ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов архив ісі саласы қызметкерлерінің жалақысы қанша пайызға өсетінін айтты. Бұл туралы ол сала қызметкерлеріне арналған оқу орталығының ашылу салтанатында айтты, деп жазады Egemen.kz.
Мемлекеттік және ведомстволық архивтер қызметкерлерінің біліктілігін арттыру орталығының салтанатты ашылуында Ералы Тоғжанов сала қызметкерлеріне алғыс айтып, оларға қолдау көрсетілуі тиіс екенін атап өтті.
«Өткен күннің айғақтарының бәрі – болашақтың негізі. 2020 жылдан бастап архив ісі қызметкерлерінің жалақысы 50 пайызға дейін көтерілді. Аймақтарда 30 пайызға дейін артты. 2022 жылдан бастап жалақы тағы да 20 пайызға өседі деп жоспарлануда. Архив саласы қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек. Екіншіден, сол жұмысты атқаратын қызметкерлердің де деңгейі жоғары болуы керек. Сол себепті бүгін арнайы оқу орталығы ашылып жатыр. Орталықтың ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Мамандарды Еуразия Ұлттық университеті даярлап жатыр, дегенмен, ол – аз. Архив саласында жүрген азаматтар Ұлттық архив жанынан ашылған осы орталықта дәріс бере алады, тәжірибесімен, білімімен жергілікті жердегі азаматтармен бөліседі деген сенімдемін», деді Ералы Тоғжанов.
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова архив саласы кадрларының біліктілігін арттыру және қайта даярлау, оның ішінде салалық мамандықтар бойынша – реставратор, ғылыми-техникалық және аудиовизуалды құжаттарды өңдеу бойынша алғаш рет ашылған орталықтың маңыздылығын атап өтті.
«Қазіргі архив саласы - әлемдік өркениеттің барлық саласына сай келетін шетелдік архив мекемелерімен, ғылыми орталықтарымен тығыз байланыста қызмет етіп жатқан жүйе деп айтуға әбден лайық. Мемлекеттік және ведомстволық архивтер қызметкерлерінің біліктілігін арттыру орталығының негізгі міндеті - архив саласының жоғары деңгейлі кәсіби мамандарын даярлау, кадрлық әлеуетін кәсіби деңгейге көтеру, архив ісі және құжат айналымы саласындағы мамандардың кәсібилік, жеке құзыреттілік сапасын арттыру, кадрлардың жеке даму бағдарламасын әзірлеу. Орталықтың толық курсын аяқтаған мамандар тиісті үлгідегі сертификатты алады», деді министр.