Қызылордада баспана кезегінде тұрғандарға Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында шаһардың сол жағалауындағы 680 пәтерлік 14 тұрғын үйдің кілті берілді. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мен қала әкімі Ғанибек Қазантаев қатысқан шарада пәтерлі болғандардың дені көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылар.
Аймақ басшысы тұрғындарды қоныс тойымен құттықтап, Қызылорда тұрғын үй құрылысы жағынан басқа өңірлермен салыстырғанда көш басында келе жатқанын атап өтті. Тәуелсіздік алған 30 жылда облыста 8 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілген.
– Баршаңызды алдымен еліміздің ең басты ұлық мерекесі – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Құрылысы қарқынды Қызылордамызда бүгін тағы бір жаңа тұрғын үйді пайдалануға беріп, пәтер иелерінің қуанышын бөлісіп отырмыз. Баспаналарыңыз сәбидің күміс күлкісіне бөленіп, шаңырақтарыңыздың шаттығы үзілмесін, – деді Г.Әбдіқалықова.
Аймақ басшысы тұрғын үйлерді уақтылы және сапалы салған мердігер мекеме басшыларына да ризашылығын білдірді. Биыл облыста 2 408 пәтерлік 110 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Жыл соңына дейін 1 608 пәтерлік 94 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Қызылорда облысы