• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Желтоқсан, 2021

Құқық қорғау саласында 657 әйел басшылық қызмет атқарады

675 рет
көрсетілді

Бүгін, 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттық комиссия төрайымы Ләззат Рамазанова іс-шара қатысушыларына арнаған алғы сөзін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерейтойымен құттықтаудан бастады.

«Тәуелсізідік жылдары елімізде отбасы институтын нығайтуға, әйелдердің құқықтары мен экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге, ана мен баланы қорғауға қатысты бастамалар көтеріліп, оны дамыту қолға алынып келеді. Отбасы құндылықтарын сақтап, оны нығайту еліміздің дамуына әсер етері сөзсіз. Өйткені тек бақытты отбасы елдің бірлігі мен берекесінің тірегі бола алатыны ақиқат. Тек бірлігі жарасып, берекесі келіскен ел ғана  жетістікке жетері сөзсіз», деді Ләззат Рамазанова өз сөзінде.

Отырыс барысында қауіпсіздік, сот және құқық қорғау салаларында қызмет етіп отырған әйелдер жайлы, сондай-ақ олардың басшылық қызметке тағайындалуы туралы Жоғарғы сот, Бас прокуратура және Ішкі істер министрлігінің ақпараттары тындалды.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2000 жылғы 31 қазанда қабылдаған 1352 қарарда дағдарыс пен шиеленістердің алдын алу және оларды шешуде әйелдердің алар орны, сондай-ақ қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайтуға бағытталған барлық іс-әрекеттерде әйелдерге тең құқық берілуінің маңыздылығы жан-жақты қамтылған.

Қазіргі уақытта еліміздің сот корпусында жұмыс істейтін 2 382 судьяның жартысынан көбі - қыз-келіншектер (52,6%). Аудандық соттарда судьялық қызметтегі әйелдердің үлесі де артуда (54,3%). Сот жүйесіндегі әкімшілік-мемлекеттік қызметшілер қатарында әйелдер саны 65,4%-ды құрап отыр. Олардың ішінде 370 (61%) әйел басшылық қызметте. 1071 әйел прокуратура органдарында қызметте, бұл жалпы қызметкерлердің 22%-ы, оның ішінде 7%-ы (73) басшылық қызметті атқаруда. Соңғы бес жылда құқық қорғау қызметінде де әйелдер саны артқан. Қазіргі уақытта бұл салада 12 414 әйел (14%) қызметте болса, оның ішінде 657 әйел (5,3%) басшылық лауазымда.

Сонымен қатар отырыста Ұлттық комиссияның биылғы қызметіне қорытынды жасалып, келер 2022 жылға міндеттер аталып өтті.

Отырыс соңында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова Ұлттық комиссияның атынан әйел мен бала мүддесін қорғауға, елімізде отбасы саясатын нығайтуға қосқан үлесі үшін үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдеріне алғыс хаттар табыстады.

Қазіргі уақытта елімізде әйелдер мен қыздардың құқықтарын кеңейту, зорлық-зомбылықтан қорғау, репродуктивті денсаулықты нығайту салаларында халықаралық әріптестермен бірлескен бірқатар жобалар іске асырылуда.

Айта кетсек, іс-шара аясында «Тәуелсіз Қазақстанның отбасылық және гендерлік саясаты: табыстар мен жетістіктер» тақырыбында фотокөрме ұйымдастырылды.