• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Желтоқсан, 2021

Ел дамуына еселі еңбек сіңірген білім ордасы

856 рет
көрсетілді

Егемен еліміздің еңсесін көтеру жылдары бір ерекше білім ордасы бой көтерді. Ол еліміздің мемлекеттік басқару жүйесінің іргесін қалауға еселі үлесін қосқан ең алғашқы ұлттық кәсіби мамандарымызды даярлаған Президент жанынан құрылған Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебі (ҰЖМБМ) еді. Бұл мектептің құрылуы мен даму жолы ел тарихының ажырамас бөлігі болды. Білім ордасынан түлеп ұшқан білікті мамандарымыз бүгінде елге тұтқа болып, әртүрлі салаларда абыройлы қызмет істеп жатыр.

Еліміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекеттің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру және экономиканы жаңаша құру жағдайында ел басқару ісіне қабілетті мемлекеттік аппаратқа өте мұқтаж болды. Осы ретте Мемлекет басшысының отандық менеджерлер элитасын қалыптастыру және жоғары кәсіби кадрларды даярлау идеясы елдің тәуелсіздігін нығайту бағытында стратегиялық сипат алды.

Еліміздің 30 жылдық даму кезеңінің маңызды жетістіктерінің бірі – іргесі 1994 жылы қаланған ҰЖМБМ қалып­тастыру туралы Қазақстан Респуб­ли­касы Президентінің Қаулысына (1994 жылғы 29 тамыздағы №1845) сәйкес мемлекеттік қызметкерлерді даярлау жүйесінің құрылуы. Саяси кадрлар­ды даярлаудың бірінші ұлттық моделі болған менеджерлердің жаңа ор­тасын қалыптастыру үшін ҰЖМБМ біре­гей жобасының қажетті­лігі және іске қосылуы тәуелсіз Қа­зақ­станның қалыптасу таңында Тұңғыш Прези­дентіміз – Елбасы Н.Назар­баев­тың инновациялық ойлауы мен көреген­ділігінің жарқын айғағы болды.

ҰЖМБМ оқу ордасы болған уақытта 1994-1998 жылдары кезеңінде мемлекеттік басқару ісінің жаңа формациядағы 83 менеджері даярланды. Бірінші тың­даушыларды қабылдау 1995 жылы жүзе­ге асырылды. Мемлекеттік және жергі­лікті басқару саласында отандық мамандардың бірінші түлектерін оқытып шығарғанына биыл 25 жыл болыпты. Бүгінгі таңда мектептің түлектері биліктің орталық және жергілікті мемлекеттік ор­ган­дарында, ұлттық компанияларда, халықаралық орталықтарда және кәсіп­керлік құрылымдарда еңбек етіп жатыр.

Мектептің бірінші директоры болып 1994 жылы Н.Дәненов тағайындалды. Бастапқы кезеңде мектеп басшылығының алдына қысқа мерзімде кадр саясатын қалыптастыру және материалдық-техникалық базасын құру бойынша мәселелер қойылды. Мектепті бұрынғы Алматы жоғарғы партия мектебінің, бүгінгі Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтының ғимаратына орналастырды. Бірте-бірте оқытушылық қызмет атқаратын ұжымы қалыптаса бастады, мектептің қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілер әзірленді.

Оқу-әдістемелік базасын құру, алғашқы тыңдаушыларды қабылдауға әзірлік жасау алдын ала дайындық жұмыстарын қажет етті. Бұл көлемді жұмыстарды Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы сәуірдегі өкімі бойынша директор болып тағайындалған Хайыржан Тақуов жалғастырды.

Мектептің құрылымы мен қызметі халықаралық тәжірибені ескере отырып қалыптастырылды. ҰЖМБМ құру үшін үлгі ретінде қазіргі уақытта нәтижелі қызметін атқарып жатқан және Франция үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін де басқарушы элитаны даярлайтын Шарль де Голле атындағы Француз Ұлттық әкімшілік мектебінің моделі таңдап алынды. Тиесілі ұйымдастыру-әдістемелік және кадрлық көмек көрсету үшін Франциядан кеңесшілер шақырылды. 1995 жылдан 1997 жылдарға дейінгі кезеңде Кристиан Виссанти атқарған мектептің басқарушы директоры лауазымы енгізілді.

ҰЖМБМ оқу орны болған кезеңде, «Абай», «Жамбыл» және «Әуезов» курс­тарына 3 жиналымға ұйымдастырылған тыңдаушыларды қабылдау жүзеге асырылды. Мектептің ерекше мәртебесі ең алдымен Президент Әкімшілігі тарапынан тікелей үйлестірілуі, ерекшеленуі және оқу бағдарламаларының жаңашыл болуы, оқытушыларды да, тыңдаушыларды да таңдаған кезде алдыңғы қатарлы халықаралық әдістемелердің қолданылуы арқылы шартталған болды. Тыңдаушылар контингенті мемлекеттік органдардың ұсынымдары және қабылдау емтихандарын тапсыру нәтижелері ескеріле отырып конкурстық негізде таңдап алынды. ҰЖМБМ түлектерінің – «Абай» мектеп бітірушілерінің бірінші дипломдары С.Қапаровқа, Ж.Әбділдинаға, Қ.Келімбетовке, А.Перуашевқа, Ф.Қуан­ғановқа, Ә.Көмекбаевқа, М.Мұсатаевқа, А.Наурызбаевқа, Б.Нұрмұхамедовке, А.Салғаринге, Б.Баспақовқа, Б.Исаевқа, Е.Сәрсекеевке, И.Стенниковаға және басқаларға тапсырылды.

Екінші «Жамбыл» мектеп бітіруші түлектері болып 1997 жылы Т.Батпенов, А.Асатова, А.Мұхамедиұлы, Б.Дембаев, Д.Қалетаев, Қ.Әйтекенов, Б.Қанешев, М.Мұханов, Б.Есекина, М.Әбсаттаров, М.Құ­сайынов, М.Махмұтова, О.Нұрбаев, Б.Аман­баев, Е.Өмірбаев, Г.Баенова, Қ.Жүсі­пов, А.Туқаев, М.Шлымов, Н.Гали­хин, Т.Шатохина және басқалар оқу бітірді.

Үшінші «Әуезов» мектеп бітіруші түлектері болып 1998 жылы К.Ахметова, Ә.Исекешев, М.Қажыкен, Ш.Қазыбаева, Ә.Жұмаев, Т.Ысқақов, Г.Исакова, Е.Құнан­баев, Қ.Сүгір және басқалар оқу бітірді.

1997 жылы «Қазақстан – 2030» ұзақмерзімді стратегиясының негізгі бағыттарының бірі кәсіби Үкімет қалып­тастыру болды. Мемлекеттік қызметті реформалау мақсатында біліктілікті арттыруды да, қайта даярлауды да қосып ескеретін мемлекеттік қызметшілерді оқытудың біртұтас жүйесін құру бойынша мәселе қойылды. Осыған байланысты Президенттің 1998 жылғы 18 қыркүйектегі №4075 Жарлығымен Президент жанын­дағы Ұлттық жоғары мемлекеттік басқа­ру мектебі Үкімет жанындағы Мемле­кеттік қызметкерлердің қайта даяр­лау және біліктілікті арттыру институтымен біріктіру жолымен Президент жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясына түрлендірілді. Қазір бұл оқу орны Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы деп аталады.

Осылайша ҰЖМБМ оқу ордасы тәуелсіз Қазақстанның тарихына менеджерлік элитаны даярлаудың бірінші мектебі болып енді және мемлекеттік басқару жүйесі үшін кадрлар даярлау ісінде ұлттық жүйенің негізін салды. Қазіргі уақытта ҰЖМБМ-нің көптеген түлегі биліктің орталық және жергілікті органдарының, ұлттық компаниялардың, ғылым саласы және білім беру мекемелерінің, бизнес-құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың басқарушылары мен жауапты қызметкерлері болып жұмыс істейді.

Бүгін осы мектептің алғашқы түлек­терінің мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жатқанына да ширек ғасыр өтіпті. Бүгінде олардың ресми түрде тіркелген «Президент жанындағы Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебін бітірушілер ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі бар. Қоғамдық негізде жұмыс ат­қаратын бұл ассоциацияның негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы белгілеп берген басым бағыттарды жүзеге асыруда өз ісіне берілген және халық игілігіне қорған болуға қабілетті мемлекеттік қыз­мет­шілердің тиімді және заманауи өкіл­дерінің өсіп жетілуіне ықпал жасау; мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін көтеруге қатысты ұсыныстар беру; мемлекеттік қызмет үдерістерінде кәсіби білімнің және ғылыми зерттеулердің беделін күшейту.

Бұл қоғамдық бірлестік осы уақыт­қа дейін ҰЖМБМ тарихының мерейлі ке­зеңдерінде Мемлекеттік басқару акаде­мия­сымен, Nur Otan партиясымен, Франция елшілігімен, Мемлекеттік қызмет­тің өңірлік хабымен, елорда әкім­дігімен бірлесіп, сондай-ақ бас­қа да мем­лекеттік қызметкерлердің және Ака­де­мия тыңдаушыларының қаты­суы­­мен кеңейтілген халықаралық және респуб­ликалық деңгей­дегі форум­дар мен конференцияларды, басқа да кез­десу­лерді жиі өткізіп тұрады. Онда тал­қы­ланған тақырыптар мен мәселе­лер­дің қорытындылары бойынша әр сала­­дағы мемлекеттік органдарға өзде­рі­нің ұсыныстарын жіберіп, даму-жетіл­діру жөніндегі ұстанымдарымен, тәжі­рибелерімен, ой-пікірлерімен бөлісуді жүзеге асырады. Бұдан басқа мектеп тыңдаушыларының өзара бірлесіп мәдени, спорттық, отбасылық шараларда бейресми кездесулер өткізулері де олардың бір білім ұясынан түлеп ұшып ынтымағы жарасқан достық қарым-қатынастарының көрінісі деп айтуға болады.

Мектеп директоры Х.Тақуов тыңдау­шылардың әрқайсысына бірегей тұлға, ел басқарудың болашақ білікті маманы ретінде қарайтын. Оқу бағдарламалары бойынша тыңдаушылардың кәсіби тал­ғамына қарай, төл мамандығы мен төрде отырып жұмыс атқаратын саласының ерекше­ліктеріне қарай және болашақта еңбек ететін ықтимал жұмыс орынына қарай олармен жеке білім беру жоспарын құруға ұмтылатын. Тыңдаушылардың білім меңгеру деңгейін бағалайтын жоба­лық зерттеулері мен дипломдық жұмыстарының тақырыбы мен мазмұнын әркімнің еңбек етіп жүрген өз саласындағы проблемаларды шешу жолдарына бағыт­тай­тын. Осылайша мемлекеттік органдар мен мекемелердің қызметімен біте қайнасқан мектептің оқу бағдарламалары өз жемісін берді. Әсіресе, мектеп түлектері «Қазақстан – 2030» Стратегиясының жобасын дайындап, қолданысқа енгізуде де, одан кейін оның негізгі бағыттары мен басымдықтарын жүзеге асыруда да үлкен белсенділік пен біліктілік танытты.

Мектеп қабырғасында білім берген ұстаздарымыз Халифа Алтай, Нағашыбай Шәйкенов, Оралбай Әбдікәрімов, Марат Тәжин, Виталий Шопин, Игорь Рогов, Жолымбет Баишев, Мирболат Жақыпов, Болат Жәмішев, Жақсыбек Құлекеев, Алтай Тілеубердин, Нүрилә Шаханова, Әмірет Қонысбаев және басқа да шетелден арнайы шақырылған оқытушы мамандар бұл мектепті бітірушілердің өзін тұтас жаңа элита деп қарайтын.

Сонымен қатар мектептің оқу процес­тері шеңберінде Үкімет отырысының, мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар­дың алқалы отырыстарының модельдерін жобалайтын (қайталайтын), олардың жұмыстарына қатысушы лауазымды адам­дар­дың рөлдері алдын ала өзара үлестірілген баяндамашылары мен сөз сөйлеушілерін іскерлік ойын түрінде оқушылардың өздері сомдайтын, қоғам мен мемлекеттік басқарудың әр алуан проблемалы тақырыптарына арналған халықаралық немесе республикалық деңгейдегі кішігірім форумдар мен конференциялар өткізілетін. Тақырыптар мен проблемаларды талқылаудың нәтижесінде тұжырымдар мен қорытындылар жасалып, өткізілетін іс-шараның немесе алқалы орган кеңесінің атынан ұсыныстардың, ұсынымдардың, қарарлардың жобалары дайындалатын.

Биыл да қараша айында ҰЖМБМ түлектерінің ассоциациясы Мемлекеттік басқару академиясымен және Мемлекеттік қызмет саласының Астана хабымен бірлесіп Тәуелсіздіктің 30 жылдығына ар­нал­ған «Тәуелсіз Қазақстанның мемле­кеттік қызметін кәсібилендіру: саясат, практика және сын-қатерлер» халықаралық конференциясын өткізді. Тағы да тың идея­­лар айтылып, ұсыныстар қабылданды.

Тәуелсіз еліміздің тұғыры бүгінде нығайды, енді орнықты дамудың ізімен еңсесі биік елдердің қатарына қосылуға қауқарлы екенімізді дәлелдейтін кезең өтіп жатыр. Бұл жауапты кезеңде де елге қызмет етіп жүрген ҰЖМБМ тәмамдаған кәсіби мамандардың иығына түсетін салмақ еселене түсетіні анық.

 

Мүталап ӘБСАТТАРОВ,

ҰЖМБМ «Жамбыл» жылының түлегі, Президент Әкімшілігінің Орындалуды бақылау секторының меңгерушісі