Біріккен Ұлттар Ұйымының таяуда өткен Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясында (COP26) Үндістан нағыз қаскөй ретінде әсер етті. Іс-шараға жиналғандар ел астанасы Нью-Делиді улы түтін басып қалған кезеңде Үндістан билігінің көмір тұтынуды қысқартуға қарсылық көрсеткенін сынға алды. Глазгода тағылатын басты кінә – ақырғы сәтте Қытайға қосылып, конференцияның қорытынды декларациясын соңғы минутта өзгертуді талап етуі. Құжатқа елдер көмірден мүлдем бас тарту емес, кезең-кезеңімен азайту жөнінде өзгеріс енгізілді. Жан басына шаққандағы көмірқышқыл газы шығарылымы әлемдегі жетекші елдерге қарағанда анағұрлым аз Үндістан климаттың өзгеруіне қарсы жаһандық күреске кедергі келтіргені үшін кеңінен сынға ұшырады.
Бір қызығы, Үндістан планетамыздағы парникті газдар әсерін көбейтуге Қытайға немесе дамыған Батысқа қарағанда әлдеқайда аз әсерін тигізді. Рас, Үндістан көмірдің негізгі тұтынушысы саналады. Елдегі энергияның 70 пайызы содан алынады. Бірақ 2015 жылдың өзінде-ақ Үндістан халқының кем дегенде төрттен бірі дамыған әлем тұрғындары үшін қалыпты жағдайға қол жеткізбеген, яғни қабырғаны түртіп жарық жағып, түн мезгілінде жарықта шомыла алмайды.
Ең сорақысы, үндістандықтар климат өзгеруінің ең үлкен құрбандарының бірі. Ластанған ауаға тұншығудан басқа, жиі-жиі болатын жойқын су тасқыны мен мезгілсіз құрғақшылыққа тап келеді. Дели өте төмен ауа сапасының үлгісі. Мұнда жылдың көп бөлігінде ауа сапасы «ауыр» және «қауіпті» деңгейінде тұрады. Ахуалдың бұлай күрделенуіне көмір жағатын электр стансаларынан бөлінетін PM2.5 бөлшектері, қаптаған көліктің түтіндері, өнеркәсіптік ластану және көрші штаттардағы фермерлердің егін сабандарын жағуы – бәрі-бәрі бірігіп, қысқы тұманға қосылады.
Үндістанның дамушы әлемдегі жетекші мемлекет ретіндегі дәстүрлі рөлін ескерсек, COP26 конференциясында соңғы сәттегі өзгерісте көзге түсіп қалды. Көмірді тұтынуға қатысты «кезең-кезеңімен азайту» тұжырымы конференция барысында қол қойылған АҚШ-Қытай арасындағы екіжақты климаттық келісімде қолданылған еді. Соған қарамастан Үндістан жаһандық сынға ұшырады.
Үндістан мұншалықты мүйіздеуге лайық емес. Біріншіден, аталған елді әлем халқының 17 пайызы мекендейді. Бірақ жаһандық CO2 шығарылымының 7 пайызы ғана тиесілі. (Әлем халқының 18,5 пайызын құрайтын Қытайдан шығатын парникті газдар 27 пайызға тең. Ал әлем халқының 5 пайызы мекендеген АҚШ-та бұл көрсеткіш 15 пайызды құрайды). Батыста тұтынушылар ысырапшылыққа жол береді, энергияны мөлшерден тыс қолданады. Ал Үндістан халқының көпшілігі күнкөріс деңгейінде жүр. Көпшілігінде электр энергиясы мүлдем жоқ. Үндістан қазіргі таңда бақуатты елдер қойған мақсатқа оңай қол жеткізеді деп күту әділетсіз және бұл өте қиын шаруа.
Миллиондаған үндістандықты кедейліктен құтқаруға қажетті экономикалық даму мол энергияны қажет етеді. Көмір ластаушы болуы мүмкін, бірақ кез келген дамушы мемлекет үшін кең көлемде экологиялық таза баламаларға тез ауысу мүмкін емес.
Оның үстіне, үлкен қаржылық ресурстарға және табиғи газ секілді таза қазба отынға иелік еткеніне қарамастан, Батыс елдері Үндістанға көмектесуге аса құлықты емес. Үндістан қазіргі таңда газды импорттап отыр. Олар кедей мемлекеттерге климаттың жылынуы әсерімен күресуге қаржы бөлу туралы уәдесін орындай алған жоқ. (Әсіресе 2009 жылы Копенгагенде өткен COP15 конференциясында бақуатты елдер жылына 100 миллиард доллар беріп отыруға келіскенін де ұмытты). Озық жасыл технологияларды беруден бас тартты. COP26 жиынында Батыста кең көлемде қолданылатын мұнай мен газ емес, дамушы елдер пайдаланатын көмірді ерекше атап көрсетті.
Үндістанның энергияға қажеттілігі алдағы жиырма жылда кез келген елге қарағанда тезірек өсе бермек. 2015 жылы Парижде өткен COP21 конференциясынан бері Үндістан жаңартылатын энергияны өндіру мен пайдалануды кеңейтудің тың жоспарларын жариялады. Қазіргі таңда таза энергия электр қуатының тек 18 пайызын құрайды. COP26 жиынында Үндістан 2070 жылға қарай парникті газдар шығарылымын мүлдем жойып, көмірді кезең-кезеңімен азайтуға уәде берді.
Үндістан сондай-ақ 2030 жылға дейін орындауы тиіс ұлттық деңгейге де өзгерістер енгізді. Осылайша жаңартылатын энергия көздерінің қуатын 500 гигаватқа дейін ұлғайтып, энергия қажеттілігінің 50 пайызын қазба отыннан басқа көздерден алуға уәде беріп отыр. Сонымен қатар Үндістан СО2 шығарылымын бір миллиард тоннаға қысқартуды және оның қарқынын 2005 жылғы деңгейден 45 пайызға төмендетуді мақсат етуде.
Әзірге көмірге өміршең балама табылмай тұр. Күн сәулесі мол Үндістан күн энергиясына ерекше ықылас танытады. Осыған байланысты 2022 жылға қарай шатырларға күн батереяларын көптеп орнатып, 40 ГВт тоқ өндіруді жоспарлап отыр. Бірақ бүгінге дейін бұл мақсаттың 20 пайызына ғана қол жеткізді. Күн сәулесінен бірден көп мөлшерде тоқ өндіру өте қиын шаруа. Оған қоса, Үндістанда күн батереялары өте қымбат әрі жасыл сутегі технологиясы қолжетімді емес. Жел энергиясының үлесі өте аз. Елде мұнай мен газдың айтарлықтай қоры жоқ. Атом энергиясы Үндістандағы электр энергиясының 2 пайызына да жетпейді. Әрі атом стансаларын салу туралы бастама тұрғындардың қарсылығына тап болады.
Нәтижесінде, Үндістанның парниктік газдар шығарылымы алдағы уақытта нашарлайды, содан кейін ғана жақсарады. BP зерттеуіне сәйкес, Үндістанның жаһандық шығарылымының үлесі 2040 жылға қарай 14 пайызға дейін артады. Сол кезде көмір өндірісі елдегі негізгі энергия тұтынуының 48 пайызын, ал жаңартылатын энергия тек 16 пайызын құрайды. Үндістан халқының үштен екісі ауыл шаруашылығына және ірі қараға тәуелді болғандықтан, ел метан шығарылымын азайту туралы COP26-да жарияланған жаһандық келісімге қол қойған жоқ.
Әрине, шығарылымды азайту климаттың өзгеруімен күресудің жалғыз жолы емес. Үндістан жер аумағының үштен бір бөлігін орман жамылғысымен қамтуды және 2030 жылға қарай қосымша 2,5-3 миллиард тонна көмірқышқыл газын сіңіру үшін жеткілікті ағаш отырғызуды жоспарлап отыр. 2001 және 2019 жылдар аралығында орман жамылғысы 5,2 пайызға өсті, бірақ прогресс біркелкі емес. Солтүстік-шығыста орман азайса, оңтүстікте аздаған ілгерілеу бар.
Дегенмен Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық топ 2050 жылға қарай парникті газдарды мүлдем азайтуға қол жеткізу жаһандық жылынуды өнеркәсіпке дейінгі деңгейден 1,5 градуста ұстауға қажет екенін айтады. Climate Action Tracker зерделеген әлем елдерінің 2030 жылға дейінгі климаттық мақсаттарына сүйенсек, әлем температурасы 2100 жылға қарай 2,4ºC-қа көтеріледі. Кейбір ғалымдар жаһандық жылыну ақырында 4ºC-тан асуы мүмкін екенін айтады.
Егер жағдай осылай өрбісе, нәтижесінде аптап ыстық, құрғақшылық, су тасқыны және теңіз деңгейінің көтерілуі адам өміріне зор зардабын тигізеді. Жануарлар мен өсімдіктер түрлерінің жаппай жойылып кетуіне әкеліп соқтырады және экожүйеге зиян келтіреді. Үндістан мұндай апаттың негізгі құрбаны болар еді. Сондықтан ел климаттық апаттың алдын алуға көмектесу үшін бар күш-жігерін салады. Бірақ өз мүмкіндігінен артық орындай алмайды.
Шаши ТАРУР,
БҰҰ Бас хатшысының бұрынғы орынбасары және Үндістанның сыртқы істер жөніндегі мемлекеттік министрі және адам ресурстарын дамыту жөніндегі мемлекеттік министрі қызметін атқарған, Үндістан ұлттық конгресінің депутаты