Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығы – тарихпен тамырлас, бүгінгі өмір талабымен үндесіп отыр. Қоғамның әрбір саласына мән беріп, жаңа замандағы Қазақстанның алдында тұрған сын-қатерлерін айқындаған маңызды саяси-сараптамалық қағидаттың бәрімізге де қатысы бар.
Бірінші тұғыр ол – тәуелсіздік. Кез келген азамат үшін ең қастерлі құндылық. Ел еңсесін тіктеген егемендіктің біз үшін маңызы ерекше. Елбасы бұл қастерлі түсінікті тәуелсіздік алған жылдардан бері санамызға сіңіруде. Өскелең ұрпақ үшін тәуелсіздік тарихи құндылық, ел ертеңіне деген сенім, алға жоспарлаған болашағына бағыт беретін ең маңызды мәселе болуына күш жұмсауымыз керек. Ол үшін ел болып бірігіп, еңбек ету маңызды деп ой салады Елбасы. Екіншісі – бірлік пен келісім – елдігіміздің мызғымас тұғыры. Көпэтносты Қазақстан халқы үшін бұл тұғыр этносаралық, конфессияаралық татулықты сақтап қалу мәселесі сынды маңызды болмақ. Елбасы егемендік алған жылдардан бері Қазақстан халқы Ассамблеясының маңыздылығын ескертіп, халықтар достығының мызғымас символы ретінде жыл сайын елімізде түрлі халықаралық шараларды ұйымдастыруды назардан тыс қалдырмайды. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Үшінші тұғыр – жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы. Жер мәселесі қазақ халқына болмысынан берілген, қанымен сіңіп, бойына біткен ерекше маңызды мәселе. Жері мен елі үшін өмірін қиып, ғұмырын арнаған ата-бабаларымыздың аманатын арқалап, өскелең ұрпаққа осы ұлан-ғайыр атырабымызды мирас ету біздің ортақ міндетіміз екенін тағы бір мәрте еске түсіреді. Төртінші тұғыр – отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі. Елбасы: «Отбасы – ұрпақ тәрбиесінің ұстаханасы, қоғамдық қатынастардың бастауы саналатын бірегей институт» деп бүгінгі қоғамда жанұяның маңыздылығы мен рөлін тағы бір мәрте ерекшелейді. Адам санасы азғындаған жаңа заманда жас отбасылар арасында белең алған келеңсіз жағдайлар, ажырасу, бір жынысты неке, толық емес отбасылар, жетім балалардың көбеюі мәселелері дәл осы отбасы институтына елімізде жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбейтіндігінің көрсеткіші. Бұл мәселе ел көлемінде назарға алынып, шешілуіне ықпал ету үшін Елбасы өзі бастап отбасының маңыздылығын айқындап беріп отыр. Бұл – игіліктің нышаны. Бесінші тұғыр – ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі. Бүгінгі күні жаһандық бәсекеге қабілетті болу үшін бірегей ұлттық мінез, асқақ рух керек дейді Нұрсұлтан Әбішұлы. Шынымен-ақ, елдіктің тұтқасы – ұлттық мұра, тіл мен мәдениет, салт-дәстүр мен әдебиет. Ұлт мәдениетін қажетті деңгейде дамытпайынша, рухани құндылықтарымыздың мәртебесі ешқашан биіктемейді. Елбасы назар аударған Ұлттық мәдениет саласын дамыту арқылы ғана біз басқа халықтарды өнер құдіретімен, ғылыми ізденіспен мойындата аламыз. Алтыншы тұғыр – білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті. Табыстың кілті үздіксіз білім алу мен тынымсыз еңбек етуде дейді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу жолында білім мен ғылымды дамытудың мемлекет үшін маңызы мол. Жетіншісі – прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі. Прагматизм принциптері барынша қанағатшыл, үнемшіл, ұстамды болып, уақытты орынды пайдалануға талпынуды көздейді. Елбасы бұл принциптер жастарды төзімділікке тәрбиелеп, жаңа заман талабына сай дамуына мүмкіндік беретін қабілет деп санайтынын айтады.
Жалпы, Нұрсұлтан Әбішұлы «Елдіктің жеті тұғыры» атты жаңа қағидасымен барша қазақстандықтардың рухын қайрап, еңсемізді тіктеп, бұдан да биік асуларға жету үшін және тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы жолында тынбай жұмыс істеуге шақырды.
Гүлнар ТОЙЛЫБАЕВА,
Nur Otan партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші
орынбасары, депутаттық фракция жетекшісі