• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Желтоқсан, 2021

«ҚазМұнайГаз» оңтүстіктегі жанармай тапшылығына қатысты пікір білдірді

386 рет
көрсетілді

Түркістан облысындағы жанармай тапшылығына қатысты «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

 

«Желтоқсанның 9-ы күні бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында Шымкент қаласының және Түркістан облысының жанармай құю бекеттерінде бензин тапшылығы туындағаны туралы ақпарат тарады. Осыған орай «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ қазіргі уақытта барлық үш қазақстандық мұнай өңдеу зауыты қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді. Мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін шығару ҚР Энергетика министрлігі бекіткен жоспардан тыс орындалып жатыр», деді компания өкілі.

Шымкент мұнай өңдеу зауыты тәулігіне шамамен 6 мың тонна бензин өндіріп шығарады. Зауыттан бензин мұнай берушілердің өтінімдеріне сәйкес уақтылы жіберілуде және тәулігіне 6 мыңға жуық тоннаны құрайды. Бұл көлемнің шамамен 2 мың тоннасы Түркістан облысына жөнелтіледі.

«Осылайша, Шымкент өңдеу зауыты тарапынан өңірде бензин тапшылығын тудыратындай еш негіз жоқ. ҚМГ диспетчерлік-сараптау орталығының деректеріне сәйкес осы жылдың 10 желтоқсанындағы жағдай бойынша Түркістан облысының мұнай базаларында АИ-92 маркалы бензин қоры 15,4 мың тонна, бұл облыстың 12 күндік тұтынуына тең», делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, компания өкілі, бензин тапшылығы Павлодар мұнай-химия зауытындағы жөндеу жұмысымен байланысты  ақпарат шындыққа жанаспайтынын, себебі ПМХЗ-да жөндеу жұмыстары осы жылдың қазанында аяқталғанын айтты.

Еске салайық, осыған дейін Түркістанда жанармайға қатысты шу шықты. Ол тек ірі жанармай құю станцияларында ғана қолжетімді болды. Жағдайға қатысты облыс әкімдігі өңірдегі жанармай тапшылығы Павлодар зауытының уақытша жөндеу жұмыстарына  тікелей байланысты екенін айтты.