• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Тәуелсіздік 16 Желтоқсан, 2021

Орда бұзған отыз жыл

595 рет
көрсетілді

Азаттық – атауы алтынмен әдіп­тел­ген аяулы ұғым. Еркіндікті елден ерек сүйетін халық үшін одан ба­ғалы құндылық, одан қымбат қазы­на жоқ. Осыдан тұп-тура 30 жыл бұрын тарлан тарихымыздан тамыр тарт­қан аға буынның асыл арманы орындалды. Ұлт болып ұйып, жұрт болып етек-жеңі­мізді жиып жаңа мемлекет құр­дық. Ендігі күні көсегеміз көге­ріп, көк­жиегіміз кеңейіп үш он­жыл­дық дейтін берекелі белес­тен атта­ғалы тұрмыз. Түптеп кел­генде бостандық дегеніңіз бос сөз емес, бұл – бүтін бір халықтың асқақ­та­ған рухы, қайратымыздың қай­нар көзі.

Аттың жалы, түйенің қомында жү­ріп елін дауға, жерін жауға бермеген баһадүр бабалардың ірілігі мен тірілігі хал­қы­мызды атажұртсыз қалдырған жоқ. Тұңғыш Президентіміз айтып отыр­ған­дай, замана сынына төзе алмаған қаншама ұлт пен ұлыс бордай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайы­лып кетті. Алаш баласы да аттан түскен, тағдыры қыл үстінде тұрған кездер аз болған жоқ. Аласапыран жылдарды да, кеселі көп кезеңдерді де бастан өткердік. Соған қарамастан, «мың өліп, мың тірілген» халықтың суішкілігі, көрер жарығы мен бағына бұйырған бақыты бар екен.

Алайда сол бақытты уыстан шы­ғарып алмай ұстап қалған тұ­ғыр­лы тұлға болмаса еркіндіктің өзі ертегіге, азаттықтың өзі аңызға айналуы мүмкін еді. Тәубе, Елбасы осындай олқылыққа жол берген жоқ. Табандылығы мен еңбекқорлығы, отансүйгіштігі мен ұлтжандылығы ел бағына бұйырған Тұңғыш Президен­ті­міз­ді биікке көтерді. Халық сеніп тапсырған аманатқа қиянат жасамай, жас мемлекетті жасампаздыққа бастады. Егемендіктің елең-алаңында қаз-қаз басқан Қазақстанның қабырғасын қа­тайтып, еңсесін тіктеді. Бұл тура­лы Ел­ба­сы былай деген болатын: «Адамзат та­ри­хындағы ең айтулы оқиғаларға толы ғасырлар тоғысында елімізді бас­қару маған үлкен сеніммен қатар зор жауапкершілік жүктеді. Мен өзім бас­шылық еткен отыз жылға жуық уақыт бойына туған халқымның сенімін ақ­тау үшін бар күш-жігерімді аянбай жұм­са­дым».

Санымыз артып, қанымыз тулап, жүзіміз жарқырап келеді. Алағай да бұлағай заманда төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қандастарымызды шақырып жатырмыз. Елге ел, құтқа құт қосылды. Ел Президенті айтып отырғандай, ордалы отыз жыл хал­қымыз үшін тұ­тас дәуірге айналды. Осынау қысқа мер­зімде Қазақ елін дүние жүзі танып, ел ас­танасына адамзат баласы сүй­сініп, отандастарымыздың жеткен жетіс­тіктеріне талай адам тамсанып үл­герді. Әлі таңдана, таңырқай бере­тініне сенім мол. Ең бастысы, ұлттың ұстынына айналған ұлы бақытымыз – тәуелсіздікті көздің қарашығындай қорғап қалуымыз қажет!