Мал ұрлығына қарсы заң күшейгенімен, төрт түліктің қолды болуы тыйылар емес. Әсіресе тоғыз жолдың торабында тұрған аудандардан сиыр, жылқы жиі жоғалады. Жуықта Ұлан ауданына қарасты Бозанбай ауылының 33 жастағы тұрғыны жайылымнан 18 бас жылқысының жоғалғанын айтып, Ұлан ауданының полиция бөліміне жүгінген. Мал иесінің айтуынша, жылқылары жайылымда жүрген жерінен жоғалып кеткен. Бір апта бойы малды өз бетімен іздеген. Ұрының ізіне түсе алмаған соң құқық қорғаушылардан көмек сұраған.
Арыз түсе сала іске кіріскен полицейлер Жанұзақ ауылы маңынан қолды болған жылқыларды тауып, иесіне қайтарып берді. «Қайтқан малда қайыр бар» деген иесі полицейлердің іс-қимылдарына риза. Алғысын жаудырды. Іздеу шамамен 10 күнге созылған. Автожолдар мен ет өнімдерін өткізу орындары жедел жабылып, күдікті көліктер түгелдей тексерілді. Полицейлердің айтуынша, аталған факті бойынша ҚР ҚК 188-бабының 4-бөлігі (мал ұрлығы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Мал ұрлығының немесе жоғалудың алдын алу үшін Полиция департаменті мал иелерін қора-қопсыларын жөндеп, малды қараусыз қалдырмау керектігін айтады. Сондай-ақ малды таңбалап, тіркеуді де ұмытпаған жөн. Өкінішке қарай, жол бойында қараусыз мал көп. Қараусыз жүрген соң да қолды ету оңай. Бір жағынан қараусыз жүрген мал иесіне де айыппұл бар. «Мал ұрлығы» жедел алдын алу шарасы кезінде «айып тұрағына» 2 115 бас мал қамалған екен. Айта кетсек, 15-24 қараша аралығында Шығыс Қазақстан облысы аумағында «мал ұрлығы» жедел алдын алу профилактикасы өткізілді. Үш күн ішінде ғана мал ұрлығына қатысты 17 қылмыс ашылған. Криминалдық полицейлердің арқасында 66 бас мал табылып, иелеріне қайтарылды: 40 жылқы, 26 ірі қара. 148 азамат мал жаю ережелерін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мал және ет өнімдерін тасымалдайтын 571 автокөлік, 427 шаруа қожалығы мен мал бағатын орын, мал және ет өнімдерін өткізетін 197 базар, дүкен, павильон тексерілді. Тексеру кезінде ветеринария саласынан да бірқатар құқық бұзушылықтар анықталды.
Сондай-ақ «Мал ұрлығы» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде Абай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топты ұстаған. Үш адамнан құралған топ Абай ауданының тұрғындары екен. Полиция қызметкерлері олардың 2020 жылдан бастап 14 бас жылқы ұрлағанын анықтады. Шығын сомасы 5 млн теңгені құрады. Бұл ұрлық жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде ашылды. Күдіктілердің бірінің қыстағын тексеру кезінде заттай дәлелдер, яғни малдың терілері мен тұяқтары табылды.
Мал ұрлығы фактісі бойынша қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігі, 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды. Ол кінәлі деп танылған жағдайда оған 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Ал қылмыстық топтың өзге мүшелерінің осы іске қатысы анықталуда.
– Жайылымнан ұрлықтың алдын алу үшін жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі. Қараусыз қалған мал – ұрылар үшін олжа. Тұрғындар осыны түсініп, малына ие болуы керек. Байқағанымыздай, малдың көбі жайылымнан жоғалады. Ал оларды іздеу – үлкен жұмыс. Баса айта кетерлігі, иесіз малдың автокөлік жүргізушілеріне де қауіп төндіретінін ұмытпауымыз керек, – дейді облыстық ПД бастығы Сағат Мәдиев.
10 күн ішінде мал ұрлығына қатысты 33 қылмыс ашылған. Естеріңізге сала кетсек «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша қолданысқа енгізілген және заңды күшіне енген өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңында мал ұрлығына қатысты жаза қатаң. Нақтылап айтсақ, мал ұрлығы дәлелденген жағдайда қылмыскердің мүлкі тәркіленіп, 3 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады немесе 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектеледі. Қылмыстың ауырлығына қарай 7 жылға дейін де бас бостандығынан айырылуы ықтимал. Сондықтан да ниеті бұзықтар заңсыз әрекетке бармас бұрын қатаң жаза барын есте ұстауы керек. Айтып өткендей, мал иелері де сақ болғандары жөн.
Шығыс Қазақстан облысы