• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Театр 21 Желтоқсан, 2021

«Қылкөпір» – адамзат трагедиясы

936 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік тұсауын кескен елорданың жас та жасампаз өнер ордаларының бірі Жастар театры сахнасында ақын, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты Нұрлан Оразалиннің «Қарақазан ғасыр» драмалық дастанының негізінде режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай қойған «Қылкөпір» спектаклінің тұсауы кесілді. Премьера ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды.

Ақын, драматург Нұрлан Оразалин «Қарақазан ғасыр» шығармасын өткен ғасырдың 90-шы жылдары жазған. Ара­ға 32 жыл салып сахнаға алғаш рет жол тартқан туынды жиырмасыншы жүз­жылдықтың 30-50-жылдарындағы қа­зақ еліндегі тарихи кезең шындығын сурет­тейді. Қойылымның өзегі – Адам һәм адамзаттық мінездер мен пейіл құбы­лысын мүсіндеуге арналған. Атап айт­сақ, адалдық пен арамдық, ерлік пен ездік, мәрттік пен екіжүзділік сынды адам­зат бойындағы мың түрлі мінездер мозаикасын түзетін алуан қасиеттер – «Қылкөпірдің» басты лейтмотиві.

Бас кейіпкерлер – Қасым мен Айша ана, Едіге қарт пен Иіс кемпір, зұлым жендет Қозыбақ бейнелері арқылы бері­летін оқиға желісі өткен ғасырдың қасіретті кезең шындығын боямасыз баян­дайды. Сыртқы қайшылықтан гөрі кейіпкерлердің ішкі текетіресі мол әрекеті өткен күндердің қасіретті елесіне сапар шектіреді. Бір сөзбен айтқанда, «Қыл­көпір» – уақыт пен кеңістіктегі халық тари­хының трагедиясы. Оның құрылымы пенде біткенге тән адамгершілік пен иман­дылық қасиеттерді ұлықтау және оған қарама-қайшы күншілдік, қызғаныш пен қатыгездікті айыптаудан тұрады.

Тарихқа үңілсек, ХХ ғасыр қазаққа үлкен қасірет әкелді. Халқымыз бірнеше жойқын ашаршылықтан өтті. Қазақтың тең жартысы сол аштықта қырылды. Одан қалғаны репрессия тұзағына ілікті. Талай Алаш арыстарынан бастап, қаншама қазақтың азаматтары құрбан болды. Одан аман қалғандары Екінші дүниежүзілік соғыстың жалынына шарпылып жан қиды. Сол қасіретті кезеңдерді кейінгі ұрпақ қалай көреді, қалай қабылдайды, қалай түсінеді? Міне, спектакль санадағы осындай сан сауалға жауап беруге талпын­ған. Сол мұрат тұрғысында тер төккен. «Қылкөпірдің» басты құндылығы да осында, біздіңше.

– Бұл – қазақ елінің ғана өмірі емес, күллі адамзат тағдырына арналған туынды. Режиссер ретінде спектакльді солай сараптауға тырыстым. Автормен ақыл­даса отырып дастанның түпнұсқасын біршама ықшамдадық. Өте қиын процесс болды. Тұтас бір дәуірдің шындығын айналдырған бір жарым сағат уақытқа сыйдыру оңай емес. Көп жері қысқартылып, қойылымға енбей қалғандай, соның салдарынан оқиға желісі жұтаң тартқандай болып та көрінді басында. Бірақ сахнаның құдіреті сол, сөз жетпеген тұстарды әуезді әуен мен әрекет есебінен толықтыруға, сол арқылы мазмұнды ой айтуға болады. Қойылымды Аллаға арналған әлемдік деңгейдегі хорлармен көркемдедім. Оны спектакльге қатысатын актерлердің өздері жанды дауыста орындайды. Сол арқылы тұтас бір дәуір тынысы, замана келбеті суреттеледі. «Қылкөпірдің» де ұтқан тұсы осы болды ғой деп ойлаймын, – деді спектакль соңынан өзінше ой түйіп, тұжырым жасаған қойылым режиссері Нұрқанат Жақыпбай.

Иә, «Қарақазан ғасыр» дастанының түпнұсқасымен таныс оқырман қойылым мен әдеби негіз арасында айтарлықтай айырмашылық барын бірден байқайды. Ықшамдау басым әрі режиссер оқиға желісін ұлттық шекара шеңберінен асырып, тұтас адамзаттық трагедия деңгейінде жеткізуге ұмтылған. Сондықтан болса керек, спектакльді тамашалаушы әр көрер­мен қойылымнан өзін, өз ұлтының мінезі мен болмысын, тауқыметті тағдыр тала­йын көргендей әсер алады.

Рас, бір қарағанда спектакль үшін­ші жақтан баяндауға құрылған, драматур­гиялық қайшылығы аздау бірсыдырғы һәм өзге спектакльдермен салыстырғанда оқиға өрбуі де түсініксіздеу дүние секілді әсер қалдырады. Қойылымның идеялық-композициялық желісін негізінен Ана мен Ұлының диалогтері мен монологтері құрайды. Соның салдарынан да ә дегенде спектакль әдебиетке көп иек артып, әу бастағы театр өнері талап ететін мақсатын жоғалтып алғандай күйге бөлейтіні де белгілі. Алайда алғашқы әсер алдамшы. Оқиға желісі дами, ширыға келе спектакль динамикасы да зор қуатқа ие болып, тұтас бір дәуірдің трагедиясын өн бойына жиған теңдессіз туындыға айналады. Көруші шымылдық ашылғаннан қойылым соңына қалай жеткенін аңғармай да қалады. Өйткені актерлердің іштей ширыққан, шыныққан қайшылыққа толы қуатты күйі һәм спектакль бойы жанды дауыста орындалған бояуға бай мазмұнды хорлар бір сәтке жүрек түкпіріне тұрақтап алып, ұзақ уақыт өз әсерінен босатпайды. Бұл әлбетте театр әртістерінің ыжда­ғат­ты ізденістерінің арқасы екені сөзсіз. Басы­нан аяғына дейін поэтикалық тілде өрбитін спектакль актерлерге оңай сал­мақ салмағанын да осы тұста атап өту ма­ңызды. Өйткені көбінесе ән мен би, пластикалық әрекетке басымдық берілетін қойылымдарда жарқырай көрініп жүрген театр труппасы қазақтың қара өлең тілін игеруде де есе жібермейтінін, әрдайым шығармашылық бабында екендерін тамаша дәлелдеді.

Одан бөлек спектакльдің декорация­сы мен костюмдері де көңілге ерекше қо­нымды, қойылым атмосферасын жет­кізуде ұтымды қызмет атқарып тұр. Шы­мылдықты айнала қоршаған қып-қызыл түске боялған аспалы көпірлер мен сахна ортасындағы алып қызыл шаңырақ, жоғарыдан төмен қарай ентелеген аспалы шамға ұқсайтын бағаналар – мұның барлығы спектакль басталмай тұрып-ақ оқиғаның тұрмыстан әлдеқайда алшақ, күллі адамзаттық деңгейдегі проблемаларды қаузайтын, көтерер көркемдік қуаты әлдеқайда салмақты дүние екендігін бірден аңғартатындай. Тіпті негізгі басым­дыққа ие қызыл түс – қойылымның тра­ге­диялық күйінің хабаршысындай.

Сахнаның декорациясы соншалықты бір күрделі емес, бірақ заманның зарын дәл беріп тұр. Сол зарлы әуен, зарлы үн сарыны арқылы тойынған, есірген, көзін шел басқан, ештеңені көрмейтін меңіреу, таскерең, тасжүрек қоғамның келбеті де қойылымда жақсы ашылған. Спектакльдің өн бойында мұң да, арман да, үміт оты да бар. Қасірет табы жаныңды аяздай қариды.

Бір қызығы, сахналық жұмбақтау мен символикаға толы қойылымның сце­­но­графиясы – арнайы суретші ма­ман­­­ның емес, режиссер қиялының же­місі. Режиссер қиялын толықтырып, спек­такльдің көркемдігіне қызмет еткен кос­тюм суретшісі Алтынбек Ермұхан мен музы­каның драмалық қуатын ашқан хормейс­тер Әнел Сіргебаеваның еңбегі де көңілге айрықша құрмет орнықтырды. Оны көрермендер де ішпен сезіп, көңіл көзімен түйсініп мойындағандай. Спек­такль соңынан тарихи туындыны тамаша­лауға келген бір топ әдебиет өкілі мен қо­ғам қайраткерлерінен қойылым жайлы пікі­рін сұрап, әсерін білген едік.

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,

ақын:

– «Қылкөпір» ақын, драматург Нұрлан Оразалиннің осыдан 30 жыл бұрын жаз­ған «Қарақазан ғасыр» деген өте күрде­лі 4-5 баспа табақтық үлкен шығармасы­ның негізінде қойылып отыр. Бұл туынды, өкінішке қарай, кезінде әдеби сын тұрғысынан өзінің лайықты бағасын ал­ған жоқ. Менің ұғымымда «Қарақазан ғасыр» дастаны Нұрлан Оразалиннің не­гіз­гі шығармаларының бірі, тіпті басты шығармасы десем де болады. Себебі бұл шығарма 90-жылдары жарияланғанда жыл қорытындысында «Осы жылдың ең үздік поэтикалық шығармасы» деп ең бірінші пікірді мен айтып едім. Содан бері де ширек ғасырдан астам уақыт өте шығыпты. Кез келген туындының бағы жанатын бір уақыты болады. Бүгін «Қарақазан ғасыр­дың» сондай сәтіне куә болдық. Оқиға желісіне қарап отырсақ, Едіге қарт, Иіс кемпір, болмаса Қасым – осылардың бар­лығы ақ пен қараның ортасындағы параллель­дерден тұрады, оқиғалардың барлығы сол негізге құрылған. Оның астарына үңілу, философиялық мәнін ашу – үлкен еңбек һәм білімді және жүректі қажет етеді. Осы ерекшелікті режиссер Нұрқанат Жақыпбай жақсы түсініп, сезінген. Әрине, поэтикалық шығарма бол­ғаннан кейін мұны қабылдау өте қиын болуы да мүмкін. Бірақ Нұрқанат режиссерге тиесілі қол­таңба, жаңаша ойлау, соны сараптау, тың режиссерлік шешімдерді көріп, шығарманың ішіне соншама еніп, ерекше шабыттандым.

Қуаныш СҰЛТАНОВ,

қоғам қайраткері:

– Нұрқанат Жақыпбай – өзі жаста­йынан, тумысынан өзгеше ойлап, ерек­ше дүниетаным іздеп жүретін ізденімпаз суреткер. Өрімдей кезінен, театрға кел­ге­нінен бастап сондай қасиетімен дараланатын. Ол әркімнің қолынан келе бермейтін қасиет. Нұрқанаттың ойлау жүйесі мен тереңнен қозғайтын түйсігі, сезімі, сезінуі ерекше жігіт деп ойлаймын. Сонау Кеңес Одағының кезінде өнерге батыл келіп ара­ласып, театрдың әрбір спектаклінде өзін­ше реформа жасаймын деп түрлі тәжі­рибелерге барғанына өз басым куәмін. Жә­не бұл әсте бұрынғы қалыптасқан дәс­түрді жоққа шығару емес, Нұрқанаттікі соны дамыту, соның ашылмаған сырын шешу.

Нұртөре ЖҮСІП,

сенатор:

–Ақын Нұрлан Оразалин ағамыздың поэтикалық туындысының сахналанған нұсқасын көрдік. Театрдың өз тілі бар. Ол тіл түпнұсқадан бөлек болады. Театрдың мақсаты адамды ойландыру, толғанды­ру десек, осы талап тұрғысынан келгенде режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың қойылымы кез келген еуропалық сахнада қоятындай дәрежеде деп ойлаймын. «Қылкөпір» қойылымы арқылы суреткер тұтас бір дәуірдің, өткен ғасырдың қасіретті парақтарын көз алдымызға алып келеді. Сонымен бірге шерлі жұрттың бастан өткерген тарихи оқиғалары ке­зең-кезеңімен кестеленіп жатыр. Және оқиғаның бәрі сахнаның өз тәртібінде жүйе­леніп, Нұрлан ағамыздың жыр жолдары кәдімгі хор сияқты, яғни халықтың «Елім-айды» айтқан сарынындай сезіл­ді. Сахнадағы актерлер орындауынан сон­дай құдіретті сезіндім. Бұл – елдік жолында­ғы түрлі құрбандықтың, қиындық­тың, ауыртпалықтың қазақтың басынан өткен кезеңдері. Яғни «Қылкөпірде» өткен ғасырдың, қазақ үшін қасіретті ғасыр­дың бейнесі жақсы сахналанды деп айтуға толықтай негіз бар.