«Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығының ұйымдастыруымен «Әрбір бала – бұл микрокосмос, Әлем...» тақырыбында Екінші қазақстандық ата-аналар оқулары өтті. Іс-шараға Білім және ғылым министрлігі, облыстық білім басқармаларының өкілдері, шетелдік серіктестер, ғалымдар, мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарының, кәсіптік-техникалық және жоғары оқу орындарының жетекшілері мен өзін өзі тану мұғалімдері, ата-аналар қатысты.
Ата-аналар оқулары «Өзін өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының авторы Сара Назарбаеваның бейнедәрісімен ашылды. Сара Алпысқызы құттықтау сөзін айтып, ата-аналардың бала тәрбиесінде алатын орнының маңыздылығына тоқталды.
«Әрбір бала өзінше шағын ғарыш, әлем деседі. Ол бұл дүниеге жай ғана емес, өзінің ерекше міндетімен келеді. Адам баласы дегеніміз – Жоғары дүниеден жер бетіне жіберілген тіршілік иесі. Барлық балалардың қайталанбас дарынды екеніне, барлығын Жаратушы таланттан кенде етпегеніне мейлінше сенемін. Біз тек бала бойындағы сол қасиетті тауып, аша білмейміз, оны ашуға ұмтылмаймыз. Тек толыққанды тұтас руханиятпен сусындаған тәрбие ғана адамның тұйық қалпын жеке тұлға деңгейіне көтеріп шығаруға қабілетті», деді С.Назарбаева.
Ата-аналар оқуларында Халықаралық Гуманды педагогика орталығының президенті, академик, профессор, психология ғылымдарының докторы Шалва Амонашвили осындай оқулардың өткізілуі қазіргі таңдағы қажет мәселелердің бірі екенін атап өтті.
«Басты мақсат – мейірімді және қайырымды адам тәрбиелеу. Егер ата-анасы оған үлкен мұра қалдырмаса, мейірімді де қайырымды адам жоғалып кете ме? Әрине, жоқ, өйткені оның рухани құндылықтары бар. Кез келген бала сұлулық сезімімен туылады. Ал ата-аналар бұл сезімді қолдап, дамытуы керек. Бұл нені білдіреді? Айналаны сөз сұлулығымен, үйдегі қолайлы атмосферамен, жылы отбасылық мейіріммен толтыру. Сөйлеу – Жаратушының берген үлкен сыйы, сондықтан бос әңгімеге уақытыңызды кетірмеңіз. Даналықты сөзбен жеткізіңіз, сүюге, кешіруге, жанашырлыққа, рухани дамуға баулыңыз, сонда бала жақсы сөз арқылы өседі» деп Шалва Амонашвили құнды ұстанымдарымен бөлісті.
Сондай-ақ оқуларды өткізу барысында орта білім беру басшылары, өзін өзі тану мұғалімдері, ата-аналар заманауи тәрбиенің маңызды тақырыптары мен мәселелері, ата-аналардың рөлі және отбасының рухани құндылықтары аясында ойларымен бөлісіп, баяндамаларын көпшілікке ұсынды. Көпшілік тарапынан осындай өте маңызы бар ата-аналар оқуларының алдағы уақытта да өтуін қалайтындықтарын білдірді.
Оқулар ZOOM платформасында онлайн режімде өтті, Fasebook-тегі «Өзін өзі тану. Бөбек» парақшасында оқулардың тікелей трансляциясы болды. ZOOM платформасында және тікелей эфирде шамамен 2000 адам қатысты.
Елена ЛОСЕВА,
«Бөбек» орталығы бас директорының орынбасары