Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстан» телерадиокорпорациясының мәдени мұраны цифрландыру бағытындағы бірегей жобасы altynqor.com медиа порталы іске қосылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сайтта қазақ телевизиясы алтын қорындағы 1930 жылдардан бергі видео және аудиоматериалдар, сондай-ақ тәуелсіздік жолындағы айтулы тарихи оқиғалар топтастырылған.
Медиа портал «Бейнеқор», «Аудиоқор», «Тұлғалар» және «Фото архив» бөлімдерінен тұрады. Әр бөлімде телевизия және радио ардагерлерінің, қазақ әдебиеті мен мәдениеті қайраткерлерінің сұхбаттары, естеліктері, жеке архиві топтастырылды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бастамасын жүзеге асыру мақсатында сайтқа батырлар жырының 50 нұсқасы, 100 күй, 100 ертегі, сыңсу және өзге дәстүрлеріміз туралы ақпараттар енгізілген.
«Бейнеқор» бөлімінде С.Әшімбаев, Ш.Мұртаза, С. Оразалин жүргізген «Парыз бен қарыз», «Ұлт және сана», «Сұхбат» бағдарламаларымен қатар, әр жылдардағы «Тамаша», «Халық қазынасы», «Асыл мұра», «Адам іздеп жүрмін», «Келесі аялдама», «Кеш жарық», «Күлтөбе» сынды 800-ден астам бөлімнен тұратын 50 телехабарлар циклы, «Советтік Қазақстан» киножурналы мен «Қазақтелефильм» өндірістік бірлестігінің жобалары бар.
«Тұлғалар» бөлімінде К. Әзірбаев, М. Әуезов, С.Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, Ә. Тәжібаев, Ш. Жиенқұлова, К. Байсейітова, Ш. Айманов, Ш. Айтматов, Қ. Мырза Әлі сынды тұлғалардың қатысуымен әр жылдары түсірілген бейнетоптамалар қамтылды
«Аудиоқор» бөліміне 1954 жылдан бері сақталған М.Әуезов, С.Мұқанов, І.Есенберлин, Б.Соқпақбаев, Ғ.Мүсірепов сынды 100 ұлт қайраткерінің әр жылдары жазылып алынған дауыстары бар.
Бүгінде «Алтын қорда» 110 мыңнан астам бейне және аудиоматериал болса, оның қатары жыл сайын 1000 материалмен толықтырылып отырады.