Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Ońtústik» телеарнасының тікелей эфирінде 9 айда атқарылған істерді қорытындылап, қала тұрғындарының өзекті сауалдарына жауап берді, деп жазады Egemen.kz.
Жыл сайын шаһар басшысының қатысумен ұйымдастыралатын «Әкім сағаты» бағдарламасы арқылы тікелей сауал жолдауға болатыны туралы көрермендерге алдын ала хабарланған болатын. Арнайы Call орталық құрылып, арнаның ресми сайты мен әлеуметтік желілерде парақшалар арқылы сұрақтар қабылданды.
Мұрат Әйтенов бағдарлама барысында Шымкент қаласындағы өндірістік, экономикалық өсімге тоқталды.
«Қаламызда өнімді өңдеп шығаратын 71 ірі және орташа кәсіпорын бар. Аталған кәсіпорындар қаланың дамуына өз үлесін қосып отыр. Биылғы жылдың 9 айында 71 өндірістік орны 484 млрд теңгені игерді», деді қала әкімі.
Тұрғындар тарапынан жолданған сұрақтардың басым бөлігі денсаулық, шалғай елді мекендердегі инфрақұрылым, транспорт және құрылыс саласына қатысты болды.
Сонымен қатар қала әкімі әлеуметтік желі мен Call орталыққа келіп түскен сұрақтарға ретімен жауап берді.