиналды. Тамшылай суғару тәсілін пайдалана отырып, жүгерінің әр гектарынан 140, соядан 50 центнерден астам өнім жиналды.
«Байсерке Агро» тек өндірісті дамытып қана қоймай, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіруге де айтарлықтай үлес қосып келеді.Темірхан Мыңайдарұлының тікелей бастамашылығымен өңірде үш спорт мектебі салынып, табысты түрде жұмыс істеп тұр. Ал ол жерде шыныққан балалар мен жасөспірімдер ат спорты бойынша Қазақстанның құрама командасының қатарында өнер көрсетеді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясының президенті ретінде, академияның вице – президенті болған Т.М.Досмұхамбетов академияның жұмысына орасан зор үлес қосты деп үлкен сеніммен айта аламын. Ол өзі құрған аграрлық брендпен бірге «Инновациялық технологиялар және агроөнеркәсіптік кешен» бөлімінің қызметін жаңғыртып, жандандырды. Жарқын мысал ретінде осының өзі жеткілікті.
Әрине, еске алу тұрғысында жазылған мақалада Темірхан досымның атқарған жұмыстарына жеке-жеке толық талдау жасай алмадым. Дегенмен, өмірінің басты әрі ең маңызды оқиғаларына қысқаша тоқталып өттім деп ойлаймын. Бұл ретте осы тақырыпты кеңінен талқылау мақсатында 2022 жылы «Темірхан Досмұхамбетов және жаңғыру» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізуді ұсынамын.
Алдағы уақытта іргетасын өзі қалап, әлемге әйгілі, беделді ұйымға айналдырған холдингті «Темірхан Досмұхамбетов атындағы «Байсерке Агро» холдингі» деп атасақ, Алматы облысында бір спорт кешеннің атын, Нұр-Сұлтан қаласында бір спорт кешеннің атын берсек көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің алдындағы өз азаматтық борышымыздың бірқатарын өтер едік деп есептеймін.
Ел үшін туған ер тұлға Темірхан Мыңайдарұлының Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерейтойын көре алмай кетуі, әрине өкінішті. Дегенмен, оның жарқын бейнесі мен сүріп өткен өмір жолы – өскелең ұрпаққа өнеге, туған жерге деген сүйіспеншілік пен аянбай қызмет етудің үздік үлгісі болып ел тарихында мәңгі қалары сөзсіз.
Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,
Парламент Сенатының депутаты