• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Желтоқсан, 2021

Елдіктің мерейлі белесі

187 рет
көрсетілді

Құрметті қазақстандықтар!

Баршаңызды елдігіміздің мерейлі белесі – тәуелсіздіктің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – нағыз еркіндік пен еге­мен­діктің мерекесі.

Біз Тәуелсіздігіміздің осынау тарихи межесін ғасырларға жүк болар зор жетістіктермен қарсы алып отырмыз. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың страте­гиялық саясатының арқасында барлық сала жүйелі түрде дамыды. Шекарамыз ше­генделді, экономикамыз жүйеленді, сырт­қы саясатымыз сындарлы жолға түсті.

Ең бастысы, осы жылдар ішінде мем­ле­кеттілігіміз толық қалыптасты. Төл құн­дылықтарымыз төрге озып, тарихымыз бен мәдениетіміз дәріп­телді. Ана тіліміз ардақталып, діліміз бен дініміз қайта жанданды. Қазақ­стан бүкіл әлемге татулық пен тұрақ­тылықтың, бейбітшілік пен келісімнің алтын бесігі ретінде танылды.

Елбасының батыл шешімімен Арқа төрінде жаңа астанамызды салдық. Аз уақыттың ішінде бүкіл түркі жұрты үшін киелі де қастерлі мекен – Түркістанды түлеттік. Жалпы, 30 жылда еліміздің барлық өңірі өсіп-өркендеді. Мұның бәрі – егемендіктің арқасында қол жеткізген жеңістеріміз бен жетістіктеріміз.

Енді осы бағыттан айнымай, тәуел­сіздікті одан әрі нығайту – бәріміздің ең басты міндетіміз. Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сабақтастық пен өрлеуді ту еткен саясаты соны көздейді.

Шын мәнінде, біз үшін тәуел­сіздіктен артық құндылық, одан асқан байлық жоқ. Тәуелсіздік ұлты­мыз­ды ұйыстырды, жұртымызды жұмыл­дырды, абыройымызды асқақтатты. Ендігі міндет – барымызды бағалап, жеңісті жолымызды жалғау. Ол үшін татулығымыз берік, бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болуға тиіс. Осы жолда бәріміз бірлесіп, нәтижелі еңбек ете береміз деп сенемін.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен құттықтай отырып, баршаңызға амандық пен бақ-береке тілеймін. Елдігіміз еңселі, егемендігіміз баянды болсын! Тәуелсіз Қазақ елі жасай берсін!

Мейрам құтты болсын!

 

Мәулен ӘШІМБАЕВ,

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы