АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамп Бейжіңдегі 2022 жылғы қысқы Олимпиадаға бойкот жариялауға қарсы екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz
АҚШ пен кейбір мемлекеттер қысқы ойындарға дипломатиялық бойкот жариялады. Бұл елдердің саясаткерлері Қытайда болмайды, бірақ спортшылар жарыстарға қатыса алады. АҚШ-тың экс-президенті 1980 жылы американдықтар Мәскеу Олимпиадасына бойкот жариялағанын еске салды.
«Жоқ, өйткені мұны Джимми Картердің жасағанын көрдім және бұл өте қорқынышты болды. Бұл спортшыларға үлкен соққы болды. Біз әлдеқайда күшті шаралар қабылдай аламыз. Мен АҚШ-тың қатысуын көргім келеді. Менің ойымша, біздің спортшылар барлық «алтын», «күміс» және «қоланы» жеңіп алады», деді Дональд Трамп.
7 желтоқсанда АҚШ Бейжіңдегі 2022 Олимпиадасына дипломатиялық бойкот жариялағаны белгілі болды.
8 желтоқсанда дипломатиялық бойкотқа Ұлыбритания да қосылды. Кейінірек Канада Бейжің Олимпиадасына бойкот жариялауға шешім қабылдады.
Айта кетсек, Бейжіңдегі қысқы Олимпиада 2022 жылдың 4-20 ақпан аралығында өтеді.