• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 22 Желтоқсан, 2021

Әлемде коронавирустан өлім деңгейі 9 пайыз қысқарды - ДДҰ

244 рет
көрсетілді

Өткен аптаның ішінде әлем бойынша 4,1 млн астам адам коронавирус жұқтырып, 44 мыңнан астамы қайтыс болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) таратқан мәліметке сай, вирус жұқтыру жаңа оқиғаларының саны алдыңғы аптамен салыстырғанда 2 пайыз, ал одан болған өлім оқиғалары – 9 пайыз қысқарды, деп хабарлайды Egemen.kz.

ДДҰ-ның апта сайынғы эпидемиологиялық бюллетенінде келтірілген статистикалық мәлімет бойынша, 13-19 желтоқсан аралығында қауіпті вирус жұқтырған 4 177 622 адам анықталып, 44 616 өлім оқиғасы тіркелді. Бұл алдыңғы аптаға қарағанда тиісінше 2 және 9 пайыз аз.

Сонымен бірге, Африкада коронавирус жұқтырудың (53 пайыз) және одан болған өлім оқиғалары санының (15 пайыз) айтарлықтай өсімі тіркелді. Африкадан басқа, ауру жұқтыру деңгейі Батыс-Тынық мұхиты аймағында да өскен (12 пайыз).

Қауіпті вируске шалдығу оқиғаларының 63 пайызы Еуропада тіркелген, ал одан болған өлім оқиғалары 60 пайызды құрап отыр. Сонымен бірге, онда ауру жұқтыру деңгейі 3 пайыз, ал өлім-жітім деңгейі – 7 пайызға қысқарған. Америкада коронавирус жұқтыру жаңа оқиғаларының саны 10 пайыз, ал Оңтүстік-Шығыс және Шығыс Жерорта теңізі аймағында – 12 пайыз қысқарды.