Нұр-Сұлтандағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында грек-рим күресінен ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті.
Әр жылдары әлемдік және құрлықтық жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілген балуандар арасындағы белдесулерді көруге көрермен көптеп жиналды. Әсіресе, 77 кило салмақ дәрежесінде бәсекелестік тым күшті болды. Атыраулық Мақсат Ережепов, қостанайлық Тамерлан Шадукаев және Демеу Жадыраев арасындағы тартыс өте шиеленісті өтті. Осылардың арасынан Мақсаттың мысы басым болды. 60 кило салмақта тосын нәтиже тіркелді. Финалда өскемендік Ернұр Фидахметов пен қызылордалық Айдос Сұлтанғали сайысқа түсіп, бұл тартыс Кенді Алтайдан келген апайтөстің пайдасына шешілді. 97 кило салмақта талай байрақты бәсекеде атой салған Ерұлан Ысқақовты ойда-жоқта есімі көпшілікке беймәлім Алматы облысының өкілі Санжар Серікқан сан соқтырып кетті.
Сондай-ақ белдесулер қорытындысы бойынша петропавлдық Аманғали Бекболатов (55 кило), ақтөбелік Мейрамбек Айнағұлов (63 кило), шымкенттік Мейіржан Шермаханбет (67 кило) пен Әлімхан Сыздықов (130 кило), түркістандық Абылайхан Әмзеев (72 кило), талдықорғандық Диас Қален (82 кило) және өскемендік Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кило) бас жүлдені қанжығаларына байлады.