• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Медицина 16 Желтоқсан, 2021

Бақыттың төресі – бала сүю

1208 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қа­зақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында: «...ана мен баланы қорғау – жаңа кезеңдегі әлеуметтік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі. Ұлт денсаулығы – біздің табыс­ты болашағымыздың негізі», делінген.

Осыдан 30 жыл бұрын Қазақ­стан тәуелсіздігін алған кезде демогра­фиялық әлеуеттің төмендеуі сияқты күрделі мәселеге тап болды. Ал бала туу көрсеткіші кез келген елдің эко­номикалық дамуын әлеуметтік индикативтік бағалаудың және аналар­дың балаларының болашағына деген сенімділігінің тірегі саналады.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында – егемен еліміздің қалып­тасуының басында медицина саласында, оның ішінде әйелдерді босандыру және жаңа туған нәрестелердің күту тәсілдерін өзгерту қажет болды. Медицина қызметкерлеріне жа­лақыны уақтылы төлемеу, дәрі-дәр­­мектердің, операциялық мате­р­иал­дардың жетіспеушілігі, аурухана­ның төсеніштері мен балалар жаялық­тарының жуылғаны үшін және ком­муналдық қызмет төлемдері бойынша жиналып қалған берешекті өтеу мәселелерін шешу күн тәртібінде тұрды.

Осы орайда перзентханалар жұмы­сына жаңа технологиялық әдістерді енгізу талап етілді. Ана қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиімді перинаталдық күтім мен базалық жаңа технологиялары (серіктес босану, жаңа туған нәрестені ананың кеудесіне бірден жатқызып, уыз сүтімен емізу, ана мен баланың бірге болуы, жылу режімін сақтау, күнделікті тиімсіз шаралардан бас тарту, жүкті әйелдер мен серіктестерді алдағы босануға дайындау, мерзімінен бұрын туған балаларды күтуді жетілдіру және т.б.) қарастырылды. Бұл жұмыстар 1993-1995 жылдары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) және ЮНИСЕФ – Халықаралық балалар қорымен бірлесіп, қаржылық шығындар талап етілмейтін ана қауіп­сіздігі бағдарламасы аясында атқарылды.

Ана қауіпсіздігі – ДДҰ 1987 жы­лы бастаған халықаралық бағдар­лама. Соған байланысты елімізде жүкті әйелдерге және жоғары қауіп­ті топтағы босанған әйелдерге акушер­лік-перинаталдық көмек көрсету, мерзімінен бұрын туған балаларды күту үшін облыстарда перинаталдық орталықтар (мәртебесі 3-ші деңгейлі) ашыла басталды. Босандыру ұйымдары «Балаға жылы шыраймен қараушы аурухана» халықаралық мәртебесін ала бастады. Нәтижесінде, 10 жыл ішінде ана өлімі 10 есе азайтылды. Елдегі демографиялық ахуал 1991-2021 жылдар кезеңінде оң динамикаға ие болып отыр: туу коэффициенті, халықтың табиғи өсімі артты. Халық санының өсімі бала туу көрсеткішінің өсуінен, өмір сүру ұзақтығының ұлғаюынан және көші-қонның оң сальдосынан байқалады. Ал демографиялық дамуда оң параметрлерге қол жет­кі­зу – мемлекеттің әлеуметтік-эко­но­микалық өміріндегі маңызды фактор­лардың бірі. Өйткені ол елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге және экономиканың одан әрі өсуі үшін әлеует құруға ықпал етеді.

Еліміз тұрақты экономикалық өсу орбитасына ене отырып, әлеуметтік салаға көбірек көңіл бөле бастады. 2005 жылы бала тууға және оның күтіміне бюджеттен берілетін жәрдемақыларды қарастыратын «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заң қабылданды. Соған сәйкес қолданылған шаралар оң нәтиже беріп, 2006 жылдан бастап туу көрсеткіші өсе бастады. Егер 2003-2005 жылдары Қазақстанда 1 мың адамға шаққанда 17-18 нәрестеден келсе, 2006-2007 жылдар аралығында бұл индикатор 22-ге дейін өсті. 2008 жылы 23-ке жетті. Осыған орай демографтар мен социологтар тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы «беби-бум» туралы қуана хабарлады.

2008 жылдан бастап Қазақстан баланың тірі туылуының жаңа өл­шемдеріне көшті. Нақты айтқанда, ол – жүктіліктің 22 аптасынан бастап және жаңа туған нәрестенің салмағы 500 грамм және одан жоғары салмақта болуы. Ал бұрын бұл көрсеткіш түсік тастау болып саналатын, сәбидің салмағы 1 мың грамнан жоғары болуы көзделетін-ді. Мұның өзі заңнамадағы жақсы гуманистік өзгеріс болды және көптеген ата-аналарға үміт берді.

Мерзімінен бұрын босанған жүк­ті әйелдерді және олардың шала туған нәрестелерін жоғары маман­дандырылған көмекпен қамтамасыз ету үшін елде перинаталдық көмекті өңірлендіру ісі жүргізілді. Оның мақсаты барлық мерзімінен бұрын босануды 2-ші және 3-ші деңгейдегі босандыру ұйымдарында шоғырландыру еді. Осылайша барлық мерзімінен бұрын босанудың 94 пайызы 2-ші және 3-ші деңгейдегі босандыру ұйымдарында орындалды. Сөйтіп, Қазақстанда дене салмағы өте төмен, шала туған балалардың өмір сүру деңгейі 10 жыл ішінде 2 есе өсті.

Еліміздің ұлттық денсаулық сақ­тау жүйесін ұзақ мерзімді жаңғыр­ту аясында медициналық қызмет­тер сапасының бірыңғай стандартта­ры енгізіліп, медициналық ұйымдар­ды материалдық-техникалық жарақ­тан­дыру жетілдірілді. Бүгінгі таң­да республикамызда 247 ұйым босан­­дыру қызметін көрсетеді. Пери­на­­талдық көмек көрсетудің 4 дең­гейі, яғни аудандық, қалалық, облыс­тық перинаталдық орталықтар және 2 ғылыми орталық бар. Ем­хана­лар жанындағы әйелдер консуль­тацияларының саны – 759.

ДДҰ ұсынымдарына сәйкес елі­міз­де аналардың, балалар мен жас­өспірімдердің денсаулығын сақтау жөніндегі бағдарламалар белсенді түрде енгізілу үстінде. Олар – жүкті­лік­тің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ана сүтімен емізуді қолдау, балаға мейірімді клиникалар және төмен, өте төмен салмақта туған балалар­ды күту, отбасын жоспарлау жә­не қауіпсіз түсік жасау, балалар жа­сын­­дағы ауруларды ықпалдастыра қарау, жастарға мейірімді клиникалар. Бүгінде емхана жүйесі аз шығынмен және қоғамның медициналық көмекке неғұрлым жоғары қанағаттануы ар­қы­лы халық денсаулығының жақсы көрсеткіштеріне қол жеткі­зіп отыр. Елімізде босанғанға дейін­гі ба­қылаумен қамту деңгейі айтар­лық­тай: барлық әйел дерлік (99,2 пайыз) жүктілік кезінде кемінде 1 рет білікті медициналық персонал арқылы (дәрігер, мейірбике, акушер, фельд­шер) босанғанға дейінгі тексеруден өтеді. Қазақстанның барлық өңірінде босанғанға дейінгі бақылау көрсеткіші 90 пайызға жақындап келеді. Бұл медициналық қызмет көрсету моделінің әлеуметтік-профи­лактикалық бағытын көрсетіп отыр.

Заманауи денсаулық сақтау саласын дамыту стратегиясының өзгеруі ауруды емдеуден денсаулықты сақтауға және «аурулар медицинасынан» «денсаулық сақтау медицинасына» ауысу болып саналады. Яғни профилактикалық медицинаны дамыту міндеті алға қойылып отыр. Оның ресурстары – патронаждық перинаталдық қызметті жаңғырту, әйелдер қауымын диспансерлеу, қауіпті топты анықтау, скринингтік бағдарламалар, халықтың әлеуметтік осал топтарын анықтау, жобасын жос­парлау және контрацепция.

Өткен жылы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа Кодекс қабылданды. Оның 79-бабында Қазақстан Рес­публикасының азаматтары мен отбасының ұрпақты болу құқықтарын қорғау саласындағы құқықтары қа­растырылған. Атап айтқанда, Қа­зақстан Республикасының азаматтары репродуктивтілікті еркін таңдауға, репродуктивтік денсаулықты сақтау және отбасын жоспарлау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді алуға, өзінің репродуктивтік денсаулық жағдайы туралы анық және толық ақпарат алуға, бедеуліктен, оның ішінде Қазақстан Республикасында рұқсат етілген репродуктивтіліктің қазіргі заманғы қосалқы әдістері мен технологияларын қолдана отырып емделуге, контрацепция әдістерін пайдалануға және еркін таңдауға құқылы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жол­дауында экстракорпоралды ұрық­тандыру бағдарламалары бойынша квоталар санын 7 есеге арттыруды тапсырды. Осы жылдың басынан бастап елімізде «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы басталып, көптеген ерлі-зайыпты ата-ана болуға мүмкіндік алды.

Елімізде алғаш рет ЭКҰ-ға 100 квота 2010 жылы бөлінді. 2019 жылы оның саны 900-ге жетті. Ал биыл квота саны 7 мыңға дейін ұлғайтылды.

Сонымен қатар қазіргі таңдағы негізгі өзекті мәселелер – медициналық кадрлардың жетіспеушілігі және оларды ынталандыру деңгейінің төмендігі, денсаулықты нығайту және ортақ жауапкершілік мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттілігі, жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік жайлы болып отыр. Ерте жүкті болған бойжеткендер дене салмағы жеткіліксіз, шала нәрестелерді дүниеге әкеліп жататындығы белгілі.

Осындай проблемаларды шешу мақсатында жергілікті атқарушы органдардың білікті кадрларды тарту мәселелеріне жете көңіл бөлуі, денсаулықты сақтау жөнінде халықты ақпараттандыруды жақсарту, ортақ жауапкершілікті арттыру, білім алушылардың денсаулығын нығайту жөнінде мүдделі мемлекеттік органдармен ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, мектептердегі профилактикалық жұмысты белсен­дірек жүргізу, саламатты өмір салтын қалыптастыру, зиянды әдеттер­ден бас тартуды насихаттау және мектептердегі орта медицина қыз­мет­керлерінің біліктілігін арттыру қажет. Қазіргі кезде COVID-19 пандемия­сын ескере отырып, жүкті және босанған әйелдерді, сондай-ақ 12-18 жастағы балаларды вакцина­лау шаралары жүргізіліп жатыр. Бұл – мемлекетіміздің ана мен бала ден­саулығын қорғауға үлкен қамқорлық жасап отырғандығының айғағы.

 

Зәуреш АМАНЖОЛОВА,

медицина ғылымдарының докторы,

Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығы

директорлар кеңесінің төрағасы