• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Парламент 13 Желтоқсан, 2021

Сенаторлар Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң жобасын қарайды

255 рет
көрсетілді

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Бюро отырысы болды. Онда депутаттар Сенаттың 2021 жылғы 20 және 23 желтоқсанда өтетін отырыстарының күн тәртібін бекітті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенаттың 20 желтоқсандағы отырысының күн тәртібіне төмендегі заң жобаларын қарауға енгізу туралы шешім қабылданды.

Депутаттар бастамасы бойынша әзіргенген «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасы. Ол Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық мәртебесі мен оның қызметінің ұйымдастыру негіздерін дербес заңнамалық актіде бекітуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ оның өңірлік өкілдері құрылатын болады, Омбудсменнің мемлекеттік органдармен, қоғамдық және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылы реттеледі.

Сенаторлар сонымен қатар құжатқа ілеспе үш заң жобасын қарайды. Олар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің мәселелері бойынша толықтыру енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» болып отыр.

20 желтоқсанда өтетін Сенат отырысының күн тәртібіне «Өнеркәсіптік саясат туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік саясат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары да енгізілді.

Олар өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды қаржыландыруды, өңдеуші өнеркәсіптегі отандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтерінің экспортын дамыту мен ілгерілетуді және жалпы алғанда еңбек өнімділігін арттыруды ынталандыруды қоса алғанда, өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандырудың бірқатар маңызды шараларын белгілеуге бағытталған.

Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аясының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді ендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралатын болады.

23 желтоқсандағы Сенат отырысының күн тәртібіне тағы сегіз заң жобасы енгізілді.

Ипотекалық қарыз алушылардың құқықтарын күшейтуге, мүлікті бағалау мен сатудың ашықтығы мен объективтілігін арттыруға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару, екінші деңгейдегі банктердің кепілдік саясатын, бағалау қызметін реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»заң жобасы.

Сондай-ақ сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарайды. Оның негізгі бағыттары кәсіпкерлікке мемлекеттің қатысуын қысқарту, кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік қолдау шараларына және мемлекеттік органдардың сатып алуларына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету болып табылады.

Бұдан басқа, Сенат отырысының күн тәртібіне «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобалары және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» екі заң жобасы енгізілді. Олар жануарларды ұстау кезінде жалпы және арнайы талаптарды орнатуды және оларды қатыгездіктен, азап пен өлімнен қорғауды қарастырады.

Сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өлім жазасын жою мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сауда қызметі, биржалық сауданы дамыту және дербес деректерді қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын қарайды, және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты ендіру және Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының жекелеген функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарын басшылыққа алады.

Бұдан басқа, Бюро отырысында Сенаттың тұрақты комитеттері арасында одан әрі жұмыс жүргізу үшін заң жобалары бөлінді.