• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 21 Желтоқсан, 2021

Бөгенбай батыр дулығасы

1166 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-тарихи музей қорына атақты қолбасшы қанжығалы қарт Бөгенбай батыр дулығасын салтанатты түрде табыстау іс-шарасы өтті.

Тарихи деректерде халық батыры Бөгенбай Ақшаұлы 1680 жылы туып, 1778 жылы (кей­бір деректерде 1775 жыл) дүние­ден өткені жайлы айтылады. Филолог ғалым Серік Н­егимов: «Бөгенбай өз өмірінде 103 дүр­кін ірілі-ұсақты шай­қасқа қатысқан», дейді. Кей­бірін атап өтер болсақ, 1708 жылғы Еділ – Жайық жо­ры­ғы, 1710 жылғы Қарақұм құ­рылтайы, 1729 жылғы Бұланты – Бөлен­ті шайқасы, 1730 жылғы Аңы­рақай майданы, 1733 жылғы Ерейментауда болған жоңғар тайшысы Уас-Серен жорығы, 1758 жылғы Талқы – Құлжа май­даны, т.б.

 Сол сияқты, алашшыл ақын Мағжан Жұмабаевтың «Ашуы жауған қардай, шөккен нардай, Қарт қыран қанжығалы қарт Бөгенбай» деуі батырдың ерлік тұлғасын әйгілеп тұрса, атақты Бұқар жырау: «Қиядан қиқу тө­гілсе, Аттың басын тартпаған, Қисапсыз қол көрінсе, Қорқып жаудан қайтпаған», деп Бөкеңе ерекше баға береді.

Ал бүгінгі Әскери-тарихи музейге тапсырылып отырған құн­ды жәдігерге тоқталсақ, бұл бұйым бұған дейін Ақмола об­лысы, Ерейментау ауданы, Мал­табар ауылының тұрғыны ба­тырдың тікелей ұрпағы Жа­бай Батырқожаұлының үйін­де сақталып келген. Бұл жігіт­тің айтуына қарағанда, атасы Кенжәлі Кеңес өкіметі ке­­зінде ұрпақтарына «ба­тыр­дың дулығасын үйден шығармаңдар, ол туралы еш­кімге айтпаңдар» деп қатаң ес­кертіп, болашақ ұрпаққа аман жеткізуді тапсырған көрінеді. Бұл әулетте Бөгенбай батырдың дулығасымен бірге сауыты да болыпты. Бірақ уақыт өте ке­ле шынжыр бұйым тоттанып шіріп кеткен соң, оның қалдықтарын ырымдап елге таратып берген екен. Бұлардан басқа Бөкеңнің айбалтасы мен кісе белдігі Алматы тұрғыны Әлихан Барлыбаевтың отбасында сақталса, үзеңгісі, төсі, тескіші мен ұңғыруы аудандық тарихи-өлкетану музейіне тұр.

Батыр атамыздың дулы­ғасын кәсіби тұрғыдан зерттеген қарутанушы, этнограф, суретші, шебер реставратор Қалиолла Ахметжанның қо­ры­тындысында: жәдігер болат темірден тұтас құйылып жа­­салған, формасы жартылай шең­берлі, диаметрі – 20,5х22 см, шошақ ұшына дейінгі биік­тігі – 15,5 см, төбе ша­ша­ғының түбіне дейінгі биік­тігі – 12 см. Дулығаның төбе шашағы жеке жасалып, тө­бесіне төрт жа­ғынан шегемен бекітілген. Төбе шашақтың биіктігі – 3,5 см. Дулығаның алдыңғы ернеуінің ені – 1,5 см, ұзындығы 8 см мыстан жасалып, жапырақты ою шекітілген жапсырма орна­ласқан. «Бұл оюлы жапсырма металь ду­лығаны айнала қоршап тұрған. Кейін белгісіз себептермен алынып тасталған немесе адамдар тәбәрік ретінде қиып алған болуы да мүмкін», дейді Қалиолла Саматұлы.

Рәсімді қорытындылаған музей басшысы Нұртаза Әсілов, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық ме­­рейтойы қарсаңында ұлт та­ри­хында өшпес ізі қалған халық батыры Бөгенбайдың ду­­лығасы экспозиция төрінен орын алуы – үлкен жаңалық. Со­нымен қатар бұл бұйым келер ұр­пақтың тарихи санасын жаң­ғырту ісіне заттық айғақ ретінде қызмет ететін болады деді.