Индер ауданында жаңа цех жұмысын бастады. Мұнда тәулігіне құрылыс индустриясына арналған 70 тонна құрғақ қоспалар шығарылады. Оның ішінде сылақ пен жарықты бітеу үшін, еденге пайдаланылатын гипс пен желім секілді 9 түрлі құрғақ қоспа бар.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қаныш Мәмбетовтің айтуынша, жаңа цех нарықты сапалы тауарлармен қамтып қана қоймай, жергілікті тұрғындарға жаңа жұмыс орындарын ұсынады. Қазір аталған цехқа 20 жас маман жұмысқа орналасты.
– Жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастыру – әр деңгейдегі әкімдіктердің басты міндетінің бірі. Жаңа цехтың басшыларының жастарға жұмыс орындарын ұсынып, бұл бастаманы қолдағаны қуантады. Атырау облысында құрғақ қоспаларды шығаратын жалғыз цех жобасының құны 250 млн теңгені құрайды, – деді Қаныш Мәмбетов.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа цехты іске қосқан «ИСИ Гипс Индер» ЖШС-ның негізін 27 жастағы жас кәсіпкер Дархан Төребеков қалаған. Оның айтуынша, цехтың жылдық қуаты – 10 мың тонна. Құрғақ қоспалар 25 килолық қағаз қапқа салынады. Сапасы Қазақстандағы осындай өнім шығаратын танымал брендтер мен ресейлік өндірушілердің тауарынан кем түспейді. Ал бағасы нарықтағыдан 30 пайызға төмен.
– Бізде құрылыста кеңінен қолданылатын құрғақ қоспалардың барлық түрі шығарылады. Жалпы, бұл өндіріс 2017 жылы іске қосылған еді. Бірақ толық қуатында жұмыс істемеді. Жақында қажетті қондырғыны сатып алдық. Содан кейін жұмыс жанданды. Қазір JM-капитал, SDN Construction, B+ секілді ірі құрылыс компанияларымен әріптестік байланыс орнаттық. Болашақта жұмысшылар санын 50-ге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Д.Төребеков.
Атырау облысы