Елімізде дизель отынының тапшылығы шешімін тауып, нарықта жағдай тұрақталды. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Биыл мұнай өнімдерінің негізгі түрлері бойынша 4,7 млн тонна бензин, 4,8 млн тонна дизель отыны, 2,4 млн тонна мазут, битум 933 мың тонна және 600 мың тонна авиакеросин өндірілді. Өздеріңіз білетіндей, биыл тамыздан қазанға дейін жанар-жағармай нарығында дизель отынының тапшылығы байқалды.
Ішкі нарықты дизель отынымен қамтамасыз ету үшін мынадай шаралар қабылданды. Біріншіден, автомобиль көлігімен мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салынды, екіншіден, Атырау мұнай өндеу зауытының жоспарлы жөндеу жұмысы 2022 жылға ауыстырылды», деді М. Мырзағалиев Үкімет отырысында жасаған баяндамасында.
Оның айтуынша, биыл елімізде мұнай өнімдерін өндіру 13,1 млн тоннаға жетті.
«Сондай-ақ, дизель тапшылығымен күресу мақсатында Павлодар мұнай өндеу зауытының жөндеу жұмысы биылғы жылдың қыркүйек айынан қарашаға шегерілді. Одан бөлек, Ресей Федерациясының мұнай өңдеу зауыттарынан 281 мың тонна дизель отыны импортталды. Осы аталған жедел шаралар арқасында елдегі дизель отыны нарығында жағдай тұрақталды», дейді ол.