Тәуелсіздік күні қарсаңында Нұр-Сұлтанда «Сен туған Қазақстаныңды білесің бе?» республикалық балалар оқырмандар сайысы қорытындыланды. Аталған байқауды Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты және Shugylakіtap баспасы ұйымдастырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында «оқитын ұлтты» қалыптастыру үшін жас қазақстандықтар арасында оқу мәдениетін дамытуға және ілгерілетуге ерекше назар аударғаны белгілі. Осыған байланысты, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұлттық жаңғыру кезеңіне көшіру жөніндегі Жол картасына сәйкес балалар оқуының республикалық конкурсы өткізілді. Байқаудың басты мақсаты – кітап оқуға деген қызығушылықты қалыптастыру, өскелең ұрпаққа өз елі үшін мақтаныш сезімін тәрбиелеу және «Рухани жаңғыру» бағдарламасының идеяларын терең түсіну. Байқауға Қазақстанның барлық өңірлеріндегі 3 600-ден астам, жалпы білім беретін мектептерден 37 мыңнан астам орта буын оқушылары қатысты. Байқау процесі өңірлер әкімдіктерінің, облыстық, қалалық, аудандық білім бөлімдерінің көмегімен ұйымдастырылды.
Қорытынды республикалық кезеңге Қазақстанның бес өңірінен 25 бала қатысты. Байқау барысында қатысушылар туған өлкенің тарихы, мәдениеті, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасының принциптері бойынша сұрақтарға жауап беріп, квестке қатысты. Нұр-Сұлтанда «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының кеңсесінде республикалық конкурстың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов, «Рухани жаңғыру» КеАҚ басқарма төрағасы Асылбек Есенбаев, облыс әкімдерінің орынбасарлары, жеңімпаз өңірлердің білім басқармаларының басшылары және тікелей байқауға қатысушылар қатысты.
Байқауға қатысушыларды құттықтай отырып, Б.Тілепов: «Аталған байқаудың оқу-танымдық базасы болып табылатын кітаптар Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері, мәдениеті, салт-дәстүрлері, тарихи ескерткіштері, киелі орындары туралы баяндайды. Ғасырлар даналығы, халық мақалдары, мәтелдер, жұмбақтар түрінде, сондай-ақ таулар мен даланың аңыздары оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, ұлттық кодтың сақталуына ықпал етеді», деді.
Байқау комиссиясының шешіміне сәйкес, бесінші орынды Жезқазған қаласының «Өркен» мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Назым Жолтай иеленді. Төртінші орынды Ақтөбе облысы Шалқар ауданы облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатының оқушысы Фатима Муапыкова алды. Үшінші орынға елордалық №86 мектеп-гимназиясының оқушысы Ералы Қозы ие болды. Екінші орынды Байқоңыр қаласындағы №273 орта мектептің оқушысы Ұлдай Қаратаева жеңіп алды.
«Сен туған Қазақстаныңды білесің бе?» деген тақырыпта Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы №5 орта мектебінің оқушысы Жанель Тоқанова баяндама жасады. Жеңімпаздар арнайы грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Іс-шара соңында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Б.Тілепов аудандар мен қалалардың мектеп кітапханаларының жеңімпаз оқушыларына кітап оқуға деген қызығушылығын одан әрі арттыру үшін бірқатар көркем кітап түрінде сыйлықтар жіберілгенін атап өтті.