• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Желтоқсан, 2021

Егемен елдің Елтаңбасы

388 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде Мемлекеттік Елтаңбаның авторы, сәулетші Жандарбек Мәлібекұлы жеке қорының ашылу салтанаты өтті.

Мұнда егемен елдің Елтаң­басын жасаған автор Жандарбек Мәлібекұлының өмір жолы мен шығармашылығы, тың туын­дыларының түпнұсқа жобалары, қолжазбалары мен сүбелі сұхбат­тары, жарияланған еңбектері, фото-бейнематериалдары Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, Ұлттық архивтің 15 жылдығы қарсаңында мәңгілік сақтауға алынды.

Салтанатты іс-шараға мемлекет қайраткері, құжаттанушы Мірболат Жақыпов, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, жазушы Жолтай Жұмат-Әлмашұлы, саяси ғылымдар док­торы, профессор Әбдіжәлел Қош­қар­ұлы, Қазақ ұлттық өнер уни­вер­ситетінің профес­соры Бай­қоңыр Ижанұлы, Қол­жаз­балар және сирек кітаптар ұлттық орта­лығының басшысы Жандос Бол­дықов сынды белгілі тұлғалар қатысты.

Қазақстан Республикасы Ұлт­тық архивінің директоры Са­ғила Есімсейітқызы Ұлт­тық архив­тің жеке тектік қорына қабыл­данған Жандарбек Мәлі­бекұл­ының құн­ды құжаттары мен қолжазба-сызбаларының қаншалықты ма­ңызды екенін айта келіп, Елтаңба авторының үлгі боларлық бас­тамасына алғысын білдірді. «Мем­лекетіміздің Елтаңбасының авторы ретінде ғана емес, көптеген елдегі сәулетті ғимараттардың архитекторы ретінде, қазақ хал­қының санғасырлық сәулет өнерін бойына сіңірген дара тұлға ретіндегі сіздің құнды жазбаларыңыз бен эскиздеріңіз Ұлттық архив қо­рында келешек ұрпаққа аманат ретінде сақталатын болады», деп атап өтті С. Есімсейітқызы.

С.Негимов Елтаңбаның әрбір деталіне тоқталып, киіз үй туралы, жылқының ең алғаш қолға үйретілгені туралы қызықты мәлі­меттерімен бөлісті. Ал Ж.Жұ­мат-Әлмашұлы жуырда Елтаңба авторы Жандарбек Мә­лібекұлы туралы пьеса жазып шыққанын және ол туынды жақын арада ел театрларында қойылатынын сүйін­шіледі. Өз кезегінде салтанат­ты шараға шақырылған мәртебелі меймандар Жандарбек Мәлібекұлының ел біле бермейтін қы­рлары, Ел­таңбаның еліміз үшін ма­ңызы туралы жан-жақты мә­лі­меттерімен бөлісіп, аталған ша­ра­ның мән-маңызын ұлғайта түсті.

Кеш соңында Жандарбек Мәлі­бекұлы Ұлттық архив ұжы­мына алғысын білдіре келе, көзінің қа­ра­шығындай сақтап келген дү­ние­­сін келешек ұр­пақ­қа жеткізер деген үлкен сеніммен табыстап отырғанын айтты.«Тарихты сақ­тайтын архив. Сондықтан ел аға­лары ертеңгі ұрпаққа үлгі болатындай құнды дүниелерін архив қоймаларына табыс етуді қолға алу керек», деді.

Сонымен қатар Ұлттық архив­тің директоры Сағила Нұрла­новаға алғыс ретінде өз жобасымен құйы­лып әзірленген, Елтаңба піші­ніндегі әшекей бойтұмарды сыйлады. Мәңгілік елдің қоржы­нын­да мәңгілікке сақтауға алын­ған бұл алтын қор болашақ ұрпақ­тың отансүйгіштігі мен ұлтжан­ды­лығын оятатын, мақтан ететін рухани мұра деп білеміз.