«Отбасы банк» АҚ Басқарма Төрайымы Ләззат Ибрагимова ОКҚ брифингінде зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға рұқсат етілгеннен кейін қазақстандықтар қандай тұрғын үйді сатып ала алатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ләззат Ибрагимова 2021 жылы жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату бойынша мәмілелер саны 2020 жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда айтарлықтай өскенін хабарлады.
«Бүгінгі таңда 179192 мәміле ипотекасыз жүзеге асырылды, яғни, бұл тұрғын үйді толық сатып алу дегенді білдіреді. Зейнетақы жинақтарын пайдалана отырып тұрғын үй сатып алу бойынша ең ірі мәміле 162,4 млн теңге сомасында болды, яғни бұл премиум-класты тұрғын үй. Ал бұл сегменттегі ең кіші мәміле шамамен 1 млн теңге сомасына өтті, мүмкін бұл ауылдық жерде жүргізілген мәміле болған шығар», деді Ләззат Ибрагимова.
Сонымен қатар ол жылжымайтын мүлік бағасының өсуі тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде байқалғанын және оған зейнетақы жинақтарын пайдалану мүмкіндігі ғана әсер етеді деп айтуға болмайтынын атап өтті.
Оның айтуынша, бағаға инфляциялық үдерістер мен құрылыс материалдарының қымбаттауы да әсер етеді.