• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Желтоқсан, 2021

Ұлы белестің ұлағаты мол

148 рет
көрсетілді

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық белесінде жарияланған «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласын бастан аяқ оқып шығып, үлкен әсерге бөлендім. Елбасы Тәуелсіздігіміздің темірқазығы боларлық тастай тұжырымдарды тайға таңба басқандай етіп көрсетіп беріпті. Ел тарихын арыдан тартып, беріге дейін жан-жақты тарқата келіп, Тұңғыш Президент: «Тәуелсіздікті жариялау оңай емес, оны бүкіл әлемге мойындату одан да қиын», деп түйіндепті.

Менің еңбек жолым сонау тың игеру жылдары басталды. 1956 жылдан бастап тыңгер жастармен қоян-қолтық араластым. Қыста совхоздың малын бағып, жазда трактор тізгініне отырдым. Онан кейінгі жылдары әр түрлі жауапты қызметтер атқардым. Елбасының мақаласын оқып отырып, өзім куә болған мына бір жай есіме оралды.

Елбасы сонау тоқсаныншы жылдары, алғашқы Президент сайлауы қарсаңында біздің өңірге келіп, облыс активімен кездескені есімде. Сол жиында Нұрсұлтан Назарбаев мінберге шығып ұзақ сөйледі. Бір аңғарғаным, оның ел жағдайына жете қанықтығы. Алда талай ауыртпалықтар күтіп тұрғанын, алайда ол сыннан өте алмаған халықтың болашағы бұлыңғыр болатынын айта келіп, халыққа қиындықтан шығу жолдарын түсіндірді. «Тәуелсіз мемлекет құру бұрын-соңды біздің тәжірибемізде болған жоқ. Бірақ дана халқымызда «Шешінген судан тайынбайды» деген нақыл бар, біз қазір кеңес­тің көнерген шапанын иығымыздан ысы­рып тастап, тәуелсіздік деген алып мұхит­тың жағасында тұрмыз. Ол мұхит сырттай сұлу көрінгенімен, ел болып ескегімізді тең еспесек, қауіпті ауыр толқындары түп­сіз тұңғиығына тартып әкетуі мүмкін. Сон­дықтан, ең бірінші бірлік, содан кейін тірлік керек», дегені жадымда жатталып қалыпты.

Нұрсұлтан Назарбаев сөзін аяқтап болған соң, залдан көп­теген сұрақтар түсті. Соның бәріне табан астында, қысқа да, нұс­қа көңілге қонымды жауап бе­ріп жатты. Ол кез желтоқсан оқи­ғасынан кейін біздің бас көтере алмай жүрген кезіміз еді. Сол жерде отырған Сағындық Орын­таев жолдасым екеуміз өзге тілді аудиторияны әп-сәтте баурап ал­ған бауырымызға керемет риза болып, төбеміз көкке жеткендей болды. Осыдан кейін-ақ, ел тізгіні нағыз лайықты тұлғаның қолында екеніне күмәнім қалмады. Мен өз басым сол аласапыран заманда саяси аренада Нұрсұлтан сияқты батыл қимылдайтын, жігерлі қазақтың болғанын тағдырдың бізге жасаған ең үлкен сыйы деп білемін.

Мұны айтып отырған себе­бім, Елбасының «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында айшық тапқан кесек ойлар мен бүгінде еліміз бағындырған биік белестердің көбі сол жиында алда орындалатын мақсаттар, жүзеге асырылатын жоспар-міндеттер ретінде айтылды. Мақаланы оқып отырып, Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің келешек даму бағытын осыдан отыз жыл бұрын айқын­дап қойған екен ғой деген ойға қалдым. Сол мінберде айтылған ауыртпалықтарды бүгінде бір­лік пен табандылықтың арқа­сын­да түгелдей еңсеріп, кемел келешекке ұмтылған тәуелсіз­дігі баянды елге айналдық. Сон­дықтан Тұңғыш Президенттің Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай айтқан тағылым-өсиетін Қазақстанның әрбір азаматы, әсіресе, өскелең ұрпақ – жастар жадына тоқып, өнеге алуы керек деп білемін.

 

Мырзағали ҚҰРМАНОВ,

зейнеткер

Қостанай облысы,

Тобыл қаласы