Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай құттықтау хат жолдады.
«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өз атымнан және Әзербайжан халқының атынан Сізді және халқыңызды шын жүректен құттықтаймын, ізгі тілегімді жолдаймын.
Тәуелсіздік жылдарындағы тарихи сынақтарды абыроймен еңсере отырып, Қазақстан барлық салада қарқынды даму жолынан өтіп, үлкен жетістіктерге жетіп, халықаралық аренада жоғары беделге ие болды. Әзербайжан Республикасы бауырлас елдің табыстарына шын жүректен қуанады», делінген құттықтау хатта.
И.Әлиев халықтарымызды тарихи тамыры терең достық байланыстыратынына тоқталған. Қазіргі таңда осы игі дәстүрлерге негізделген мемлекетаралық қарым-қатынасымыз табысты дамып келеді.
«Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы достық, жемісті ынтымақтастық және стратегиялық серіктестік қарым-қатынастары халықтарымыздың мүддесі үшін одан әрі дамып, кеңейе беретініне сенімдімін. Осы атаулы күні Сізге зор денсаулық пен бақыт, ал бауырлас Қазақстан халқына амандық пен гүлдену тілеймін», делінген құттықтау хатта.