Шығыста аю көп. Көп екен деп аулай беруге бола ма?! Қарашада ғана заңсыз аю атқан бір емес, екі факті тіркелген. «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде құқық қорғаушылар белді бекем буып, қаскөйлердің ізіне түскен.
3 қарашада полицейлер Алтай ауданында аю аулаған бір азаматты анықтаса, 6 қараша күні Глубокое ауданының Тарханка ауылында аю атып алған тағы бір күдіктіні қолға түсірген. Қысқы ұйқыға қамданған қоңыр қоңданып, терісі жылтыраған соң браконьерлер қызығатын да шығар, кім білсін.
Алтай ауданының 45 жастағы тұрғыны Тұрсұғын ауылының маңында тағының ізіне тұзақ құрған. Аюдың етін азық етіп, терісін сату үшін аулаған көрінеді. Полиция департаментінің бастығы Сағат Мадиевтің айтуынша, аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 337-бабы, яғни заңсыз аң аулау бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Келтірілген шығын сомасы анықталып жатыр. Тергеу-тексеру жұмыстары аяқталған соң күдікті азамат үш жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Ізінше, 6 қарашада полиция қызметкерлері Тарханка ауылының маңында өзінің тіркелген мылтығымен аю атқан Өскемен қаласының 51 жастағы тұрғыны анықталды. Күдіктінің айтуынша, аюды етін сату мақсатында атқан екен. Сондай-ақ маймақтың табанын да сақтап қойған.
Айтылғандай, Тарханка төңірегінде аю атқан азамат та үш жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жалпы, жедел алдын алу іс-шарасы кезінде 360-тан астам рейдтік шара өткізіліп, 605 табиғатты қорғау заңнамасы бұзылған. Оның 394-і аң аулауға қатысты. Сонымен қатар 10 браконьер анықталып, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Иә, табиғатқа, жануарлар дүниесіне залал келтіргендерге жаза қатаң. Жазадан бұрын әркім туған жеріне, өскен ортасына құрметпен қарауы керек шығар. Жедел алдын алу шарасы аяқталғанымен, табиғатты қорғау жұмыстары жалғаса бермек.
Шығыс Қазақстан облысы