Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында жеті мектептің құрылысы аяқталғанын мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Тағы жеті мектептің құрылысы аяқталды. Бұл мектептер 20 мыңнан астам оқушы орнын құруға мүмкіндік береді. Мысалы, BINOM SCHOOL жаңа форматтағы инновациялық мектебіне бардым. Жаңа бес қабатты мектеп 4 мың оқушыға есептелген (2 ауысымда). Бұл мектепте оқу тегін. Мектепте робототехника кабинеттері, кинозал, мұғалімдер мен балаларға арналған коворкинг-аймақтар, телестудия, смарт-сыныптар, металл және ағаш кесу шеберханалары, TedxBinom, Speaking Club, үлкен кітапхана, ойын бөлмелері және т.б. бар. Binom мектебінің басты артықшылықтарының бірі – ерекше қажеттілігі бар балалар үшін барлық жағдай жасалған. Жаңа мектептердің есігі 3 тоқсаннан бастап ашылады.
Биыл барлығы 15 мектеп салынды. Бұл шамамен 40 мың оқушы орны. Жаңа мектептер салынғандықтан 5 мектеп енді үш ауысымда оқытпайды, сондай-ақ, 10 мектепте шамадан тыс жүктеме мәселесі шешілмек.
Елордада жыл сайын адамдар саны артып келеді. Соңғы 10 жылда оқушылар саны 3 есеге артты. Жыл сайын бірінші сынып оқушыларының саны түлектер санынан 3 есе асады. Мысалы, мамыр айында 7 мың түлек мектеп бітіріп шықса, бірінші сыныпқа 25 мың оқушы келеді. Осы мәселелерді шешу үшін қалада жыл сайын кем дегенде 10 мектеп салып отыру қажет.
2022 жылы 16 мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Кешенді жоспар аясында 5 жылдық кезеңге 70-ке жуық мектеп салу жоспарланған. Мектеп құрылысына жеке инвестицияны да тартамыз. Мектептер қаланың барлық ауданында, соның ішінде елді мекендерде салынып жатыр. Оқу орындарына қажеттілік бар аудандарға назар аударамыз», деп жазды елорда әкімі.