Ел тәуелсіздігімен қатар келген Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының 30 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында астана төрінде үш күн қатарынан «Алтайдан ауған ел» қойылымының премьерасы өтті. Елорда тұрғындары мен қонақтарын елең еткізген айтулы өнер оқиғасы – «қаллекиліктердің» ұлық мейрамға жасаған үлкен тартуы.
«Алтайдан ауған ел» – Халифа Алтайдың қойылым аттас кітабы мен Хасен Оралтайдың «Елім-айлап өткен өмір» шығармасының желісінде театртанушы Мирас Әбілдің сахналық нұсқасымен көрерменге жол тартты. Спектакльдің қоюшы режиссері – еліміздегі үздік режиссерлердің бірі, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Фархат Молдағали.
Қиын-қыстау кездерді бастан кеше жүріп, тағдырдың сан қилы ауыртпалығына мойымай, Алтайдан Анадолыға дейінгі азапты жол, қаралы көште қанқұйлы тағдыр кешіп, бозбала боп аттанып, Тәуелсіздік алған туған еліне ақсақал боп оралған ұлтымыздың ардақты азаматы Халифа Алтай бас кейіпкердің біріне айналған бұл қойылым қиямет қайым күндерді, зұлмат жылдарды өткерсе де, қазақ халқының адамдықтан айнымай, тектілігін жоғалтпағанын, діні мен ділін, дәстүрі мен салт санасын берік ұстанғанын сөз етеді.
Оқиға өзегіне жер-жаһанның жиырмасыншы ғасырдағы ең ауыр һәм ұзақ көші арқау болған спектакль ғасырлар бойы күресіп, азаттыққа ұмтылған ұлтымыздың еркіндік жолындағы ауыр да азапты кезеңін суреттейді. Азат басы бұғауға бағынбай, бостандық үшін шыбын жанын құрбан етіп, тізерлеп өткенше тік тұрып өлуді артық көрген жаны сірі халықтың ұлы ерлігі шын мәнінде бүгінгі ұрпақ үшін тағылым болар тарихтың қасіретті де қатпарлы парақтарының бір парасы.
– Бұл спектальдің бас кейіпкері – Көш. Бұл жай көш емес, кәдімгі бір кездегі Кеңес өкіметінің қысымына, зорлығына, әділетсіздігіне шыдамай Алтай асып намыс буған көш. Бұл жай көш емес, сонау ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған, сол еркіндікке талпынған жұрттың көші. Еркіндікке ұмтылған көш. Бодандыққа көнбеген көш. «Соған көнбейміз» деп намысын ажалынан артық тұтқан көш. Біздің буын алдымыздағы аға, баба буын мен қазіргі жастардың алдында өзімізді үлкен борышкер санаймыз. Сондықтан да өз басым осы жауапкершілікті терең сезініп, қатты тебірендім. Бұл сезім көрермендерді де бейжай қалдырмайды ғой деп ойлаймын, – дейді қойылымда бас кейіпкер Халифа Алтайдың ақсақал шағын кейіптеген, бүгінде өзі де қазақ сахнасының ақсақалына айналған Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов.
Рас, спектакльдің негізгі сюжеті де, кейіпкері де Көштің өзіне айналып кеткен. Мұнда дараланып алға шығар негізгі кейіпкер жоқ. Барлығы біртұтас өрбіп, қанды көштің қаралы күйін, қайғылы бояуын беруге қызмет еткен. Режиссер Фархат Молдағали сол мақсат негізінде қойылым түзген. Қанды көштің азап пен арпалысқа толы атмосферасын беруде әр детальға дейін ойластырылғаны көзге бірден көрінеді. Сол мақсатқа жету үшін спектакльді жетелеуші музыка мен сценографияның, жарық қоюдың да қатпарларына терең бойлап, жіті зерделенгені байқалады. Нәтижесінде, жүрегі бар пенденің жан әлемін тырнамай өтпейтін, сезімге алапат әсер етер, тіпті ішкі көңіл пернелерін бір сәтке де бейжай қалдырмай, ауыр күйге бөлейтін, сол көшке актерлермен бірге залдағы көрермендерін де ілестіріп алып кетер өнер деңгейінде тамаша атмосфера түзе алған. Бұл – сөзсіз қойылымның үлкен жетістігі.
Осы тұста, әсіресе, режиссер Фархат Молдағали мен суретші Қанат Мақсұтовтың сахна кеңістігін барынша ұтымды пайдалана алғандығын да атап өту маңызды деп санаймыз. Өйткені Алтай асып, тұзды шөл Такламакан мен Гималайдан әрі өтіп, Үндістан мен Пәкістанға жетіп, Түркияға табан тіреп тоқтайтын бас-аяғы 6 мың шақырымға созылған адамзат тарихындағы ең алыс көштің ауқымын сахнада жеткізу оңай емес. Бірақ суреткерлік шешім осының қиюын келістіріп, оңтайлы жолын тапқан. Қойылымның көркемдік шешімдері нанымды, көңілге құрмет орнықтырады.
Алтайдан Анадолыға дейін созылған бұл көштің ауқымы ғана емес, тарихы да соншалықты ауыр, қасіретті. Ал сол азапты жолдағы тауқымет тартқан тағдырлардың қасіретті жағдайын жеткізу, сондай-ақ режиссер мен драматургия негізін түзушілерге де аз жауапкершілік жүктемейді. Осы тұрғыдан келгенде жас болса да жасампаз, іргелі істерге ұмтылыс жасап жүрген талантты театртанушы Мирас Әбілдің еңбегін айрықша атап өткіміз келеді. Естелікке негізделіп жазылған деректі шығармаларды сахна тіліне аударып, көркем әрекетке құруда, драматургиялық желі түзуде, яғни сахналық нұсқасын жасауда Мирас замандасымыз табысты қадамдарға барған. Әсіресе, шымылдық ашылған сәтте әр кейіпкердің аузымен айтылып, параллельді өрбитін тағдырлар көш құрамындағы сан алуан күй мен талайлы тағдырларды таныстырады. Сол арқылы негізгі оқиғаға бойлатады.
Әйтсе де, көрермен ретінде бір ғана көңіл толмаған жайт – спектакль финалын беруде деректілікке, ақпаратқа басымдық беріп, әу бастағы көркемдік мақсатынан айырылып қалғаны. Шығармашылық құрамның Алтайдан ауған қазақтардың тағдырымен таныстырғысы келгенін, сол мақсат жолында статистиканы да сахнадан сөйлету шешімін түсінуге тырысқанымызбен, қабылдай алмадық. Өйткені көркем қойылым есеп жүргізетін немесе кейіпкердің өмірі жолын әр деталіне дейін тәптіштеп баяндайтын құрал емес. Ол – кітаптың еншісіндегі шаруа. Ал сахнаның талабы басқа. Ол есепті де, хронологияны да көтере алмайды, есесіне көркемдік шешімнің кез келгеніне зәру. Қойылымның финалында осы жағы олқы түсіп жатқандай сезілді. Соның салдарынан да спектакль не деректі шығарма емес, не көркем туынды емес, эклектикаға ұшырағандай әсерде қалдырды.
Одан бөлек спектакльде финал көп. Әрқайсысы да қажет көрінгенімен, қойылым талабын ақтамайды. Режиссер мен инсценировка авторы тарапынан осы жағы қайта қарастырылса, мүмкін қойылымның сипаты да басқа қырынан ашылып, әлі анықталмаған жанры да нақтылана түсер ме еді. Қалай десек те шығарма сахнаға шыққаннан кейін драматургияның көркемдік талаптарын да ұмытпаса деген тілек қалды көкейде.
Алайда бұл жалпы спектакльге жұмылдырылған шығармашылық құрам еңбегі мен ізденісін жоққа шығармаса керек. Тілектес Мейрамов, Қуандық Қыстықбаев, Нұркен Өтеуілов, Нартай Сауданбекұлы, Жәнібек Мұсаев, Айнұр Бермұхамедова, Сая Тоқманғалиева, Жанат Оспанов, Қобыланды Болат, Инабат Әбенова бастаған әртістер ізденісі тәнті етті. Әсіресе, сөзі аз болса да Нартай Сауданбекұлы мен Инабат Әбенова ойынындағы әке мен бала қарым-қатынасы сәтті ашылды. Көрген жанның жүрегін шымырлатпай жібермейді. Сол секілді Айнұр Бермұхамбетованың сомдаған Ана бейнесі де көңілге берік орнықты. Сайдың тасындай шебер актерлер ойыны тамаша ансамбльде тақырып ауқымы үлкен, тарих үшін қасіретті, ауыр жолды сахнада өз деңгейінде сөйлете алды. Осы үшін де Қаллеки театры ұжымын толассыз қошеметтеуге болады. Таланттар шоғырланған іргелі ұжым бұған әбден лайық.
Отыз жылдық тарихы бар Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының үш күн дүркіреп өткен театр мерейтойы аясында, сонымен қатар театрдың негізін қалаған режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Ж.Омаровтың 80 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті. «Режиссер Жақып Омаров» атты кітап пен театрдың 30 жылдығына арналған шежіреге толы фотоальбомның тұсауы кесіліп, қалың оқырманға жол тартты. Театр ішінен ашылған жәдігерге бай музейдің ашылуы да қызықты қойылыммен қатар, театр тарихымен танысқысы келетін көрермендерге тамаша тарту болғаны сөзсіз.