• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Желтоқсан, 2021

Сенат Спикері жұмыс сапарымен Алматы қаласында болды

147 рет
көрсетілді

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Алматы қаласына барып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қала тұрғындарын егемендіктің торқалы тойымен құттықтаған ол отыз жылдың ішінде Қазақстан өз мемлекеттілігін толық қалыптастырғанын және іргесін бекітіп, шекарасын шегендегенін атап өтті.

Сенат Спикері Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында еліміз халықаралық қауымдастықтың белді әрі белсенді мүшесіне айналғанын, жаңа елордамыздың салынғанын және өңірлердің де қарқынды түрде өсіп-өркендегенін тілге тиек етті.

«Тәуелсіздік Алматының дамуына тың серпін берді. Соның нәтижесінде шаһар елімізде ғана емес, бүкіл посткеңестік кеңістікте ең қарқынды дамып келе жатқан қуатты экономикалық мегаполиске айналды. Еліміздің әрбір бесінші кәсіпкері осы қалада еңбек етуде», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы қазіргі таңда мемлекетіміздің алдында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеп берген жаңа міндеттер тұрғанына назар аударып, барлық салада азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған жүйелі реформалар іске асырылып келе жатқанын айтты.

«Бүгінде шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Ел Президентінің тапсырмасымен пандемия кезеңінде азаматтар мен кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін дағдарысқа қарсы шаралардың топтамасы қабылданды. Бұл реформалардың бәрі жүйелі сипатқа ие. Олар Тәуелсіздігімізді нығайтуға және азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған», деді Палата Төрағасы.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі тірегі саналатын агломерацияның дамуына баса мән беріп отырғанын жеткізді. Сенат Спикері бұл ретте Алматының әлеуеті зор екенін де қаперге салды.

«Алматыда сапалы адам капиталы шоғырланған. Мұнда болашақтың экономикасын «жаңғырту өзегі» саналатын креативті орта мен белсенді азаматтық қоғам қалыптасты. Еліміздің әр өңіріндегі дарынды жастар осы қалаға ағылуда. Алматы – ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрастыру жұмыстарына инвестиция салу бойынша көшбасшы шаһар. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл қаланың креативті экономиканы дамыту жөніндегі тәжірибесін бүкіл елге тарату қажет», деді Мәулен Әшімбаев.

Ол осы әлеуетті толық пайдалану үшін ел Президентінің тапсырмасымен жаңа «Агломерациялар туралы» заң жобасы әзірленіп жатқанын атап өтті. Палата Спикерінің айтуынша, Парламент депутаттары Алматы сияқты ірі және келешегі зор агломерацияларды одан әрі дамыту үшін пәрменді заңнамалық база құру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдайды.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев салтанатты жиынға қатысушыларға арнаған сөзінде тарихи тұрғыдан Тәуелсіздіктің бесігіне айналған мегаполистің ерекше рөлін атап өтті. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Алматыда Қазақстан Республикасының егемендігі ресми түрде жарияланды, мұнда тәуелсіз мемлекеттің негізгі құжаттары қабылданды.

«Алматыда ел үшін маңызды шешімдер қабылданды, Конституция, Мемлекеттік рәміздер қабылданды, Қарулы Күштер құрылды, ұлттық валюта енгізілді. Тұңғыш Президент сайлауының жалпыхалықтық нәтижелері де Алматыда жарияланды. 1998 жылы Тұңғыш Президент «Алматының ерекше мәртебесі туралы» Заңға қол қойды», Елбасы Алматыны «Тәуелсіздіктің алтын бесігі» дегенін атап өтті Бақытжан Сағынтаев.

Салтанатты жиын барысында Мәулен Әшімбаев пен Бақытжан Сағынтаев ел Президентінің атынан Отанымыз бен қаланың өсіп-өркендеуіне айрықша үлес қосқан алматылықтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады.

«Қазақстан бұл мерейлі белеске толайым табыспен жетіп отыр. Енді алдымызда жаңа ауқымды міндеттер тұр. Бұл ретте қолымыздағы барды бағалап, жетістіктерімізді еселей түсудің маңызы зор. Осы жолда бәріміз Тәуелсіздігімізді сақтау, қорғау және нығайту үшін бар күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет», деді Мәулен Әшімбаев.

Іс-шара соңында Сенат Төрағасы алматылықтарды мемлекет тарихының маңызды кезеңі саналатын Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тағы бір мәрте құттықтап, барша қала тұрғындарына елімізді дамыту жолында жаңа жеңістер мен жетістіктер тіледі.