20 желтоқсанда «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ мен Беларусь Республикасы Президенті Әкімшілігінің «Беларусь сегодня» баспасы арасында ақпарат алмасу туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Құжатта бекітілген келісімдерге сәйкес, екі елдің негізгі баспа басылымдары арасында ақпарат алмасу, журналистерді оқыту, бірлескен БАҚ іс-шараларын ұйымдастыру секілді өзара байланыс орнайды.
Ақпарат алмасу туралы келісімге Беларусь Республикасы Президенті Әкімшілігінің «Беларусь сегодня» баспасы» директорының бірінші орынбасары – бас редакторы Михаил Лебедик пен «Egemen Qazaqstan» РГ» АҚ тарапынан басқарма төрағасының бірінші орынбасары Владимир Курятов қол қойды.
«Бүгінгі таңда сенімді және өзекті ақпаратты бастапқы көзден алу өте маңызды. Екі жақтың орасан зор ақпараттық мүмкіндіктері мен платформаларын пайдалана отырып, біз Қазақстан тұрғындарының Беларусьтің дамуы, оның жасампаз және бейбітшіл саясаты, халықаралық бастамалары және еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық ынтымақтастыққа қосқан үлесі туралы көбірек білуі үшін лайықты ақпараттарды бөлісуге тырысамыз. Еліміздің маңызды саяси және экономикалық серіктесі – Қазақстан туралы көбірек білуге белорустар да қызығушылық танытатынына сенімдімін», деді Михаил Лебедик.
Бас басылымдар арасындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу үшін аталған келісімнің маңызы зор.
«Атап айтқанда, бізді «Беларусь сегодня» газетінің интернет пен әлеуметтік желілердің дамыған кезеңінде медиа-нарықтағы қиын жағдайға қалай бейімделетіні қызықтырады. Бұдан бөлек Беларусь елінде басылымды түрлендіру қалай жүріп жатыр, газеттерді ауыл-аймаққа дер кезінде жеткізіле ме? Бәлкім, біздің әріптестер Қазақстанның тәжірибесіне қызығушылық танытқан шығар. Сондықтан ортақ келісім газеттерімізге де, оқырмандарымызға да пайдалы болады деп ойлаймын», деп атап өтті Владимир Курятов.