• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тәуелсіздік 22 Желтоқсан, 2021

Тебіренбей оқу мүмкін емес...

534 рет
көрсетілді

Елбасының «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласын тебіренбей, толқымай оқу мүмкін емес. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық ұлық мерекесінің қарсаңында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің өткен тарихы мен талайлы тағдырына оймен оралып, өз басынан өткерген небір қиындықтарды, олардың шешілу жолдарын анық та айқын жайып салыпты.

Бұл мақаланы бүгінгі қоғам­да өмір сүріп жатқан әрбір азамат оқып, бостандықтың баға­сын терең түсінеді деп ойлаймын. Біздің бір ғана еліміз бар. Ол – тәуелсіз Қазақ­станымыз! Хал­қы­мыз дәл бүгінгі күндерде бұ­рын-соңды болмаған жаңа­лық­­тардың куәсі болып, ең бақыт­ты күндерін бастан кешіп жатқан­дығын түсінуге тиіс. Шын­дығында қазақ халқы қаншама қиындықтарды бас­тан кешірді. Тіпті алысқа бар­май-ақ, өткен жиырмасыншы ғасырдың өзінде еліміз не көрмеді. Жұбан ақын жыр­лағандай: «Мың өліп, мың тіріл­ген қазақпыз» ғой!.

Елбасы өз мақаласында өт­кен ғасырда қазақ бастан кеш­кен қиындықтарды былай­ша ой елегінен өткізеді: «Мен мил­лиондаған адамды қанға бөк­тірген, қисапсыз мол қиын­дықтардан тұратын XX ғасыр­дың ортасында дүниеге кел­дім. Бірінші дүниежүзілік со­ғыс­қа қазақтар қатыспаса да, пат­шаның 1916 жылғы маусым жарлығымен тыл жұмысы үшін әскерге шақырылды. Отар­шыл өкіметтің өктемдігі мен зұлым­дығы халықты ашындырып, төзімін тауысты. Сол кездегі Жетіс­у өлкесінің Қарқара, Қастек, Самсы өңірінде болған ұлт-азат­тық көтерілістерге менің ата-ба­ба­ларым да қатысты.

Бұдан кейінгі қазақ даласын қанға бөктірген Азамат соғысы да халқымызға қисап­с­ыз мол қасірет әкелді. Ашар­шылықтың екі бірдей толқыны – 1921-1922 жыл мен 1930-1932 жылдардағы сұрқия саясат салдарынан орнаған зұлмат кезінде қазақтың тең жартысы қырылды. Ел есін енді жинай бастаған отызыншы жылдар соңында сталиндік қанды репрессия ұлтымыздың сүт бетіне шығар қаймақтарын жалмап кетті, сонымен бірге қатардағы қарапайым азаматтар да қанды қасаптан аман қалмады». Одан әрі қанды қасап – соғыс, соғыстан кейінгі ел еңсесін езген ауыр жылдар, Қазақстанға қаншама проблемаларын ала келген тың игеру жылдары, бәрі-бәрі күні кеше халқымыз төтеп берген қиындықтар мен қорғасындай ауыр күндерді еске түсіреді.

Ал бейбіт заманда жарылыстан көз ашпаған даламыз бен Семей ядролық полигонында жасалған сынақтардың жазықсыз құрбаны болғандар­дың обалы кімге? Мен өзім де сол полигон аумағына жақын аймақта дүние есігін аштым.Біздің ша­ңы­рақта дүниеге келген 9 бала­ның үлкені мен және екі қарын­дасым іштен жарымжан болып тудық. Менің бір аяғым ту­ғаннан радиация әсерінен кем болды. Менен кейінгі қарындасым Гүлмира екі аяғы іштен туғанда шығып туып, өмір-бақи отадан көз жазбай, полигон қасіретін тартып ке­ле­ді. Кенже қарындасым Ай­жан да полигонның құрбаны бо­лып, кішкентайынан омырт­қасы қисайып, ақыры өткен жылы небәрі 40 жасында өмірден озды. Әкем Өміржан елі үшін күндіз-түні адал еңбек етіп, 73 жасында обыр дертінен қиналып, көз жұмды. Мен өз басымнан өткен осы шындықтарды жайып салуыма Елбасының ақиқатын айтқан мақаласындағы мына ойлары түрткі болды: «Жер дегеннен шығады. Кеңес Одағы тұсын­да қазақтың ұлан-байтақ жері­нің әр тұсы жантүршігерлік атом жарылыстары жасалған түр­лі әскери полигондар мен база­ларға, зертханаларға айнал­ды. Тек бір ғана Семей полигонында 456 ядролық, тер­моядролық жарылыс жасал­ды. Оның 116-сы ашық атмос­фера­да жарылып, халқы­мызға ора­сан зор зиянды зар­дап­тар әкелді. Қазақстан ғалым­дары­ның есебінше, Семей полиго­нында жарылған атом бом­ба­сының жал­пы қуаты Хиро­си­маға тас­талған бомбадан екі жа­рым мың есе артық екен. Мен осы тажал полигонын 1991 жыл­дың 29 тамызында жаптым».

Құдайға тәубе, тәуелсіз елі­міздің 30 жылдығын тойлау­ға жетіп отырмыз. Өзге ел­дермен тереземіз тең, керегеміз кең қуат­ты мемлекетке айналдық.Тұң­ғыш Президентіміздің сара сая­сатының арқасында, ше­кара­мыз шегенделген, төл тең­геміз айналымға енген, жаңа астан­амыз – Нұр-Сұлтан шаһа­ры әлем картасынан ойып тұрып орын алған, ынтымағы, бірліг­і жарасқан ел ретінде таны­лып отырмыз. Ғылым мен мәде­ниеті­міз, әдебиетіміз бен өнері­міз жер дүниеге таныла бастады. Сондықтан Елбасы­мыз­ға құдай қуат берсін, еліміз аман, жұрты­мыз тыныш болып, мем­лекетіміз гүлдене берсін!

 

Бауыржан ЖАҚЫП,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ҰҒА корреспондент-мүшесі