Ел үшін еркіндікке қол жеткізу қаншалықты маңызды болса, сол еркіндікті, тәуелсіздікті уыста ұстап қалу мәселесі де соншалықты маңызды. Өткен үш онжылдыққа бұрылып қараған сайын осындай ойда қаламыз. Ең бастысы, бостандықтың бозала таңы бозарып атқан тұста ұлттық қауіпсіздігімізді, тұтастығымызды қамтамасыз етуде барынша еңбек еткен тұлғалар болды. Бұл ретте біз әр жылдары жауапты қызметтерді атқарып, Қазақстанның қалыптасу кезеңінде тер төккен аптал азамат Сәт Тоқпақбаевпен әңгімелескен болатынбыз.
– Сәт Бесімбайұлы, Отанымыздың тәуелсіздігінің баянды болуының бірден-бір кепілі – күштік құрылымдар екені анық. Кеңес Одағы ыдыраған тұста жас мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары қалай жүрді?
– Жалғыз Қазақстан ғана емес, ТМД аумағындағы мемлекеттердің барлығы дерлік Кеңес өкіметінің шекпенінен шықты ғой. Ол уақытта өндіріс орындары тікелей Мәскеуге бағынатын еді. Бұған қоса шегенделген шекарамыз да болған жоқ. Шекарасы болмаса – мемлекет те болмайды. Сондықтан жас мемлекеттің алдында тұрған басты мәселе – шекараны бекіту болды. Бұл ретте, Ресейдің осы шекара мәселесіне жауапты орган басшылары Қазақстанға арнайы келіп, келіссөз жұмыстарын жүргіздік. Сол кезде Ресей тарапы Қазақстанның шекарасын күзетейік деген ұсыныс жасады. Себебі КСРО құрамынан енді-енді бөлініп шыққан бірқатар мемлекет шекара күзетін нақ осы Ресей Федерациясына табыстаған болатын. Мен оған келіспедім. Себебі тәуелсіз елдің ең басты құндылығы осы шекара. Оны өзге мемлекетке күзеттіріп қоюға болмайды. Бұған Ресей тарапы бірден келісе кеткен жоқ. Ендеше Ресейдің батыс шекарасын біз күзетейік деп қарсы ұсыныс тастадым. Осы сөзімнен кейін көрші мемлекеттің өкілдері өздерінің ұсыныстарын қабыл алмайтынымды түсінді. Тіпті осы мәселе туралы Елбасына да баяндадым. «Бұл туралы өзің не ойлайсың?», деді. «Егемен еліміздің шекарасын өзіміз күзетпесек, кім күзетеді?» деп едім, Нұрсұлтан Назарбаев «Өте дұрыс» деп сөзімді қоштады. Ол уақытта премьер-министр Сергей Терещенко болатын.
Әрине қай кезде болсын шекараны белгілеу мәселесі аса қиын. Шекараны делимитациялау және демаркациялау деген ұғымдар бар. Қос тарап шекараны алдымен картаға, содан кейін барып нақты орналасқан жерінде белгілейді. Мәселен, шекараны белгілеп келе жатқан кезде қарсы алдыңнан үй шығуы мүмкін. Сондықтан шекараны белгілеу мәселесі оп-оңай шешіле салған жоқ. Ұлтарақтай жер үшін тартыстық. Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік шекарасы осы іспеттес қиындықтармен орнаған-ды.
– Егемен елдің күштік құрылымдарын қалыптастыру кезеңіндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі жайлы не айтасыз?
– Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан КП ОК Бірінші хатшысы болғанын білесіздер. Сол тұста Қазақ КСР МҚК-ның төрағасы Николай Вдовин есімді азамат еді. Мен сол кезде аталған органның басқарма басшысы едім. Төрағадан «Ішкі жағдайды жақсы білесің. Соны Нұрсұлтан Назарбаевқа барып баянда» деген тапсырма алдым. Келісілген уақытта Бірінші хатшының кабинетінен табылып, әскери тәртіппен орысшалап «Здравия желаю! Осылай да осылай келіп тұрмын» дей беріп едім Нұрсұлтан Әбішұлы орнынан тұрып, «Ассалаумағалейкум, Сәке» деп қазақы дәстүрмен амандасты. Әп-сәтте әлгі әскери тәртіп жайына қалып, ұзын үстелдің жанына жайғастырды. «Барлығын айт, жасырма» деді. Кеңес заманында мемлекет өзге емес, тіпті өз халқына сенімсіздікпен қарайтын еді. Басқарма басшысы ретінде мен де кімнің қалай жұмыс істеп жатқанын жақсы білетінмін. Сол кезде ел тізгінін ұстап тұрған тұлғаға бұдан соң қашан жолығамын дейсің деген ой келіп, барлық жағдайды жасырмай жайып салдым. Нұрсұлтан Әбішұлы үндемей тыңдап отырды да, баяндамамның соңында орнынан тұрып «Баяндамаң үшін рахмет. Көп жайтты жасырмай баяндадың. Алдағы уақытта да шындықты айтып отыр», деп ризашылығын білдірді. Елбасымен ең алғаш таныстығым осылай басталды. Осы жүздесуден соң көп уақыт өтпей Николай Вдовиннің орнына Болат Баекенов есімді азамат ҰҚК-ның бастығы болып бекітілді. Ал мен осы органның Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша басқарма басшысы болып тағайындалдым.
Қазақ халқы «жай адам патша болмайды» дейді ғой. Расымен де Нұрсұлтан Назарбаев жай адам емес. Көп жыл қатар қызмет еткен адам ретінде айтып отырмын мұны. ҰҚК-ны басқарған кезім де болды. Сол кезде түрлі лауазымды қызметкерлерді жинап алып «Сіздер алпауыт елдердегі әріптестеріңізден бір мысқал да кем емессіздер», деп жігерімізді жанып, айбынымызды асырып отыратын еді. Ақыл-кеңесін айтып, тәлім-тәрбиесін беріп, бағыт-бағдарын нұсқай білді. «Алдымызда тұрған ең негізгі мәселе – тәуелсіздіктен айрылып қалмау. Бабаларымыз аңсаған еркіндікке біздің қолымыз жетті. Енді соны уысымыздан шығарып алмауымыз керек», деп үнемі айтып келді. Бұл ретте, бұрын МҚК-да қызмет еткенімді ескеріп, ұлттық қауіпсіздік саласында қандай мәселе барын сұрады. «Мен КСРО-ның мектебінен өткен адаммын. Оның тәжірибесін жақсы білемін. Алайда АҚШ сынды алпауыт елдердің тәжірибесін ескерген де жөн болар еді», дедім. Бірер күн өткен соң Нұрсұлтан Назарбаев шақырып алып, АҚШ-қа аттанатынымды, бұл туралы арнайы келісім жасалғанын жеткізді. Сондағы мақсатымыз АҚШ-тың арнаулы органының қызметімен танысу болды. Қасыма өзіммен бірге тағы екі азаматты қосып беріп, үшеуміз Америкаға табан тіредік. Осы мемлекеттегі Президенттің күзет қызметінің жұмысымен таныстық. Онда бізді Орталық барлау басқармасының директоры Роберт Вулси қабылдады. Шынын айтайын, аса жылы қабылдау болды. Негізі, арнаулы органдардың қызметкерлері өзге елдегі әріптестеріне құпияларымен бөлісе бермейді ғой. Алайда бұл жолы басқарма директоры ондай әрекетке барған жоқ. Көп тәжірибесімен бөлісті. Жолға шығарда өзіммен бірге қазақтың қамшысын және арнайы тапсырыспен әзірленген шағын кілемге Роберт Вулсидің бейнесін бедерлеп, сыйлық ретінде ала барған болатынмын. Оның өзі айтарлықтай қиындық тудырды. Неге десеңіз, алдымен барлау басқармасы директорының суретін табу керек болды. Амалсыз қауіпсіздік саласында қызмет ететін Мәскеудегі бір досыма өтініш жасадым. Ол келісімін беріп, суретті ҰҚК-ның басшылығына жіберетінін айтты. Ақыры осы қамшыны Роберт Вулсиге тапсырып тұрып, оны тәртіптің нышаны ретінде таныстырып, табыстадым. Барлау басқармасының директоры өте разы болды.
АҚШ-та жүргенімізде Елбасы үнемі хабарласып, жағдайды біліп отырды. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанға Роберт Вулсиді шақырсақ қалай болар екен деген ұсыныс жасап едім, Тұңғыш Президентіміз бірден келісімін берді. Роберт Вулси де шақыруды шын ықыласпен қабылдады. Сөйтіп, Қазақстанға қайтып ораламыз дегенімізше 2 Боинг ұшағымен барлау басқармасының директоры да соңымыздан келіп қонды. Елбасының қабылдауында да болды. Алып мемлекеттің арнаулы органымен байланысымыз осылай нығая бастады. Міне, Тұңғыш Президентіміздің ел егемендігін қызғыштай қорып, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында маңызды қадамдар жасай білгенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Елбасы егемен елдің еңсесін тіктеді. Кейін осы тәжірибе ескеріліп, елімізде Президенттің күзет қызметі, Республикалық гвардия құрылды. Президенттің күзет қызметі тек Елбасы мен Үкімет мүшелерін ғана емес, сондай-ақ айрықша маңызы бар нысандарды да күзетті.
– Сіз егемендіктің елең-алаңында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып тағайындалдыңыз. Жаңадан құрылған арнаулы органның жаңа басшысы ретінде кадр даярлау мәселесінде қандай қадамдар жасадыңыз?
– Еліміз егемендік алған жылдары ең алдымен маман тапшылығы сезіле бастады. Көшетіні көшіп, кететіні кетіп жатқан уақыт қой. Тәуелсіз Қазақстанның кадрлары дайындала қоймаған, жоқтың қасы. Не әскери, не қауіпсіздік мәселесінде маман даярлайтын жоғары оқу орны болған жоқ. Сол тұста түрлі училищелердің базасында арнайы оқу орындарын құра бастадық. Ендігі қиындық – профессорлық-оқытушылық құрамның жоқтығы еді. Осы кезде көрші елдердің профессорларын, генералдарын дәріс оқуға шақырттым. Ал қарамағымдағы жігіттерге сол дәрістерді жазып алуды тапсырдым. Сол дәрістерді кейін кітап ретінде пайдалана бастадық. Бұл уақытта Ресейдегі Федералдық қарсы барлау қызметінің директоры Сергей Степашин, Ресей Сыртқы барлау қызметінің директоры Евгений Примаков сынды әріптестерімізбен өте жақсы қарым-қатынаста едік. Осы кезде Евгений Примаков Қазақстанның барлаушыларын тегін даярлайтынын жеткізді. Әрине, әр мемлекет өз барлаушысын өзі даярлау керек қой. Алайда амалдың жоқтығынан Евгений Примаковтың ұсынысын қабылдауға тура келді. Осылайша еліміздің алғашқы 10 барлаушысы Ресейде даярланды. Ал қарсы барлаушыларымызды Сергей Степашин Ресей мемлекетінің есебінен даярлай алмайтынын жеткізген соң, қаражатын төлеп оқыттық. Егемендіктің елең-алаңында осындай қиыншылықтарды бастан өткердік.
– Күштік құрылымның басшысы ретінде шет мемлекеттердің арнайы органдарымен байланыс орнату қаншалықты қиын болды? Олар жас мемлекетпен қарым-қатынас орнатуға талпынды ма?
– Тәуелсіз елдің арнаулы органының өкілі ретінде өзге мемлекеттердегі әріптестеріммен таныстық жұмысы әр жылдары жалғасын тауып жатты. АҚШ-тан соң Ресейге, Қытайға, Германияға сапарладым. Ол уақытта Қытайда қауіпсіздік қызметі болған жоқ. Ішкі істер министрлігі ғана қызмет етіп тұрған еді. Дәл біз сапарлаған уақытта ҰҚК іспетті қауіпсіздік министрлігі құрылды. Оның басшыларымен де жолығып, келіссөздер жүргіздік. Кейін 3 адам болып Германияға аттандық. Онда бізді Федералдық барлау қызметі президентінің орынбасары қарсы алып, бастығының қолы тимейтінін, бірінші орынбасары кездесетінін жеткізді. Мен бұл кездесуден бас тарттым. «Қазақстан қатардағы мемлекеттердің бірі емес. Германия секілді үлкен мемлекет. Мен сол мемлекеттің арнаулы қызметінің бастығымын. Дипломат емес, әскери адам болған соң турасын айтамын. Федералдық барлау қызметінің президентімен кездесе алмайтын болсақ кері қайтамыз», деп сәлем жолдап жібердім. Арада жарты сағатқа жуық уақыт өтер-өтпесте өзге адам келіп, орынбасардың дұрыс жеткізбегенін айтып ақталған болды. Басшысының ертесіне екі-ақ сағат уақыты бар екен. Екі сағат артығымен жететінін жеткіздім. Ақыры Германияның Федералдық барлау қызметінің президенті Конрад Порцнермен жүздестік. Қарым-қатынасымыз өте жақсы болды. Келісілген екі сағатымыз ұмыт қалып, кешке дейін әңгімелестік. Барлық мәселені шештік. Шешіп қана қоймай, сол кезде дүние жүзінде бұрын-соңды болмаған жағдай жасап, тікелей телефон арқылы байланыс орнаттық.
Бір айта кететін жайт, елімізде бұрын түрлі себептермен 1 млн-ға жуық неміс халқы мекендеді. КСРО ыдыраған соң олар да өз Отанына асықты. Алайда атажұртына оралғандардың кейбірі осы елдің арнаулы органына барып бұрын Ресейдің, енді Қазақстанның барлаушысы екендерін айтыпты-мыс. Оны кей журналистер іліп әкетіп, көпіртіп көп дүние жазды. Осы жағдай екі елдің қарым-қатынасына зиян тигізуі де бек мүмкін еді. Міне, осы мәселені де Конрад Порцнермен бірге отырып шештік. Германияның Федералдық барлау қызметінің президенті мәселенің мән-жайын бірден ұғынып, ол тақырыпқа одан соң қайтып оралған жоқпыз. Ең бастысы, осы оқиға екі ел арасына сына қағуға жол бермеді. Осындай жүздесулер кейін Францияда, Ұлыбританияда жалғасын тауып, аталған елдердегі әріптестеріммен тиімді қарым-қатынас орнаттық.
– Ел егемендігінің бірден-бір нышандары – Ту, Елтаңба және Президенттің штандарты. Осы нышандарды бір кездері Алматыдан бүгінгі елорда төріне өзіңіз жеткізген едіңіз. Осы жөнінде не дейсіз?
– Оқиға былай болды. Елбасы өзіне шақырып, ел астанасы Есілдің бойына көшірілетінін жеткізді. Маған жүктелген міндет атаған нышандарды аман-есен елорда төріне алып келу еді. Өздеріңіз жақсы білетіндей, әрбір әскери полкта, дивизияда өзінің жалауы болады. Әскери құрылым одан айрылып қалса, оны бірден таратып жібереді. Мұндай қағида тіпті Ұлы Отан соғысы кезінде де болғаны белгілі. Сондықтан маған жүктелген міндет аса жауапты болды. Дәл осы тұста бір мәселе пайда болды. Елордаға жеткізілетін нышандарды барып қарап едім, Елтаңбаны көтеруге екі жігіт тұрмақ, төрт жігіттің шамасы жетпейді екен. Аса ауыр. Ал ертесіне рәміздермен ресми қоштасу шарасы жоспарланған. Енді қайтпек керек? Іле-шала оның авторы Жандарбек Мәлібековті шақыртып, Елтаңбаның көшірмесін жасап беруін өтіндім. Жандарбек Мәлібеков жағдайды түсініп, бірер сағатта Елтаңбаның дәлме-дәл көшірмесін әзірлеп берді. Ал түпнұсқаны бір взвод жауынгермен бірге пойыз арқылы елордаға жібердік. Ең бастысы, Елтаңбаның көшірмесін екі сарбаз еш қиындықсыз көтеріп, ортаға алып шықты. Себебі көшірменің салмағы түпнұсқаға қарағанда әлдеқайда жеңіл болатын.
Елдігіміздің нышандары елордаға аман-есен жеткізілген соң, ел астанасында ұлан-асыр той болды десем де болады. Ақсақалдар ақ батасын беріп, халық ыстық ықыласын жаудырды. Салтанатты түрде Туды, Елтаңбаны алып жүрдік. Міне, қастерлі нышандарымызға қатысты осындай сәттер ойымда қалған.
– Қорғаныс министрі болған кезіңізде армияның күш-қуатын нығайту мақсатында қандай қадамдарға бардыңыз?
– 1999 жылы Қорғаныс министрі болып тағайындалған соң үш ай бойы еліміздегі әскердің жағдайын зерттедім. Генералдармен ғана тілдеспей, сержант, старшинаға дейін таныстым. Әскери қызметкерлердің тұрмыс жағдайынан бастап, жатын орнына дейін назарға алдым. Кеңес Одағы кезінде сан қилы саясат болды ғой. Мәселен, бірде жау АҚШ десе, енді бірде іргедегі Қытай да жау атанып шыға келетін. Соған байланысты, ел шекарасы Қытайға тиіп тұрған соң, әскеріміздің басым бөлігі еліміздің солтүстік-шығысында шоғырланған еді. Есесіне, қазба байлыққа толы Каспий маңайында бірде-бір сарбаз жоқ. Дәл сол тұста Ауғанстанда қиын жағдай орын алып жатқан. Ал оңтүстік өңірде сол кездегі Ішкі істер министрлігінің 1 бригадасынан басқа (15 мың адам) ешқандай құрылым болмады. Сондықтан күн тәртібінде солтүстік-шығыстағы әскерді оңтүстік өңірге көшіру туралы мәселе тұрды. Осы мәселе туралы Тұңғыш Президентімізге баяндап едім, «Әскерді әкелуін алып келесің ғой. Алайда осы әрекетіміз туралы көршілер не ойлайды? Соғысқа әзірленіп, жаулап алуды ойлап отыр деп топшылаулары да мүмкін ғой», деді Елбасы. «Онда, Оңтүстік, Шығыс, Батыс, Орталық сынды төрт округ құрайық», деген ұсыныс айттым. Бұған Нұрсұлтан Назарбаев рұқсатын берді. Әрине, округ құрылған жерде әскерилер болады. Әскерилер болатын болса, жергілікті халыққа да жұмыс орындары бұйыратын еді. Ол уақытта тұрмыс ауыр болды ғой. Осылайша елімізде төрт округ құрылған.
Халықтың ғана емес, әскери адамдардың да тұрмысы түзеле қоймаған кез еді. Ұят та болса айтайын, сарбаздар тамаққа да, әскери формаға да жарымай жатқан уақыт қой. Осы тұста еліміздегі Президент жанындағы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы ұйымдастырылды. Оның алдында Елбасы маған Қарулы күштерді реформалау жөнінде баяндама жасауды тапсырды. Жиынға бұрыннан істеп келе жатқан екі генералды ерте келдім. Сөйтіп, баяндама барысында Қазақстанның Қарулы Күштерін реформалаудан бұрын, қайта жасақтау, қайта құру қажет екенін жеткіздім. «Нұрсұлтан Әбішұлы, жастарды әскерге шақыруын шақырамыз ғой. Алайда олар екі жылдан соң үйлеріне бір оқ атпай қайтып оралады. Себебі оқ жоқ. Авиацияның 98%-ы, артиллерия мен танктердің 98-99%-ы қаңырап бос тұр», дедім. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев мәселенің анық-қанығына көзі жеткен соң мемлекеттің ішкі жалпы өнімінің 1%-ын Қарулы Күштерге беру туралы шешім қабылдады. Барлық мәселе осылай шешілді.
– Елбасы бір сөзінде «бізге саны жағынан шағын, бірақ заманға сай қару-жарақпен жабдықталған, жоғары ұтқыр, білімді, егемен елімізді қорғау мүддесі үшін кез келген жағдайда түрлі іс-қимылға даяр армия қажет» деген еді. Осындай армия бар ма бізде?
– Осыдан 20-30 жыл бұрынғы әскер мен бүгінгі Қазақстан Қарулы Күштерінің айырмашылығы жер мен көктей. Елбасы Қазақстанның әскері мобильді болсын деген сөзін бір емес, бірнеше рет айтты. Тұңғыш Президент шағын болса да, қажетті жерден тез табыла қоятын жылдам, мобильді әскердің маңызын үнемі алға тартып отырды. Сәйкесінше, Қарулы Күштеріміз қажетті техникамен, ұшақтармен қамтылды. Бұл мәселеде мемлекеттің ішкі жалпы өнімінің 1%-ын Қарулы Күштерге аударудың пайдасы көп болды деп ойлаймын. Әрине, бұл салада еңбек етпегеніме де біраз жылдың жүзі болды. Осы аралықта да алуан түрлі өзгерістердің болғаны анық. Қарулы Күштердің де өз құпиясы бар. Ол заңды. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы осы Қарулы Күштеріміздің өркендеп, дамып келе жатқанын жиі естимін. Соған қуанамын. Мобильді әскер құра алғанымызды білемін. Заман талабы солай.
Тәубе, Қазақ елі қай мемлекетпен болсын достық қарым-қатынас орнатып келеді. Соның нәтижесінде бізге жауығып отырған мемлекет жоқ. Алайда босаңсуға болмайды. Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін арнаулы органдарымыз да, Қарулы Күштеріміз де көштен қалмауға, сақадай сай тұруға тиіс.
– Әңгімеңізге рахмет.